Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мемелкеттік тілдің мәртебесі биік

19 июня 2020 12:30 • 645 просмотров

Қостанай облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова аймақтың ономастика саласындағы оңтайлы өзгерістер туралы айтып берді.

Қостанай облысында соңғы үш жылдың ішінде 13 әлеуметтік-мәдени нысан, 7 ауылдық округ, 7 ауыл, 105 көшенің атауы өзгерген. Бұрынғы Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы аталып,  Затобол кенті қала мәртебесін алып, Тобыл атауына ие болып отыр. 

Одан кейін Гүлжан Мендекинова Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысына тоқталды.  Басқарма басшысының айтуынша, облыста жұмыс істеп жатқан 20 тіл оқыту орталығында соңғы үш жыл ішінде 18 мыңнан астам адам мемлекетті тіл үйрету курстарынан өткен. 5 мыңнан астам адам ағылшын тіліне машықтанса, 437 әр ұлттың өкілі өз ана тілін үйрену мақсатында курстарға қатысқан.  

«Тілдерді оқыту аудан орталықтарымен қатар, ауылдық округтерде де ұйымдастырылды. Өткен жылы 70 ауылдық округта  қазақ тілін – 1767 адам, ағылшын тілін – 114 адам оқып шықты. Биыл облысымызда  тілдерді оқыту жұмыстары  жалғасуда.  Жыл басынан бері тілдерді оқыту орталықтарында 8679 тыңдаушы тіл үйреніп жатыр», — деді Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова.

Қостанай облысында тіл саясатына үш жыл ішінде 723 млн теңге қаржы бөлінген. Тиісінше, олар тілдерді оқытуға, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған іс-шаралар өткізуге жұмсалған. Қаржыландырудың салыстырмалы өсіміне көз жүгіртсек, 2017 жылы бөлінген сома 211,9 млн болса, биыл ол 298 млн теңгеге жеткен. Қаражаттың да, тілдің де игерілу деңгейі олқы емес.