Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күні қарсаңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «BIZ BIRGEMIZ» онлайн-форумын өткізді. Елдегі індет жағдайына байланысты іс-шара онлайн күйде ұйымдастырылды. Ол өз сөзінде коронавирус індетін жеңу әрбір азаматтың өз қолында екенін қадап айтты.
–Бүгінгі форумда коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Осыған орай мен «Халық алғысы» атты арнайы медальді тапсыруды ұйғардым. Бұл осындай қиын қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға арналған. Жаңа мемлекеттік марапат нағыз отаншыл азаматтарға тапсырылады деп сенемін. Бүгін «BIZ BIRGEMIZ» жалпыұлттық онлайн-форумы аясында осы медальмен бір топ азаматты марапаттаймыз, — деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қиын қыстау шақта алдыңғы шепте жүрген батырлардың еңбегі осылайша бағаланды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін түсініп, біріге білгендер осы қағиданы негізге алып, коронавируспен күресте барынша көмек бере білді.
«Осы індеттен құтылған соң елордамызда азаматтарымыздың ерлігіне арналған ескерткіш қоюымыз керек. Барша Қазақстан азаматына амандық, игілік тілеймін. Біз міндетті түрде жеңеміз. Себебі, біз біргеміз!, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл күні Қостанай облысында коронавирустық инфекциямен күресте ерекше көзге түскен 127 азамат «Халық алғысы» арнайы медалімен марапатталды. Олардың ішінде медицина, полиция, әлеуметтік сала қызметкерлері, волонтерлер, ҮЕҰ өкілдері, меценаттар, мемлекеттік қызметшілер, журналистер мен мәдениет қайраткерлері бар.
«Бұл, ең алдымен, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде киіп жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты сақтау өте маңызды. Өйткені, бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы қайталап айтқым келеді, сақ жүрсең, сау жүресің. Сол себепті азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалқастыра береміз. Ынтымақ, беріктік, жанашырлық – бұл халқымыздың дәстүрлі құндылықтары. Дәл осы қасиеттер халқымызды тарихтағы небір қиын кезеңдерден алып шықты. Басымызға қиындық түскен кезде біздің жұдырықтай жұмылған бірлігіміз шыңдала түседі. Біз біргеміз. Бұл – біздің қоғамның жаңа ұраны. Біз күн сайын еліміз бойынша медицина, полиция, қарулы күштер қызметкерлері, еріктілер мен қайырымдылық жасайтындардың түрлі ерлігіне куә болып жатамыз. Мен бүгін, ең алдымен, сіздерге алғыс айтмын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.