Қостанай облысында жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісі 6,5%-ке ұлғайған. Бұл туралы аймақ әкімдігінде өткен жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина баяндады. Келешекте Қостанай облысында 14 мың автокөлік экспортқа шығады.
Әкімдіктегі аппарат жиынында өткен 7 айдағы негізгі көрсеткіштер талқыға түсті. Сандарға шақсақ, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы 2%-ке, негізгі капиталға инвестиция 13,8%-ке, құрылыс жұмыстары 14,3%-ке, баспана тапсыру 8,4%-ке артқан. Өндірістік өнеркәсіптер 777,5 млрд теңгенің, соның ішінде қайта өңдеу саласы 449,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 18,9%-ті құрап отыр.
«Аймақ экономикасына 162,3 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 13,8%-ті құраған. Жыл басынан бері машина өндірісі 1,5 есеге артты. «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 19,5 мың дана техника шығарды. Өсім 1,7 есеге жетті. Биыл 50 мың көлік шығару жоспарда болса, оның 14 мыңы экспортталмақ. Ал жоспардағы 800 автобустың 561-і құрастырылды», – дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина.
Сондай-ақ, өңірде ет (3,3%), сүт (1,5%) өндіру артқан. Ал ұн (9%) және өсімдік майын (2 есе) экспорттау қарқыны жоғары. Құрылыс саласында да өсім байқалады. 59,5 млрд теңге тұрғын үй салуға жұмсалған. Барлығы 208,1 мың шаршы метр баспана тапсырылған. Көрсеткіштері жоғары өңірлер қатарында Қостанай қаласы, Денисов, Қарабалық, Меңдіқара, Науырзым, Ұзынкөл және Федоров аудандары бар.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 2020 жылы 53,7 млрд теңгеге 284 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Аймақта 74 әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 16,6 млрд теңге, 45 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріне 13,5 млрд теңге, 149 инженерлік-көлік инфрақұрылым жобаларына 19,3 млрд теңге, елді мекендерді абаттандыру бағытындағы 16 жобаға 4,4 млрд теңге жұмсалады. Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы 14 340 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етеміз. Жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша 7 170 жұмыссыз азамат іске тартылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 614 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.
«Еңбек» бағдарламасының орындау мақсатта 9,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат былтырғыдан 1 млрд теңгеге артық. Қаржының еселенуі тиісінше жұмыс орнының көбеюіне ықпал етеді. Мәселен, 2020 жылғы 1 тамыздағы мәлімет бойынша облыста 18749 жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ, биыл Қостанай облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыс қолға алынған. Биыл 18,8 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылады. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов атап өтті.
«Облыста 499 шақырым жол жөнделеді. Жобаның 20-сын қысқа дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға 70 млрд теңге жұмсалуы тиіс. Оған барлығы облыстың 775 км автожолын қалпына келтіру жоспарлануда. Ал аудан, қала көшелерін жөндеу мен қайта жаңартуға 24 млрд теңге қарастырылған», — дейді аймақ әкім.
Архимед Мұхамбетов 4,4 млрд теңге жұмсалып, қайта құрылып жатқан Қостанайдағы көпір жұмысына да тоқталды. Айта кетейік, халық арасында «Корей көпірі» атанған бұл нысан тұрғындардың шағымынан соң қайта жаңғыртылып отыр.
«Көпірдің әлеуметтік маңызы зор. Көктемгі су тасқыны кезінде Тобыл өзенінің маңындағы үйлердің дені су астында қалады. Көпір арнасын кеңейту арқылы біз қаланы табиғи апаттан сақтап қаламыз. Сонымен қатар, көпірдің жүру жолақтары да кеңейтіліп, көлік қозғалысы жеңілдейтін болады», – деді Архимед Мұхамбетов.