Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Төлен ӘБДІК: Әдебиеттің негізгі объектісі – адам

29 мая 2020 16:00 • 708 просмотров

Қоғамның дерті қалың бұқарадан бұрын ең әуелі жазушының жүрегіне батады. Сол күй шығармаларында сыр болып төгіледі. Себебі бұл кісілер парасат майданын әу бастан-ақ таңдап алған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдікпен өрбіген ашық әңгімеміз осы ойымызға дәлел.

– Тәуелсіз қазақ қоғамында жү­рер парасат майданының басты мис­сиясы не болу керек, сіздіңше? Қазақ неге зәру?

– Кез келген адам өзінің тү­сі­нігі бойынша әрекет жасайды. Яғни, адамның істеген ісі оның дүниетанымымен, санасымен тікелей бай­ланысты. Бүгінгі қазақтың да үлкен проблемасы оның санасында жа­тыр деп ойлаймын.

Кешегі Кеңес өкіметі мейлінше идеоло­гия­ланған мемлекет еді ғой. Халықтың санасын улады, жалған ұғым, жалған сенімдерді қалыптастырды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, сол санадан әлі арылып бола алмай жатырмыз. Зиялы қауымның ішінде көзі ашық деген азаматтардың арасында да әлі сол кеңес заманында өмір сүріп жүргендей ой ойлап, пікір таратып жүргендер баршылық. Тіпті тәуелсіздікті әлі мойындағысы келмей жүргендер де бар.

Олардың көбі кезінде советтік номенклатурада болып, жоғары қызметтерде істеп, заманның қызығын молынан көргендер немесе солардың ұрпақтары, коммунистік идеяға қатты сенгендер, орысша тәр­биеленіп, өз топырағынан ай­ры­лып қалғандар т.с.с. Әлі күнге дейін Ресейдің насихатынан шыға алмай (өйткені таңертеңнен кешке дейін тыңдайтынымыз солардың телеарналары, оқитынымыз солардың газеттері), соларша Американы жамандап, Еуропаны жамандап (бұлар біздің жерімізге көз алартып отырғандай, немесе тіліміздің мемлекеттік тіл болуына кедергі жасап жатқандай), демократияны жоққа шығарып (бұрын жалған демократияны желеу етіп отырған мемлекеттерді сынаушы едік, енді демократияның өзін сынауға көштік, бізді құртып отырған сол екен), ел үшін жандарын құрбандыққа шалған Алаштың азаматтарының өздерін аса жоғары көтермей, шамалап қана мақтап, кезінде большевиктердің сойылын соққандарды әлі күнге дейін көкке көтеріп ұлықтауымызды қоймай – мінеки, осылай өмір сүріп жатырмыз.