Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Туған жердің дәмі

15 августа 2020 16:01 • 906 просмотров

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғалы бері туристік индустрияны дамыту ісі жаңа серпін алды. Қазақстан әлемдік туризм нарығында танылуға бет алып отыр десек, таңдау бірден этнотуризмге түседі. Екінші жағынан, экономиканы әртараптандыру аясында шығыны аз жұмыс күшімен қамтамасыз ете алатын саланы дамыту қажеттігі байқалды. Қостанай облысы бұл саланы дамыту бойынша көштен қалып отырған жоқ. Торғай топырағы ішкі туризмді қолдауға әзір. Соның жарқын мысалы – Амангелді ауданында ашылған қымызхана, деп хабарлайды «Қостанай таңы».

Құмкешулік жастардың қымызханасына барып, ұлттық сусыннан дәм татып келген едік. Құмкешу – Арқалық-Торғай тас жолының бойында жатқан шағыл құмды аумақ. Бізді ауыл әкімі Асылан Хамитбекұлы қарсы алып, жақсы жаңалықтарымен бөлісті. Ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуы өз алдына, туристік инудстрияны өркендетуге әзірлігі қуантады.

– Бұл игі істі Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Біркенұлы бастады.Сол кісінің тапсырмасымен ұлттық тағамдарымызды, өнерімізді насихаттау жолына кірістік. Біржақсысы, бұл іске ауылдың жастары ынта көрсетті. Көп ұзамай тәуекелге бел буып, қымызхана ашылды. Келушілер саны қуантады. Екіншіден, жастардың бос жатпай, пайдалы кәсіпке жұмылғанына ризамыз», — дейді Құмкешу ауылының әкімі Асылан Исмайылов.

«Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас» деген қазақ нақылын басты қағидаларына айналдырған Сейілхановтар отбасыболатын. Ағайынды Нұрлан мен Нұржан ауылдасы Ерлан Тоқмағамбетовпен бірігіп, жол бойына киіз үй құрды. Бірлігі айрандай ұйыған жігіттердің басты мақсаты – ұлттық брендті ұлықтау арқылы кәсібін дөңгелету.

«Бастапқыда біраз іркілгеніміз рас. Еңбегіміз ақталмай қала ма деген қорқыныш та болды. Кейін адал еңбектің жемісін бергеніне қуандық. Адамға қуат сыйлайтын қымызды ішуге келетіндердің қатары көбейген. Тұтынушылар талабынан шығу үшін барлық жағдай жасадық. Еңкейген қариядан бастап, жас буынның бас қосатын орнына айналып үлгерді. Алда жоспар көп. Жалға алған киіз үйді тапсырып, арнайы екі-үш киіз үйді құрғымыз келеді. Қазір тапсырыс беріп те қойдық. Қымызханаға келушілер тек ұлттық сусынға шөл қандырып қана қоймай, қазақтың дастарханынан табылатын сан түрлі тағамдардан да дәм тата алады. Атап айтар болсақ, саумал, айран, бауырсақ, қуырдақ сынды құнарлы ас-ауқатына тапсырыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімге қашанда сұраныс жоғары болады», — дейді Нұрлан Сейілханов.

Жігіттердің айтуынша, ұлттық тағамды  таныстыра отырып, аудан аумағында этнотуризмді түлетуге мүмкіндік бар. Бұған қоса Құмкешу құмы – табиғат-ананың кереметі. Осының айналасында демалыс орнын жасау да жастардың көкейінде жүрген шаруа.

«Ерінбеген адамға кез келген істі бағындыруға болады. Қымызхананың маңына қызмет көрсету айлағын ашсақ деген ой бар. Себебі, жұрттың сұранысын жоғалтып алмау қажет. Жақында маңайға алтыбақан құрамыз. Бізді жергілікті әкімдік қолдап отыр», — деп бөлісті ЕрланТоқмағамбетов.

Жалпы, бұл өлкеде қарға адым жер жүрсең тереңдей беретін тарих. Құмкешу ауылының сыртында 22 әулие тыныстап жатыр деседі. Олардың әрқайсысы халқы үшін қызмет еткен үлкен тұлға. Амангелді отряды мен ақтардың қиян-кескі ұрысы болған атақты Құмкешу шайқасы да осы арада өткен. Осының барлығын да өсіп келе жатқан жас ұрпақ білуі керек. Білмесе, көрмесе олардың жүрегіне отандық сезімнің, патриотизмнің дәні қалай егіледі? Міне, жас та болса, жауапты шаруаны қолға алған жігіттердің сөзі бұл!

Амангелдіде ашылған қымызхана әзірге жұрт игілігіне жарап тұр. Бие сауыны біткенше киіз үйдің туырлығы түспе кемес. Ұлттық сусынның емдік қасиетін білетін тұрғындар Құмкешу қымызханасына әлі де барып жатыр.Сіз де барыңыз, ағайын!