Қазіргі кезде жұмыссыздар санын қысқартып, кәсіп ашамын дегендерге жаңа мүмкіндікті беретін бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәміпкерлікті дамыту» бағдарламасы маңызды рөл атқаруда. Ауданымызда жаңа бизнес нысандар бой көтеріп, нәтижесінде «екі қолға бір күрек» іздегендер еңбекпен қамтылып, кәсіп бастаймын дегендер өз бизнесін ашып тәп тәуір тұрмыс кешуде.
Бағдарламаның шарапатын аудан тұрғыны Асылтас Әбілханқызы Сейтбекова да көріп отыр. Ол аудандық жұмыспен қамту бөліміне тіркелу арқылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде 200 айлық көрсеткіш көлемінде грантқа ие болды. Казіргі таңда тігін цехын ашып өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ол бұл қаражатқа тігін машинасын сатып алып, қыз жасауларын, бетперде, киім тігу, киімдерді қысқарту тағыда басқа тапсырыстарды қабылдап, жұмыс жасауда. Мүмкіндігі шектеулі болғандықтан Асылтас кәсібін үйде жасап отыр.
Асылтас мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, қоғамға араласа алмай үйде отырып қалды. Енді міне, жұмыспен қамту бөліміне тіркелу арқылы «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алып, тігін машинасын сатып алды. Бір жағынан өзіне үлкен ермек болса, бір жағынан азда болса нәпақасын тауып отыр. Қоғамға пайда әкеліп, еңбек еткеніне дән риза.
– Бағдарлама бойынша қызыма көмек берген ауданымыздың басшыларына алғысым шексіз, – дейді Асылтастың анасы Жанар Сарғалдақова.
Бүгінгі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген қамқорлық, олардың жұмыс істеу немесе табыс табудың бірдей жағдайына ие болуы мәселесі басым бағыттардың біріне айналып отыр. Сонымен қатар биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін талаптар жеңілдетілген. Олардың арнайы курстан өтпей-ақ, бизнес жоспарын қорғау арқылы грант алуларына болады.
Сондықтан да үйлеріңізде қарап жатпай осында қайтырмсыз немесе жеңілдетілген пайызбен өз кәсібіңіздің иесі болуға әбден болады. Әрине, «алмақтың да салмағы бар дегендей» оған қаражатыңды мақсатсыз жұмсасаң, ертең қайтарып беруге тура келетінін де ұмытпаған жөн.