Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қоныс тойы көбеймек

11 июня 2020 12:30 • 663 просмотров

Биыл облыста 3 мыңнан артық отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады. Осы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы қорытынды бойынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 6 578 млн теңгеге шақ келді.

Осы кезеңде құрылысқа жұмсалған инвестициялар көлемі 6 948 млн теңгеге жеткен. Ал 1 наурыздағы мағлұмат пайдалануға 841 пәтер қабылданғанын көрсетеді. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен таразылай айтқанда, 242 пәтерге артық. Пайдалануға даяр күйінде тапсырылған баспаналардың 84-і – жалдамалы пәтер, 234-і – кредиттік пәтер. Ал коммерциялық тұрғын үйлер саны – 378 және 145-і – жеке тұрғын үй.

Биыл 4 елді мекенде жалға берілетін тұрғын үй құрылысы аяқталады. Нақтылап айтқанда, Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында 468 пәтерлі 4 тұрғын үйдің және Рудный қаласында 50 пәтерлі, Лисаков қаласында 60 пәтерлі, Федоров ауданында 24 пәтерлі бір-бір үй халық тұтынысына берілмек.

Мұның сыртында, Қостанайда тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы иесін табатын баспаналар құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. «Юбилейный» шағын ауданында жыл соңына дейін тағы да 120 пәтерлі 2 үй қоныстануға беріледі. Оның сыртында, «Әуежай» шағын ауданында осы секілді ұзын саны 324 пәтерге жететін төрт бірдей баспанада қоныс тойы тойланбақ.

Сондай-ақ, осы жылы Қостанай қаласында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 7 үйдің құрылысына 2 млрд теңге бағытталды. Амангелді, Денисов, Жітіқара, Меңдіқара және Наурызым аудандарына тағы 1,2 млрд теңге бөлінді. Бес ауданда 5 көппәтерлі үй қайта жаңартылады. Олардың бәрі көпбалалы отбасына арналған.

«Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 108 пәтер сатып алынды. Бұл мақсатта 900 млн теңге қарастырылды. Оның ішінде 840 млн теңге Қостанай қаласының еншісінде. «Нұрлы жер» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында аз қамтылған отбасылар несиелік үйде тұруға мүмкіндік алады. Қазірдің өзінде 1,5 млрд теңгеге 219 өтінім түсті. Барлық өтінім мақұлданды», -дейді Қостанай облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Қазіргі уақытта 36 көпбалалы және мүгедек баласы бар 28 отбасы пәтер кілтіне ие болды.