Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Серікбай ОСПАНОВ: «Бесік туралы кітап жазған бірінші қаламгермін»

13 июля 2020 14:00 • 944 просмотров

Белгілі ақын,  публицист, журналист, ғалым әрі аудармашы. Әлем халықтары жазушылары одағының және Қазақстан жазушылары одағының мүшесі Серікбай Оспановты замандастары ұста, домбырашы ретінде де жоғары бағалайды. Шебердің қолынан шыққан домбыра өзінің жоғары сапасымен де дараланады. Ол өз сұхбатында домбыра жасаудың қыр-сыры мен Ұлттық домбыра күнінің маңызы туралы айтып берген еді.

– Серікбай аға, ақындығыңыз бір төбе, ал ұсталығыңыз — тіпті алабөтен әңгіме. Мұндай кез келген адамға бұйыра бермейтін қасиет кімнен дарыды?

– Қазақта «Тақыр жерге шөп шықпайды» деген сөз бар. Бұл дәлелденген шындыққа айналды. Кісі бойындағы кез келген өнер тұқым қуалайды екен. Бұған қазір көзім жетіп отыр. Арғы атам Құрыш та, әкем Оспан да ағаштан түйін түйген шебер болыпты. Балалық шағым қазіргі Жангелдин ауданының Шилі ауылында өтті. Әкеме жергілікті жұрт көзі тірісінде «ағаш шебері» деген атақ байлап кеткен. Оған ерекше ілтипатпен сәлем береді екен. 5-6 жасар кезімде маған кәдімгі қарағайдан домбыра жасап берді. Әкем соғыста бір қолынан айырылды. Соған қарамастан қолынан ұста саймандарын тастамады. Ол мен 8 жасқа толғанда өмірден өтті. Кезінде әкеме арнап «Мұра» деп аталатын поэма жаздым. Жалпы, ұсталыққа деген қабілетім мектеп қабырғасында біліне бастады. 7-8 оқып жүргенде ағаш шана жасап көрдім.

Ал нағыз көңілім ауған уақыт 1980 жылдардың еншісінде. Заманның қиын кезі еді ғой. Алматыда университеттің журналистика факультетінде оқимын. Екінші курста Омар дейтін жігітпен таныстым. Бұған дейін домбыраны тек қарағай ағашынан ойып, әзірлеп жүрдім. Кейін Омардың шеберханасына барып тұрдым. Келе-келе домбыраны құрап жасауды үйреніп алдым.

– Қазір шеберханада қанша уақыт өткізесіз? Домбыра жасайтын шикізатты қайдан аласыз?

            – Шығармашылық адамы үнемі ой үстінде жүреді. Кейде кәдімгідей шаршайсың. Сол уақыттарда бойымды сергіту үшін шеберханама асығамын. Жер үйде тұратындықтан жұмыс істеуге өте қолайлы. Нақты белгілеп қойған уақытым жоқ, түннің бір уағына дейін отыратын кездерім болады. Бастысы, ешкім кедергі жасамайды. Үй ішіндегілер де оған әбден үйренген. Шикізатты табу қиын емес. Алдымен, аспапқа лайықты ағаш таңдалады. Ол әбден кептіріледі. Негізі домбыра қатты ағаштардан жасалады ғой. Үйеңкі, қызыл ағаш, шамшат, қарағай әкеліп отырамын. Қажет жерінде қайыңды да пайдаланамын.

            – Шеберханаңыздан домбырадан бөлек бесік, сандық, ағаш сауыттарды байқадық. Бұл да өз қолыңыздан шыққан бұйымдар ғой?

– Астау, ожау, ағаш сағаттан бастап, бесіктің шүмегіне дейін жасаймын. Сынған домбыраны жөндеп, қалпына келтіретін өнерім бар. Ал бесік туралы көп нәрсе айтуға болады. «Бесік» туралы кітап жазған Қазақстандағы бірінші қаламгер – мен. Мұны мақтанышпен айта аламын. Сағатбек Медеубекұлы домбыра туралы кітап шығарса, мен осы еңбегімде бесіктің қалай жасалатынын, оның жабдықтарынан бастап, нәрестені бесікке қалай бөлеу керектігіне дейін баяндауға тырыстым. Не жасасам да сапаға мән беремін.

Мәселен, домбыраны кез келгені құрастыруы мүмкін. Ал оның үнін құлаққа жағымды қылу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен осы жағына көбірек көңіл бөлемін. Домбыраны кез келген адам шерткен кезде сыңғырлап тұруы керек. Өзімнің ұзақ жылдан кейін түйгенім — қызыл ағаштан жасалған домбыраның үні ғажап келеді. Өкінішке қарай, ол қолға түсе бермейді.

– Серікбай аға, домбыраның жасалу технологиясын айтып беріңізші. Оның нақты әдістемесі бар ма?

– Домбыра екі түрлі әдіспен – құралып немесе ойылып жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады. Бұл — басы. Домбыра бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бет тақтай, ілгек және ішектер. Пернелердің атауы болады. Оны жаттап алған дұрыс. Тұрмыста кең танылған домбыралар 7 немесе 9 қауашақтан, 7 ішектен тұрады. Бет тақтай – домбыраның маңызды бөлігі. Оның көлемі неғұрлым кішірек болса, ағаштың тербеліс қасиеті де соғұрлым жиілей түседі. Бет тақтай қыз қарағайдан жасалады.

– Қазір домбыраға сұраныс қалай?

– Дәл Қостанайды алып қарасаңыз, өте төмен. «Әр үйде бір домбыра» деп акциялатып жатыр ғой, дегенмен нақты сұраныс білінбейді. Расымен де әр қазақтың үйінде домбыра тұруы тиіс. Мәселен, қазір Олег деген орыс жігітімен бірігіп, сапалы, бағасы құнды домбыра жасауға кірістік. Ол аса байыппен, қымбат ағаштардан жасалады. Бағасы да тиісінше жоғары. Жалпы, мен жасаған домбырамды 50-60 мың теңгеден жоғары бағаға сатамын.

– Ұлттық домбыра күні ресми түрде бекіді. Өңір-өңірде мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Домбыраның қадір-қасиеті туралы ақын не дейді?

– Қазақты та­ни­­мын десең, ең алдымен, домбыра үніне құлақ түр. Бойың жеңілдеп, жан­ дүниеңнің тазаруын, мұңнан арылуын байқайсың. Әр ұлт өзінің ұлттық аспабын мақ­таныш етеді, басқаға теңгер­мейді, жаттың қанжығасына өңгермейді. Бүгінде қазақтың ұлы музыкалық аспабы – қасиетті қара домбырадан шыққан үн қайсы ұлттың өкілдерін де жалт қаратып, жанына шуақ, көңіліне қуат құяды. Домбыра барлық тілде сөйлей алады. Әдетте, «қара» деген сөзді бағзы бабалар «қасиетті, тарихи, ерекше тылсымға ие» деген мағынада қолданған. Осы сөз қазақпен бірге жасап келеді, жасай да береді. Қара жерде қазақ тұрғанда оның домбырасы сайрай береді.

-Сұхбатыңызға рахмет!