Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Талапқа бағынбаған жауапқа тартылады

15 июня 2020 11:00 • 516 просмотров

Қазақстан төңірегінде төтенше жағдайдың тоқтатылуын халық арқаны кеңге салу деп ұққан сыңайлы. Өйткені, COVID-19 инфекциясын жұқтырушылар саны сәт санап ұлғайып барады. Бұған ҚР Президенті Қ.Тоқаев назар аударып, алдын алу шараларын күшейтуді нықтап тапсырып отыр.

Мемлекет басшысы «Твиттер» желісіндегі парақшасында қауіпсіздік талаптарына шекеден қарау белең алғанына алаңдаушылық білдіріп, жазба қалдырды. «Қалаларда карантин шаралары сақталмағандықтан, індет жұқтырғандар саны артып барады. Үкімет, облыс және қала әкімдері жағдайды реттеуі керек. Көпшілік орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағу міндетті. Азаматтардың денсаулығын сақтау үшін нақты шешімдер қабылдау қажет», — деп жазды ол.

Соңғы мәлімет бойынша, ел ішінде індетке шалдыққандар саны 9 мыңға жуықтаған. Қостанай облысында да науқастар тізімі қысқарар емес. Күні кешегі ақпаратқа сүйенсек, өңірде кесел жұқтырған адамдар саны 127-ге жетіпті. Сондықтан, карантиннің кезең-кезеңімен жеңілдетілуі індеттің алдын алуға бағытталған әрекеттерді күшейтуге итермелеп отыр. Мұндай іс-шаралардың бірі – халыққа қызмет көрсетуге кіріскен нысандарға күн сайын тексеру жүргізу. Мәселе, кеше кешкі сағат 21.00-де 25 мамырдан бастап жұмыс істеуге рұқсат алған кафе, мейрамханаларда карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында мониторингтік топ рейдке шықты. Топ құрамында облыс, қала әкімдігі, прокуратура, жергілікті полиция, СЭС, өңірлік БАҚ өкілдері бар.

Қызметін жалғастыруға мұрсат берілген бизнес нысандар қатары ұлғайтылды. Дегенмен, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында белгілі шектеулер, ескерілуі тиіс міндеттемелер бар. Ал оны орындамау жауапкершілік жүктетуі мүмкін. Мәселен, кафе-мейрамханалар 30 шақты ғана адам қабылауы тиіс. Сондай-ақ, келушілер 2 метр қашықтықтықта отырғызылуы шарт. Мұны нысандар қаншалықты сақтап жатыр? Заңдылықты қадағалау мақсатында мониторингтік топ Қостанай қаласындағы бірнеше нысанды аралады.

Ең әуелі «Турист» караоке барына бас сұққан топ мүшелері қаулы талаптарына қайшы келетін жағдайда жұмыс істеп жатқанын әшкереледі. 70 адамға шақталған нысанда бір мезетте 30-дан әлдеқайда көп адам қабылданған. Бар қожайынынан түсініктеме алынды.Ол сот қарауына жіберіліп, айыпты кәсіпкерге тиісті жаза тағайындалмақ. Топ мүшелері бұдан әрі «Медеу» қонақ үйіне, «Тобыл», «Глория», «Грант» мейрамханаларына барды. Бұлардың көбінде тәртіп барынша сақталған. Енді бірі қызметіне әлі толық кіріспегенге ұқсайды – келушілер саны тым аз. Мониторингтік топ өкілдері рейдтік шараларды күшейте түспек. Мүмкіндік болса, тексеру шараларын тәулігіне екі мезгіл өткізуге даяр.

Келесі күні мониторингтік топ облыс орталығындағы Орталық әмбебап дүкен мен «MART», «Апельсин» сауда орталықтары, «Болашақ» сауда үйі мен «Гранат» мейрамханасына барды.  Аталған нысандарда карантин ережелерін бұзу анықталды. Сондай-ақ, ірі сауда орталықтарында бетпердесіз жүрген тұтынушыларға және оларға қызмет көрсеткен сауда орнының иелеріне ескерту жасалды. Карантинге байланысты бөлшек сауданың жұмыс режиміне таңғы сағат 08:00-ден кешкі 21.00-ге дейін рұқсат берілген болатын. Алайда, жабылатын уақытқа қарамастан жұмыс істеген «Болашақ» сауда үйі мен «West»  дүкені әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

– Біз қалалық әкімдік жанындағы мониторингтік топтың кезекті рейдін өткіздік. Кезекті рейд барысында қаламыздағы ірі сауда орталықтары, мейрамханалар,  қоғамдық көліктер мен такси қызметтерінің карантин уақытындағы санитарлық талаптардың орындалуын қадағаладық. Рейд барысында бірқатар нысандарда сотқа берілетін құқық бұзушылықтар анықталды. Мониторингтік топтың міндеті – белгіленген алгоритм бойынша сауалнама, сурет, бейнетаспа түріндегі материалдар жинап, оларды рейд аяқталысымен сот қарауына жіберу. Талап бұзушыларға қатысты шешім шығарып, әкімшілік жаза белгілеу  соттың құзырында, – дейді Қостанай қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Алмат Байкенов.

Сонымен қатар, рейд барысында маршруттық автобустар мен таксилер де тексерілді. Тексеріс нәтижесінде автобус жүргізушілерінің барлығы дерлік қолғапсыз қызмет көрсетіп жатқаны анықталды. Тіпті, бетпердесіз отырған жолаушылар да кездесті. Жүргізушілерге қатаң ескерту берілді.