Биыл Жангелдин ауданының орталығында 5 көше жаңартылады. Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыс бюджетінен 170 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.
Аудан әкімі Шота Оспановтың айтуынша, бұрын асфальттанған, бірақ бүгінде тозып кеткен көшелер кеңейтіліп, жаңартылмақ және бұрын-соңды асфальт көрмеген 1 шақырымға жуық жол жөнделіп, асфальт төселеді. Бұл жұмыстарды да «Алюминий құрылысы» серіктестігі жүргізіп жатыр.
– Техникамызды ертерек жеткізіп алдық. Қазір жол жөндеу жұмыстары жартылай еңсерілді. Көшелер кеңейтіліп, қазіргі технология талаптарына сай тегістеледі. Ауылдың ажарын көше ашады. Түзу жол, сәнді көше Торғайды көрікті ете түседі. Біз бұл жобаға жергілікті тұрғындарды да тартып жатырмыз, – деді «Алюминий құрылысы» серіктестігінің басшысы Абай Мұқанов.
Жалпы, Жангелді ауданында биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық 8 жоба мақұлданған. Бұл жобалар аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылуына септігін тигізуі тиіс.
– Осы жобалар арқылы жұмыссыз адамдарды жұмысқа қабылдап жатырмыз. Олардың тиісті еңбекақылары мен зейнетақы төлемдерін мердігерлер төлейді. Бұл бағытта ауданда біраз жұмыс атқарылды. Қазір 5 жоба өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Қалған үш жобаның мердігері енді ғана анықталды. Олар жұмыс бастауға дайындық шараларын қамдауда. Техникаларын дайындап, материалдарын жеткізіп жатыр. Биыл ауданда 478 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 239 адамды жұмыспен қамту орталығы арқылы ресми түрде орналастырамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 114 адамды жұмысқа орналастырдық. Ал жұмыспен қамту орталығы арқылы 63 адам жұмыс істеп жатыр, – деді аудан әкімі Шота Оспанов.
Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған интернет игілігін Жангелді ауданының тұрғындары да сезіне бастады. Биыл ауданда талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталды. Торғайға жұмыс сапары барысында желілік-техникалық цехқа өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бас сұғып, «Қазақтелеком» торабының жұмысымен танысқан. Солтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясының басшысы Ерсайын Дүйсенәлиевтің айтуынша, бүгінгі таңда ауданның 23 елді мекені телефон қызметімен толық қамтылған. 9 елді мекенде мобильді байланыс бар. Ал 7 ауыл «Қазақтелеком» интернетін пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
«Қазақтелекомның» Солтүстік филиалы мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы Қалам-Қарасу, Сужарған, Ақшығанақ, Көкалат, Аралбай, Торғай, Тәуіш елді мекендеріне дейін жалпы ұзындығы 240 шақырымнан асатын талшықты желі өткізген. Енді бұл ауылдардағы білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы нысандары мен жергілікті әкімшілік, полиция, тағы басқа 24 мемлекеттік мекеме кең жолақты интернет желісіне қосылады. Бүгінге дейін бұл ауылдарда 7 мекеме интернетке қосылып үлгерген. Жылдам интернеттің жеткені, әсіресе жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш.
Е.Дүйсенәлиевтің айтуынша, алдағы уақытта 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді жоғары сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз ету үшін Ақкөл, Ақшығанақ, Көкалат, Аралбай, Тәуіш, Саға, Шилі ауылдарына ұялы байланыс операторларының мұнаралық бекеттері орнатылатын болады.