Президенті Қ.Тоқаев әлсін-әлсін жолдап жатқан үңдеулерінде, арнайы комиссия отырыстарында, сөйлеген сөздерінде алдағы міндеттер, екшелеген тапсырмалар қойылып, ең бастысы қазір халықтың жүріс-тұрысы, тіршілік және жұмыс, қарым-қатынастары барлығы да қазақстандықтарға ортақ белгіленген тәртіп талап.
Әрине, Төтенше жағдай тұрғысында өмір сүрген халық емеспіз. Сондықтан қоғам психологиялық тұрғыдан қабылдауы күрделі болуы мүмкін. Бірақ, байбаламға салынып, дүрбелең туғызбай тас-түйіндей жинақы болып, үлкен жауапкершіліктің негізінде, жоғарғы деңгейдегі тәртіптілікті көрсететін уақыт келді. Ел басшыларының халықтан талап етіп отырғандары да осы. Елімізде біраз қалалар карантинге жабылуда. Сондықтан жерлестер, біздер біріншіден жол жүруді, қазаққа тән қыдырыстарды, қандай да болмасын жиындардың бәрін тоқтату керек! Немқұрайлық, салғырттық болмасын!
Осындай сын сағатта бірлігімізді сақтап қана қоймай одан әрі бір-бірімізге жанашырлық танытып, көмек көрсетіп індетті жою жолында ұтымды да тиімді іс-әрекеттерге батыл бару керек. Бүгін мына індеттен ұлтымызды, әсіресе өскелең ұрпағымызды, жастарымызды қорғап қалатын, сақтап қалатын заман. Төтенше жағдайдағы біздерге қойылатын талаптарға салғырт қарау, оларды орындамау, бұзу қылмыстың ең жаманы, ең ауыры. Оны біз ұлтқа жасаған қылмыс деп түсінуіміз керек. Осындай тұрғыда көзқарасымыз қалыптасуы шарт!
«Сақтансаң сақтаймын» дейді Жаратушы. «Сақтықта қарлық жоқ» — дейді дана халқымыз. Ендеше осы талаптарға сай індетті жою жолында күресіміз жеңісті болатынына күмәніміз жоқ.
Жақып Қалқаман, «Ұлы дала ұрпақтары» ҚБ төрағасы