Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Шаруашылық шарықтасын десек…

6 августа 2020 17:00 • 855 просмотров

Министрлік бірқатар өзгрістер ұсынды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл шілде айында республикадағы мал шаруашылығының дамуына оң әсер ететін бірқатар өзгерістер ұсынды. Ең басты назар аударатын жаңалық — министр Сапархан Омаровтың 17 шілдедегі бұйрығымен бекітілген Мал шаруашылығын дамыту ережелеріне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар.

Атап айтқанда, негізгі өзгеріс қой шаруашылығының субсидиясына енгізілді: асыл тұқымды қойларға селекция жүргізу және асылдандыру жұмыстарының нормалары 2 500-теңгеден 4 000 теңгеге дейін, тауарлы қойларға – 1 500-теңгеден 2 500 теңгеге дейін көтерілді.

Сондай-ақ, асыл тұқымды отандық (8 мыңнан 15 мыңға дейін) және импортталған қойларды (бір басына 150 мың теңгеге дейін) сатып алу нормалары жоғарылады. Мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында министрлік мал сатып алуға берілетін несиенің кепілдік саясатын өзгертті. Сонымен қатар, фермерлік шаруашылықтар мен бордақылау алаңдарының несие алу өтініштерін қарау мерзімі оңтайландырылды.

Енді малды 1:1 өтімділік коэффициентімен сатып алуға болады. Сонымен бірге, фермерлер субсидия алғаннан кейін тұрақты кепілдік — 15% болады. Қалған 85%-не сатып алынған малды кепіл ретінде қояды.

Мал өсірушілерге қосымша қолдау көрсету үшін карантин кезіндегі диагностикалық зерттеулердің бағасы сиырға 23,5 мыңнан 4271 теңгеге дейін, ал Еуропалық Одақ елдерінен әкелінген бұқаға 28,5 мыңнан 8741 теңгеге дейін төмендетілді.

Әкімдіктер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтініштеріне байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі карантин кезінде импортталған малға диагностикалық сынақтар жүргізу шығындарын оңтайландырды.

Еуропалық Одақта жануарлардың аса қауіпті ауруларына қатысты эпизоотиялық жағдай тұрақты болғандықтан, карантин кезінде Шмалленберг ауруына Еуропалық Одақтан әкелінетін жануарларды бір ПТР (Полимеразалық тізбекті реакция) тестілеуге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.

Зерттеу жұмыстарының құнын төмендету шетелден мал әкелетін фермерлердің жұмысын жеңілдетеді. Карантин кезіндегі импортталған жануарларды диагностикалық зерттеу құны Қазақстан Республикасының барлық аймағында бірдей. Канададан әкелінген ірі қара малды тексеру құны (ветеринарлық сертификаттарда көрсетілген аурулардың тізіміне сәйкес), егер табиғи қашпаған болса 1 сиырға 1978 теңге, ал табиғи қашқан сиыр болса 3267 теңге. Бұқаны зерттеу құны — 6448 теңге және сәйкесінше 7737 теңге. АҚШ-тан әкелінген мал үшін: сиырға — 2697 теңге, бұқаға — 7167 теңге. Австралиядан әкелінген ІҚМ: сиырға — 1408 теңге, бұқаға — 2984 теңге. Латын Америкасынан әкелінген ІҚМ: сиырға — 4120 теңге, бұқаға — 8590 теңге. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден (Ресей Федерациясы және Беларусь) әкелінген ірі қара малға: сиырға — 3183 теңге (вирустық диарея мен жұқпалы ринотрахеитке қарсы егілмеген) және 1978 теңге (егілген), бұқаға — 7653 теңге (егілмеген) және 6448 теңге (егілген).

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020-жылы Қазақстанға 95 мың бас етті және сүтті бағыттағы ірі қара мал әкелу жоспарланып отыр. Осы жылдың бірінші жартысында елге 22 мың бас мал әкелу үшін қаржы бөлінді, қазіргі уақытта оның 10 мыңы жеткізілді.

Шетелден ІҚМ әкелу есебінен бүгінгі таңда асыл тұқымды мал басының үлесі едәуір өсіп, 12%-ды құрады.

Соңғы жылдары ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаларды қолдану арқылы ІҚМ басын асылдандыру бағдарламасына қатысатын шаруашылықтар санының өсіп келе жатқаны байқалады. 2014-жылдан бері мұндай шаруа қожалықтарының саны үш есеге артып, 20,6 мыңға жетті.

1,1 миллион бастан асатын мал немесе ірі қара малдың 33%-ның тұқымы түрлендірілген. Сүт шаруашылығы саласында импортты алмастыру мақсатында сүт фермалары желісін құру және кеңейту жобалары жүзеге асырылуда.

2019 жылы қуаттылығы 40 мың тонна болатын 8 өндірістік және 14 отбасылық ферма іске қосылды (алдыңғы жылдары тек 3 ТСФ іске қосылған). Қабылданған шаралардың арқасында өңделген сүтті 5 жылда 500 мың тоннаға көбейту арқылы импортты алмастыру мәселесін толығымен шешу жоспарланып отыр.

2020 жылдың 1-жартыжылдығында Қазақстанда жалпы 3 810 бас ірі қара малмен 6 ірі тауарлары сүт фермасы пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 16 тауарлары сүт фермасын іске қосу жоспарланып отыр.

Мал шаруашылығы жобаларын (тауарлары сүт фермасы, шошқа фермалары және т.б.) салу кезінде міндетті кешенді ведомстволық емес сараптамадан өткізу тәртібін жеңілдету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық тұрғыдан жіктеу тәртібін айқындайтын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ережелеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 500 басқа дейін малы бар мал шаруашылығы кешендерін техникалық тұрғыдан күрделі объектілер санатына жатқызбауды ұсынды.

Бұл фермерлердің мал шаруашылығы кешендері мен техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізбей-ақ қоюына мүмкіндік береді. Өйткені, бұған өте көп уақыт кетеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы қолдау тауып, өзгертулер енгізілген бұйрықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мақұлдады.

Енді мал шаруашылығы кешендерінің және сүт, ет өнімдерін өндіретін фермалардың, мал басының саны 1 500-ге дейін жететін бордақылау алаңдарының, сондай-ақ мал басының саны 10 000-ға дейінгі шошқа шаруашылықтарының жобаларын міндетті ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткізу талап етілмейді.

Бұл іс-шара мал шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетеді және фермерлердің шығындарын азайтады.