Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жазба айтыс жинағы жарық көрді

Қостанайда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Мен бір жұмбақ адаммын…»атты республикалық ашық жазба айтыс аяқталды. Осыдан үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың ішкі саясат басқармасы мен «Қостанай таңы» газеті бірлесіп қолға алған дәстүрлі жоба биыл ақпан айының аяғында басталып, тамыз айына дейін жалғасты. Жыр сайысына Қостанай, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан ұзын саны 18 ақын қатысып, алты ай бойы аламан айтысқа түсті.

Айтыс өнерінің бір түрі – жазба айтыс қазақ поэзиясының көркемдік дәстүр тағылымының бір үлгісі. Қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ақындардың жазып айтысу дәстүрі айрықша дамып қалыптасты. Жазба айтыс – ауызша айтыстың заңды жалғасы ретінде ақындарды сауаттылыққа, тапқырлыққа, көркем бейнелеуге, ой ұшқырлығына тәрбиелейтін сөз өнерінің ерекше жанрларының бірі. Қазақтың кең жазирасының әр шалғайынан бір-бірлеріне хат жолдау арқылы апталап-айлап жыр-сайысқа түскен ақындар болған. Міне, осынау аталы үрдіс «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» бүгінгідей технологиялық мүмкіндіктер артқан заманда жалғасын тауып отыр.

Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Зәуре Байменованың айтуынша, республикалық масштабта интернет арқылы жазба айтыс өткізу жобасын Қостанай облысы алғашқы болып қолға алды. Мұндағы мақсат – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен тұсауы кесілген «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларының жүзеге асуын ілгерілету.

-Жақсы бастаманың әрдайым өміршең болары, қолдаусыз қалмайтыны сөзсіз. Облыстық «Қостанай таңы» газетінің игі идеясын алғашында облыстық Мәдениет басқармасы қуаттап, жаңа жобаның тұсауы 2018 жылы кесілген болатын. Елордамыздың 20 жылдығына арналып, «Ел мерейі – Елорда» аталған жыр сайысы Тобыл-Торғай өңірінің ақындары арасында өтті. Ал 2019 жылдан бастап, «Жазба айтыс» жобасына қолдау көрсетуді облыстық Ішкі саясат басқармасы өз міндетіне алды. Оның үстіне, өлең бәйгесі респубикалық деңгейге көтеріліп, елдің әр түкпірінен дарынды ақындарды жинады. Олардың қатарында айтыскерлер де, поэзия өкілдері де болды. Жыр додасы Қостанай қаласының және халық ақыны Омар Шипиннің 140 жылдығына, көрнекті қаламгер Бейімбет Майлиннің 135 жылдығына орай «Құтты мекен – Қостанай» тақырыбында өткен еді. Жыл сайынғы дәстүрге айналған жобамыз биыл да өз жалғасын тапты. Бұл жолғы айтысқа қазақ халқының бас ақыны, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы арқау болып, «Мен бір жұмбақ адаммын…» тақырыбында өтті.   Биылғы аламанға Қостанайды қоспағанда, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларынан, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Атырау облыстарынан сайдың тасындай іріктелген үздік ақындар өнерлерін ортаға салды. Жалпы, жоба басталғалы жазба айтыста бағы мен бабын сынауға 50 шақты үміткер ниет білдірген,-дейді Зауре Байменова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олардың ішінде тәжірибелі орта жастағы ақындармен қоса, студент жастар, тіпті талапты оқушылар да бәйгеге қосылды. Бұл да шын дарынның жас талғамайтынына айқын дәлел болса керек. Дәстүрлі жобаның жаңа маусымында ақындар нағыз дарын екендерін тағы да дәлелдеп, жырсүйер жұртқа тамаша тарту жасай алды. Жоба барысында бойларына табиғат берген ерек қабілеттерін ғана емес, ұлттық терең таным, жан-жақты білімдерін көрсетіп, алып Абайдың рухани мұрасын зерделеп, өрнектеп өлеңмен өре білді.

Одан бөлек, әлемді жаулаған зауалға, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өзіндік пікірлерге, азаматтық ұстанымдарға куә бола алдық. Ақындарымыздың қаламдарынан туған жолдарға елдік мұрат-мүдде, Отанға деген сүйіспеншілік, ынтымақ-бірлік сынды құндылықтар арқау болғанын да аңғару қиын емес.

-Cөз өнері сайысына мейлінше жауапкершілікпен қарап, жан салып үлес қосқандары үшін, оқырмандарды жырмен сусындатып, жазба айтыстың көрігін қыздырған  ақындардың барлығына айтар алғысымыз шексіз. Дегенмен, жарыс болған соң  жүйріктен жүйрік озады. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да олардың бар таңдамасы», — деп дана Абайдың өзі айтпақшы, жанына ақындықты серік еткен кіл мықтының арасында жарқырай көріну нағыз жүйріктің ғана еншісіне бұйырса керек,-деп атап өтті ішкі саясат басқармасының бастығы.

Өткен жылғы айтыста жеңісті облысымыздың белгілі ақындары Абылай Мауданов, Батырлан Сағынтаев, Тоба Өтепбаев және Асылан Қанғожиндар иеленсе, биылғы айтыс қорытындысы бойынша Арқалық қаласының ақыны Батырлан Сағынтаев (1-орын), Нұр-Сұлтан қаласының ақындары Ұланбек Бақыт (2-орын) пен Нұрдәулет Ғалымжанұлы (3-орын) және торғайлық ақын Злиха Кенжеғозина (3-орын) жеңімпаз атанды.

Сонымен қатар, тәуір өнер көрсеткен ақындардың айтыстары «Жазба айтыс – жыр-жауһар» атты жинаққа еніп, қалың оқырманға жол тартып отыр. «Жазба айтыс» жобасы өңір әдебиетіне қосылған өлшеусіз үлес десек, бұл рухани қазына кітап күйінде ұлт өнеріне жанашыр қауымның сөресінде тұруға лайық деп білеміз. Бұл да болса өңір руханиятына қосылған ұпай.

Үш жыл бойы өткен жазба айтыстың өлеңдерін жинап, кітап құрастырған ақын Жандос Жүсіпбековтің айтуынша, бұл қазақтың сөз өнеріне қосқан өлшеусіз үлестің бірі дейді.

​- Жалпы үміткерлердің қай-қайсысы да қал-қадірлерінше Хәкім Абайдың рухани бай мұрасынан сыр шертіп, жауһар сөздерін үлгі етіп үгіттеді, алып ақынның арман-мұраты мен қазақтың бүгінгі бет-бейнесін астастыруға ұмтылды. Қаламгер айтыскерлер тақырыпқа дендеп қана қоймай, бүгінгі қоғамның «аяқ алысы, жүрек қағысын» аңдап, елдің мұңы мен мұқтажын түгендеді, өзекті мәселелерді толғады. Елдік, ұлттық, рухани құндылықтарды қаламына арқау етіп, жазба айтыстың табиғатын жан-жақты аша білді, — дейді «Жазба айтыс» жобасының үйлестірушісі, ақын Жандос Жүсіпбек.

​Қазылар алқасының шешімімен арқалықтықақын Батырлан Сағынтаев жазба айтыстың жеңімпазы атанды. 2-ші орын көркем айтысымен ерекшеленген елордалық Ұланбек Бақытқа бұйырса, 3-орынды Нұр-Сұлтан қаласының ақыны Нұрдәулет Ғалымжанұлы мен торғайлық Злиха Кенжеғозина өзара бөлісіп алды.

— Қазақ әдебиетінде жазба айтыс дәстүрі ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған еді. Әсіресе Сыр бойындағы сөз сүлейлерінен қалған жазба айтыс мұралары бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Біздің өңірімізде өмір сүрген Нұржан Наушабайұлы, Байжан Бейсенұлы, Алтыбас Ақмолда секілді ақындардың жазба айтыстың дамуына өз үлестерін қосқандығы мәлім. Кеңес үкіметі орнағанннан кейін 1940 жылдары Омар Шипин, Өтеміс Қалабаев, Ақілгек Жұмабековалар, 1970 жылдары Мизам Жарасқанов, Әбдірахман Байғабылов, Ғали Әбішов, Бақытжамал Оспановалар облыстық баспасөз беттерінде сөз сынасты. Бірақ кейінгі кезде ұмыт бола бастаған осы дәстүрді қайта жаңғыртқан ұйымдастырушыларға біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әрине, жазба айтысқа түсу ақындарға оңай емес. Мұнда суырыпсалма айтысқа қажетті қиыннан қиыстырып сөз тапқыштықтан басқа, ойдың тапқырлығы мен сөздің өткірлігі, жазған өлеңнің келісті, көркем болуы керек-ақ. Бұл талапқа сай келетін өлең жазу жазба айтысқа қатысқан ақындардың әрбірінің ойында болғаны да анық. Бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасатын болса, өлке әдебиетіне қосқан үлесі, тигізер ықпалы жақсы жағынан ғана көрінетініне сенімін мол, — деді айтыс жеңмпазы Батырлан Сағынтаев.

Жобаның биылғы басты жаңалығы – үш жыл бойы өткен жыр сайыстары биыл жеке жинақ болып шықты. «Жазба айтыс – жыр-жауһар» атты етжеңді кітапқа үздік айтыстар енгізіліп, қалың оқырманға жол тартып отыр. Жинақтың жарық көруіне де облыстық Ішкі саясат басқармасы қолдау жасағанын айта кету керек.