Қытай, АҚШ, Ресей, БАӘ, Жапония, Түркия, Оңтүстік Корея, Катар, Өзбекстан мемлекеттерінен 5 млн-нан астам маска, 98 ӨЖЖ аппараты, 260 мың тест-жүйесі, 3 мыңға жуық термометр мен тепловизорлар жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ержан Ашықбаев мәлімдеді. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстанға көмек көрсеткендер қатарында ДДСҰ, шетелдік компаниялар мен қайырымдылық қорлары, жеке тұлғалар бар.
«Дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтарды жеткізуде бәсекелестік жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестерімізге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұдан басқа, гуманитарлық көмекке әріптестердің кеңестері мен тәжірибе алмасу да жатады. Қытайлық және ресейлік мамандар келді. Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Израиль дәрігерлері 30-дан астам бейне-конференция өткізді», — деп қорытындылады министрдің орынбасары.