Құрбан айт — барша мұсылманның ұлық мейрамы. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметіне сәйкес биыл Құрбан айттың бірінші күні 31 шілдеге тура келеді. Дегенмен, әлемді жаулаған індетке байланысты Құрбан айтты мерекелеу ережесіне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қостанай облысының бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет мәлімдеді.
Үш күнге созылатын мейрам жыл сайын хижра — мұсылман күнтізбесі бойынша Зүлхижа айының оныншы жұлдызында (Арафа күнінен кейін) және Ораза айт мейрамынан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан Айтта мұсылман жұрты құрбандыққа мал сойып, думанды мейрам жасап, үлкен-кіші арасында үгiт-насихат, өсиеттер айтып, бір-біріне құрмет көрсетеді.
Құрбан айт мейрамы биыл 31 шілде мен 2 тамыз аралығында тойланады. Карантин кезінде өтетін болғандықтан қасиетті мерекеде мешіттерде айт намазы оқылмайды. Бас имам осы жөнінде айта келіп, Қостанай облысы бойынша үйде оқылатын айт намазына белгіленген уақытты хабарлады.
«31 шілде күні сағат 8:30-дан бастап әр мұсылман үйден ғибадат етіп, содан кейін құрбан шалуға болады», — деп атап өтті Қостанай облысының бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет.
Сонымен қатар, құрбан шалатындарға сақтану ережелерін қатаң ұстану керек екені ескертілді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл құрбан шалушыларға арнайы сайт жасап, соны ұсынып отыр. Яғни, qurban2020.kz бағдарламасына кіріп, өзіңіз тұратын өңірді таңдап, сол жерден қалаған малыңызға алдын ала тапсырыс бере аласыз. Бәрі де сақтық үшін», — деді Бақытбек қажы Тәжімбет.
Брифингте имамдар құрбандыққа шалынатын малдардың белгіленген бағасына тоқталды. Ірі қара – 350 мың теңге, қой – 50 мың, ал тоқты – 40 мың теңге. Бұл сомаға қасапшының қызметі кіреді. Сайтта құрбан малын сатып алуға өтінімдер 31 шілде түске дейін ғана қабылданады. Құрбан шалу рәсімі де тек осы бірінші күні ғана өтуі тиіс. «Биыл мал соятын бір-ақ жер – Федоров тас жолы бойындағы «Амиго» ЖШС аумағы белгіленіп отыр. Онда қасапшы мен имам ғана болады, құрбан шалушының өзі қатыса алмайды. Рәсімді тек онлайн режимде көріп отырады», — деді имам.
Ал ғаламтормен жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ кісілердің өтінішін құрбан шалатын аумақтағы мешіттің екі қызметшісі қабылдап отырады. Бірақ, тағы айта кетерлігі, оларға да құрбан шалу рәсіміне қатысуға рұқсат жоқ. Құрбандыққа шалынған мал еттері жетім-жесірлер мен жоқ-жұқаналарға таратылады. Бүгінге дейін қарттар үйі мен балалар үйінен өтініштер келіп түскен. Жағдай нашар жүзге тарта қостанайлық отбасыға да мал еттері үлестірілмек. — Құрбан шалу кімге уәжіп? Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет. 1. Мұсылман болу; 2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау; 3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес,-деп атап өтті спикерлер.
«Аллаға ет, тері, құрбан шалу саны маңызды емес, біздің ниетіміз маңызды. Бастысы осы», — деді Тобыл қаласы Маңдай батыр мешітінің найб имамы Азамат Мырзақанов.