Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралды. Егін жинау науқанының басталуы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Статистикалық деректер бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарды құрады (бұл 2019 жылмен салыстырғанда 439,2 мың гектарға көп). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,8 млн гектарды, майлы дақылдар 2,9 млн гектарды, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 457,4 мың гектарды, мақта 125,8 мың гектарды, қант қызылшасы 20,9 мың гектарды, азықтық дақылдар 3,3 млн гектарды құрады.
Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды, егін жинау науқанының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Мәселен, бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 3,3 млн гектар дәнді және бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 21,2%-ы жиналды, өткен жылы осындай кезеңде 2,1 млн гектар немесе 14% жиналған болатын.
«Орташа өнімділік гектарына 13,5 центнерді құрап, 4,5 млн тонна астық бастырылды. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жазғы маусымда өткен жылғы секілді өте қуаң (құрғақ) ауа-райы орын алды. Төтенше жағдай мен карантин режиміне қарамастан, егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізілді. Ылғалды жабу және топырақты егіс алдында өңдеу бойынша сапалы және уақытылы жүргізілген іс-шаралар топырақтың өнімді ылғалын сақтап қалуға мүмкіндік берді», — деді С. Омаров.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының қолайсыз ауа райы жағдайларына төзімділігін арттыруға мемлекеттің тұқым шаруашылығын қолдау бойынша қабылдаған шаралары әсер етті. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда тұқым шаруашылығын субсидиялау 49%-ға артты. Субсидиялау тетігі жетілдірілді, оған сәйкес шетелдік селекцияның сұранысқа ие тұқымдарын сатып алуға жұмсалған шығындар субсидияланады, сондай-ақ элиталық тұқым шаруашылықтарына кейіннен көбейту үшін бірегей тұқым сатып алуға қолдау көрсетіледі.
«Тұқым тазалайтын техника мен селекциялық техниканың барлық түрлерін инвестициялық субсидиялау енгізілді, бұл отандық тұқым шаруашылығын дамытуға жәрдемдесетін болады. Мәселен, егіс науқанын жүргізу кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде себілген элиталық тұқымдардың үлесі 2 есеге жуық өсті. Бұл ретте сапасы төмен тұқымдардың үлесі 2,8 есе төмендеді», — деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Сондай-ақ егістерді зиянкестер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу шаралары уақтылы қабылданды. Үйірлі және саяқ зиянкестердің таралу ошақтарын уақтылы оқшаулау олардың әлемде байқалып отырған ауыр зардаптарын болдырмауға мүмкіндік берді. Биологиялық тиімділік 80-92%-ды құрады. Бұл ретте, соңғы жылдары аса қауіпті зиянкестер бойынша өңдеу алаңдарының 2,3 есе, дәнді дақылдар аурулары бойынша өңдеу 1,8 есе төмендегені байқалады.
«Биыл пестицидтерді субсидиялауға 37 млрд теңге көзделді, бұл көлем 2019 жылға қарағанда 9,6 млрд теңгеге көп. Бүгінгі күні шамамен 17 млн гектар немесе жалпы егіс алаңының 75%-ы өңделді», — деді С. Омаров.
Егін жинау жұмыстары басталатын уақытқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайын етті. Жалпы егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық жинайтын комбайн, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк автомобилі бар. Жұмыстың ұзақ тоқтап қалуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын қалыптастырды. Сервистік компаниялармен көшпелі сервисті күшейту, сондай-ақ қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.
«Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Шілдедегі көлемді өңірлер толық алды. Тамыз айындағы көлемнің 55%-ына ақы төленді, 26%-ы тиеп-жөнелтілді», — деді С. Омаров.
Өздеріңізге белгілі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі жағдайда бірінші кезектегі мақсаттардың бірі болып табылады. Қабылданған шаралар, осы жылы ауа-райының қолайсыз болуына қарамастан, бірлесіп астық өндіру көлемін өткен жылғы деңгейде күтуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының болжанып отырған көлемі еліміздің ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған қоса Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында осы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 517 мың тонна мөлшерінде астық жеткізу көлемі туралы келісімшарт жасалды. Бұл ретте, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервтік қорында 456,4 мың тонна астық бар. Көрсетілген астық көлемі, қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа бағытталатын болады.
«Республиканың жалпы астық сақтау сыйымдылығы 27,5 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 15,5 млн тоннаны құрайды. Сақтау сыйымдылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардан қалған қалдық астықты есепке алғанда, болжанып отырған түсімді сақтау үшін жеткілікті», — деді С. Омаров.
Сонымен қатар, әкімдіктер элеваторлардың 2020 жылғы егінді қабылдауға деген дайындығына, сондай-ақ карантиндік шараларды ықтимал күшейту мүмкіндігін ескере отырып, танаптардан астықтың элеваторларға үздіксіз тасымалдануына тұрақты мониторинг жүргізіп отыруы қажет.
«Жиналған өнімнің (18 млн тонна) 3,5 млн тоннасы азық-түліктік мақсатқа, 4,2 млн тоннасы жемшөпке, 2,1 млн тоннасы тұқымдық мақсатқа, 700 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге бағытталатын болады. Болжанып отырған түсім белгілі бір көлемдерді экспортқа жөнелтуге де мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте биыл экспорттық стратегияның өткен жылдардан өзгешелігі болмайды және дәстүрлі нарықтарда басым орындардың сақталуымен сипатталады. 2020/2021 маркетингтік жылға арналған экспорттық әлеует ұнды қоса есептегенде 7,5-8 млн тоннаны құрайды», — деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Тиеп-жөнелту төлемге сәйкес жүргізілуде. 2020 жылдың күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін дизел отынының ұсынылатын бағасы қосымша құн салығын қоса алғанда зауытта тоннасына 178 000 теңгені құрайды немесе литріне 147 теңге (FCA шартымен – тиеп-жөнелту станциясы). 2020 жылдың күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін дизел отынының ұсынылатын бағасы қосымша құн салығын қоса алғанда зауытта тоннасына 178 000 теңгені құрайды немесе литріне 147 теңге. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, АШТӨ үшін болжамды бағасы МӨЗ-ден қашықтығына байланысты литріне 155-169 теңге болуы мүмкін. Жанармай құю станциясының бағасы литріне 178-ден 193 теңгеге дейін.
«Ауыл шаруашылығы қажеттігі үшін дизель отынының арзандатылған құны жанар-жағар май нарығының қатысушыларымен келісім бойынша анықталады», — деді Н. Ноғаев.
Күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін 73 мың тонна кепіл берілген дизель отыны бөлінді. Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов дәнді дақылдар жинайтын алқап облыс бойынша 4 млн 051 мың гектарды құрайтынын атап өтті. Майлы дақылдар 640,5 мың гектар, бұл өткен жылғыдан 130,4 мың гектарға артық. Соңғы 4 жылда әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар алқабы 289 мың гектарға ұлғайтылды. 10 тамыздан бастап шаруашылықтар егін жинауға кірісті, бүгінгі күні 591,4 мың гектар дәнді дақыл бастырылды немесе 14,7%.
«Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 29,3 млрд теңге алынды. “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамы арқылы 22,5 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан 8,9 млрд теңгеге артық. Оның ішінде 3,2 млрд теңге қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша алынды», — деді Архимед Мұхамбетов.
Егін жинау жұмыстарына қолда бар барлық комбайн паркі — 9,1 мың бірлігі қатысуда. Облыс тауар өндірушілерінің техникалық жарақтандырылуын ұлғайтуға «АгромашХолдинг КZ» акционерлік қоғамы айтарлықтай қолдау көрсетуде. 2019-2020 жылдары кәсіпорын 445 «Есіл» комбайнын жасап шығарды. Тауар өндірушілер жанар-жағар маймен қамтамасыз етілген, бөлінген көлемдері жеткілікті.
«Өнімді сақтау сыйымдылығы 8,2 млн тоннаға арналған. Соңғы 3 жылда облыста қосымша 950 мың тонна өнімді сақтау сыйымдылықтары енгізілді, жиынтық өнімділігі тәулігіне 53 мың тонна астық болатын 44 кептіру агрегаты сатып алынды. Бұл қуаттылықтар өсірілген өнімді уақытылы өңдеу, кептіру және сақтау үшін жеткілікті. Жалпы, барлық жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде», — деді Қостанай облысының әкімі.