«Мың алғыс» жалпыұлттық акциясы республикамыз бойынша кең қолдау тауып, азаматтар белсенді атсалысуда. Жақсылық жасап жарысқан қазақстандықтар еліміздің жер-жерінде бой көрсетуде. Осындай игі шаралардың бірі Федоров ауданында жалғасын тапты. Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері де бұған үлес қосты. Олар жергілікті аурухана дәрігерлеріне азық-түлік апарып, жылы лебіздерін білдірді.
Акцияға 29 мектеп, 11 балабақша, балалар шығармашылығы үйі және өнер мектебі ұжымдары атсалысты. Жиналған қаражатқа дәруменге бай азық-түлік сатып алынды. Іс-шарада сөз сөйлеген Федоров аудандық білім бөлімінің басшысы Динара Бектібаева медицина мамандарына әріптестерінің алғысын жеткізді.
«Сіздерге, жақындарыңызға мықты денсаулық тілейміз. Баға жетпейтін еңбектеріңіз үшін мың рақмет», — деді Динара Бектібаева.
Мұғалімдер бұл акцияға бірінші рет үн қосып отырған жоқ. Құрбан айт мерекесі қарсаңында ауданның жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараға да үлес қосты. Бұл орайда №1, №2, №4 мектептердің ұстаздары мен «Қарлығаш» балабақшасы тәрбиешілерінің белсенділігін атап өткен жөн. Бастамашылар жергілікті аурухана дәрігерлеріне нан өнімдерін апарып берген еді. Қайырымдылық шарасынан қалыс қалмаған тұрғындар да бар.
Мәселен, covid-19 індетімен күрестің бел ортасында жүрген ақ халаттылар мен провизорлық орталықта емделушілерге жергілікті дәмхананың аспаздары Жібек Бекентаева мен Виктория Экерт палау пісіріп берді. Бублик отбасы ет жеткізді. Жалпыұлттық іс-шараға «Мейірімді жүрек» клубының еріктілері де қатысып жүр. Олар Федоров аудандық емханасына азық-түлік пакеттерін табыс етті. Еріктілер «Жақсылық вирусы» республикалық акциясына да қолдау көрсетті. Олар жас мұғалімдермен бірлесіп, ХҚКО, банк, пошта ғимараттары мен Федоров орталық ауруханасына әлеуметтік қашықтық белгілерін жапсырды. Көпшілік жиналатын орындарда тұрғындарға коронавирус індетінен сақтану ережелерін түсіндірді.
«Дүкендерде кезекте тұрған жұртшылыққа бір-бірінен 1,5-2 метр алшақ тұруын ескерттік. Кәсіп иелеріне осы талапты ұстану үшін арнайы белгілер қоюға кеңес бердік. Бизнес орындарының бұл да бір жауапкершілігін көрсетеді», — дейді Федоров ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат Бақытжанов.
Сондай-ақ, Қостанай облысына Түркия мен Польша елінің және ДДСҰ жолдаған гуманитарлық көмегі келді.
Гуманитарлық көмекті қабылдау мен бөлуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бақылап отырды. Арнайы мониторингтік топтың мүшелері қоғам өкілдерінің қатысуымен жүктердің рұқсат беру құжаттарын тексерді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қуаныш Бекбасовтың айтуынша, аталған шаралар гуманитарлық көмекті бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жасалуда.
–Әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер жүргізіледі. Әрбір қаптамаға «тегін» жазбасы бар арнайы мөр қойылады. Гуманитарлық көмек аясында мыңдаған медициналық маскалар, оксигенераторлар, сондай-ақ дәрілік заттар әкелінді. Мысалы, Демезон мен Меприлон сияқты дәрі-дәрмектерді Польша Республикасының «SUN-farm» фирмасы жіберді. Түркиялықтар «Фавипиравир» препараты және медициналық маскалармен көмектесті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жіберген оксигенераторлар ерекше назар аударуға тұрарлық, — деп атап өтті Қуаныш Бекбасов.
Сонымен қатар, Қостанайға Алматы қаласынан антибиотик, антисептик пен қызу түсіретін дәрілік заттар әкелінді. Жүк көлігі әкелген дәрі-дәрмектің жалпы құны 50 млн теңгеге тең. Олар – парацетамол, ибуфен, аспирин, инсти, цитрамон, анальгин және басқа да аса қажетті дәрілер.
«Медсервис ПЛЮС» Қазақ фармацевтикалық компаниясы » ЖШС ҚФ директоры Исатай Есенбековтың айтуынша, дәрілер облыс аумағындағы дәріхана желісінің барлық нүктесіне таратылатын болады.
–Бізге күнделікті негізде тұрақты түрде алынатын тауарлардың кезекті партиясы келді. Қызу түсіретін препараттар мен басқа да дәрі-дәрмектерді қабылдап алып жатырмыз. Дәрілерді жеткізуде ешқандай мәселе жоқ. Облыс бойынша дүйсенбі күні біздің клиненттеріміз өз дәріханаларында тауарларды алатын болады, – деді Исатай Жамбылбекұлы.