Қостанай облысының кәсіпкерлері 24 млрд теңгеге мемлекеттік қаржылай қолдауға ие болды. Жыл басынан бері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бизнесті жеңілдікпен кредиттеу мемлекеттік бағдарламасын іске асырып келеді. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 24 млрд теңгеге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы 140 кәсіпорынға қаржылай қолдау көрсетілген. Бұған қоса қор кепілдігін 3,5 млрд теңгеге 104 кәсіпкер иеленді.
«Пандемия басталғалы ҚР Үкіметі шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасына бірқатар маңызды өзгеріс енгізді. Соның ішінде несиенің пайыздық мөлшерлемесі 6% жылдық мөлшерлемемен берілетін болды. Кәсіпкер несие бойынша 6% жылдық мөлшерлемені төлейді, қалған соманы «Даму» қоры субсидиялайды. Қазіргі уақытта қор саудаға салынған инвестицияларды қоспағанда, экономиканың барлық салаларындағы кәсіпорындардың қызметін қолдап отыр. Бұл шаралар пандемияға байланысты дағдарыс кезеңінде бизнесті қолдау үшін қабылданды», — деп атап өтті «Даму» Қоры аймақтық филиалының клиенттермен жұмыс бойынша бас менеджері Елена Матвеева.
Жеңілдетілген несие алған Қостанай облысының компаниялары арасында арнайы киім және жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Азурит» компаниясы, еттен жартылай фабрикаттар дайындайтын «Terra Meat» және «ДОГМА» ветеринарлық клиникасы бар. Кәсіпорындар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шеңберінде өнім өндіру көлемін және қызметтер ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік беретін жабдық сатып алды. Ет өнімдерін өндіретін «Terra Meat» компаниясы өндірілетін өнім көлемін арттыруға ниетті. Мұның бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасында. Бүгінде компания ет өнімдерін Қазақстанның 14 қаласына жөнелтуде.
«Сұранысты сапалы тауармен қамтамасыз ету үшін банктік несие қаражаты бойынша 40 млн теңгеге ресейлік, поляк және неміс өндірісінің тоңазытқыштарын, илеуге арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалды. Күніне 3 тоннаға дейін жартылай фабрикаттар өндіреміз», — дейді «Terra Meat» ЖШС сатылым бөлімінің басшысы Нұрлан Амантаев.
Бизнесті мемлекеттік қолдауға ие болғандардың бірі – «Азурит» кәсіпорны. Кәсіпорын 20 жылдан астам уақыт бойы арнайы киім, жеке қорғаныс құралдары мен мектеп формасын шығарады.
«Өткен жылы тамыз айында біз жабдықтар алу үшін несие алдық. Бұл өндірістің өсуіне ықпал етті. Біз кесте тігетін жабдықтар, 15 арнайы машинаны, үлгіні дайындауға арналған бағдарламаны сатып алдық. Жұмысымыз алға басып, үлгіні жасау оңайырақ болды. 2018 жылы қолымызда жабдықтар жоқ кездің өзінде жылына 11 мың өнім, ал өткен жылы — 15 мың, осы жылдың басынан бастап кәсіпорындарға 7 мың костюм және 280 мың бетперде тігілді», – дейді компанияның комерциялық директоры Наталья Токун агенттік тілшісіне.
«Даму» қоры кәсібін жаңа бастаған бизнесмендер мен стартаперлерге несие сомасының 85%-на дейін кепілдік береді. Олардың ішінде жас кәсіпкер Максим Падерин де бар. Ол жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Максим ашқан «ДОГМА» ветеринарлық клиникасы өзін жануарларға кәсіби және білікті көмек көрсететін мекеме ретінде көрсетті. Клиникаға заманауи УДЗ-диагностика аппараты әкелінді. Бұл сканер Қостанайдың ветеринарлық УДЗ нарығында жоқ. Кәсіпкер жеңілдетілген несие алу мәселесі бойынша «Даму» Қорына жүгінген. Екінші деңгейдегі банк жобаны қолдап, 8 900 000 теңге көлемінде несие берді.
«Біз 5 ай бұрын ашылдық. Қолымызда аздаған қаражатымыз болды. Бірақ ірі жабдықты сатып алуға қаражат болған жоқ. Біз «Даму» Қорының мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы естіп, несие алу үшін банкке өтініш бердік. Банк өтінішімізді мақұлдады. Қор бізге кепілдік ұсынды, одан соң банктен несиемізді алдық. Бірден УДЗ жабдығына тапсырыс бердік, жақында қолымызға аламыз», – дейді клиника басшысы Максим Падерин.