Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мектеп пен отбасының интеграциясы

3 июля 2020 14:00 • 1 349 просмотров

Білім – адамзат баласы үшін қашанда өзінің құндылығын жоғалтпайтын асыл қазына. Қазіргі жаһандану заманында ғылым бəсекелестікке айналып отыр. Біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»-деген болатын. Үштікодақ: отбасы, мектеп және қоғам- балаға берілетін тәрбиенің бастауы. Осы үшеуі бірлесе жұмыс істегенде ғана саналы да бәсекеге қабілетті ұрпақ шығатыны белгілі.

Неміс халқында бала тәрбиелеуде екі ерекшелік бар, біріншісі: баласымен тең кісідей сөйлеседі, сөйлесе отырып, мүмкіндігін байқайды, осал жерін байқатпай көтеріп отырады, екіншісі: баласын ең негізгі нәрсеге, сөйлеп тұрған адамның мінезіне, дауыс екпініне, қысқасы, биязы-оспадарлығына қарамастан тыңдай білуге үйретеді. Себебі тыңдай білмейтін адамның айтар ойы да аз болады.

Осы секілді әр халықтың өзіндік жақсы ерекшеліктері бар. Біздің дана халқымызда да тәрбиенің тұнып тұрған алуан түрлі үлгі-өнегесі жетерлік. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек десек, отбасы мен мектеп ұстаздары және балаға әсер етуші жан-жағындағы қоғам мүшелерінің өздері де саналы болуы шарт. Төңірегіне нұр шашып тұратын азаматтар атаның қанымен тараған ақылдылық, ананың ақ сүтімен даритын байсалды мінез, тәжірибе мен білімнің арқасында биік шыңға шығады. Сондықтан оқу, үйрену, тыңдау, іздену, талаптану әрбір өзін құрметтейтін адамның басты бағыты болуы керек.

Қасым Аманжолов ағамыз өзінің жарына арнаған бір өлеңінде: «Отбасы–шағын мемелекет, Мен – президент, сен – премьер» — дегені бар. Демек, отбасының негізі-баланы өмірге келтіру ғана емес, оны мәдени — әлеуметтік ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл-кеңес тәжірібиесін бойына сіңіру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеу екенін ұмытпауымыз керек. Бұл- маңызды әрі жауапкершілікті талап ететін үлкен іс. Өйткені ,отбасында атаның ақ батасын, әженің әлдиі мен ананың мейірлі мейіріне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өссе ғана тәрбиелі болады.Әрбір ата-ана — өз баласын Отанға пайдалы, еңбекқор және адамгершілігі мол тұлға етіп тәрбиелеуге халық алдында да, мемлекет алдында да жауапты.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе»-деп жазған халқымның заңғар жазушысы М.Әуезовтің нақыл сөзінде терең мән жатыр. Отбасы мүшелері бесікте жатқан бала бойында болып жатқан кез келген өзгерістерді ескеріп, дер кезінде қажетті шешім қабылдай білулері шарт. Ата-ана баламен жүргізетін тәлімдік, тәрбиелік істерді олардың барлық қырынан зерттей отырып, ішкі «Меніне» аса ыждыһаттылықпен қарап, жақын досындай ақыл-кеңес бере отырып жүргізуі қажет. Осындай жасалған жұмыс барысында ғана ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас оң нәтиже береді.

Тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы, тәрбиенің бастауы- отбасы болып саналады. Ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен үйлесімділік орнатуда олар өзара бірлесіп жұмыс жасағаны жөн.Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы, тәлім-тәрбиедегі жүйелілік, қоршаған ортамен тығыз байланысты. Адам баласының тағдырын шешуде тәрбиенің мәні зор. Осы арқылы оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші рөл атқаратын қоғамдық орын- мектеп.

Оқушылар мектептен өмірге жолдама алады. Білім ошағы еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, жеке қызмет жасаған емес, жасамайды да. Сондықтан, оның іс-әрекеті отбасымен, жұртшылықпен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Міне, мектептің үлкен тәрбиелік қызметі осында. Осы тұрғыдан мектеп балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның дамуында және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын үйлестіріп, біріктіретін орталық. Мектеп қабырғасында жеке тұлғаның дүниетанымы, еңбек, мінез-құлық, әсемдік әлемі мен дене тәрбиесінің мақсаттары мен міндеттері жүзеге асырылады.

Отбасы мектеппен бірігіп жұмыс істеуде ата-аналарға арналған сыныптан тыс өткізілетін іс-шараларға белсене ат салысып отырғандары жөн. Бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыруға негізделген дөңгелек үстел мен түрлі тренингтерге қатысулары оң нәтиже берері сөзсіз. Бала тәрбиесіне байланысты жазылған әдебиеттерді оқуда «Book crossing» ұйымдастырған дұрыс. Сондай-ақ, бүгінгі таңда мектеп пен отбасы ынтымақтастық әрекеттерінің келесі бағыттарының бірі – ата-аналармен бірлесе отырып , баланың оқу үлгерімін,тәрбиесін жақсартып, шығармашылығын шыңдау мақсатында жүйелі түрде жеке дара түзету жұмыстарын жүргізу керек.

Отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту мақсатында ата-аналар тарапынан әр түрлі қолдау көрсету оң нәтиже береді. Атап айтқанда, демеушілік жасау, тәрбие тәжірибелерімен бөлісу секілді жұмыстар іске асырылады . Соның бірі — «Бала тәрбиесіндегі жазалау мен мадақтау», «Мен және менің отбасым», «Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыптарында тренинг сабақтар мен семинарлар. Сондай-ақ әжелер арасында «Ақ жаулықты әжелер», аналар мен қыздар арасында «Анасын көріп қызын ал, Ыдысын көріп асын іш», «Әкем асқар тауым» тақырыптарында сайыстар ұйымдастырған жөн. Ата-аналармен кездесу барысында «Бала тәрбиесі», «Ата-анаңа не қылсаң, алдыңа сол келер», «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!», «Бала – ата-ананың бауыр еті» атты пікірталастар жүргізген дұрыс. «Біз қандай ата-анамыз?», «Балаңыздың дайындығы қалай?», «Сіздің өміріңізде бала қандай орынға ие», «Сіз балыңызды білесіз бе?», «Сіз және сіздің балаларыңыз» атты тест, сауалнамалар жүргізуге болады. «Аналар алқасы» мен «Әкелер мектебі» құрамы құрылып, мектепте қандайда бір ата-аналар арасында түсініспеушіліктер туындап жатса осы аналар мен әкелер құрамының мүшелері көмекке шақырған жөн. Екі одақтың ынтымақтастықтығын орнату барысында немқұрайлық бар.

Бұл мәселе бүгінгі таңда күнкөріс жағдайы мен отбасындағы балалар тәрбиесіне көңілдің бөлінбеуі, мектеппен байланыс жасауға талпыныстың болмауы,тіпті, ата-аналардың жиналысқа келмеуі, бала тәрбиесінен қатысты аз оқитындығы арқылы айқындалады .

Қазақтың белгілі ағартушысы Ыбырай Алтынсарин өз еңбектерінде ата-ананың әрбір іс-әрекеті балаға үлкен сабақ екендігін атап көрсетті. Оның «Аурудан аянған күштірек», «Алтын шеттеуік», «Мейірімді бала» атты шығармаларынан отбасы мүшелерінің бірін-бірі қадірлеуінен, олардың өзара бірлігі мен түсінушілігінен халқымыздың жазылмаған заңдылықтарын оқып білеміз. «Сәтемір хан», «Ғалым кісі», «Полкан деген ит» сынды әңгімелерінен адамдар арасындағы мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін үйренеміз. «Жаман жолдас», «Асыл шөп», «Малды пайдаға жарату» секілді әңгімелерінде өзара қарым-қатынасты, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді толып жатқан тәрбиелік мәні бар арқылы көрініс табады. Баланың жаны мен тәні таза, рухани бай, дені сау етіп өсірумен бірге еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа, адалдыққа, жинақылыққа, баулып өсіру – әр отбасының мақсаты. Бала осы айтылған тамаша қасиеттердің бәрін өз ата-анасының бойынан тауып, соған еліктеп өссе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.Әрбір ұстаз шәкіртінің жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны. Ал отбасы мен мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өмірін қай бағытпен жүрсе дұрыс екенін, өздерінің керектігін түсіндіріп, бейімді де дұрыс мамандық таңдауға бағыт бергендері жөн.

Қорыта келе айтарымыз, саналы да тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу үшін мектеп пен отбасы арасында өте тығыз байланыс болуы керек. Бірлік арқылы көздеген мақсатымызға жетіп, адамға тән жақсы қасиеттерді бойына сіңірген , бәсекеге қабілетті, саналы ұрпақ тәрбиелеп шығаруға болады. Қай кезде болмасын отбасы мен мектептен өз дәрежесінде жақсы білім, өнегелі тәрбие алған бала қоғам үшін қажетті де маңызды тұлға екендігін естерінен шығармауымыз керек. Сөз соңында, отбасы болсын, мектеп, қоғам болсын қай -қайсысы да өз міндеттерін дұрыс түсініп, бірлесе, жұмыла жұмыс жасаса оң нәтиже беретіні айдан – анық.

Ең бастысы, бәрі де өзіміздің еліміздің бедерлі болашағы мен келелі келешегі үшін екендігін ұмытпасақ болғаны.

Алтыншаш Есетова,  Айнұр Сауекенова, Меңдіқара ауданы, «Боровской облыстық санаторлық мектеп-интернаты»