Қостанай облысындағы Аманқарағай ауылында тұрғындар көптен күткен жаңа мектеп есігін айқара ашты. Алайда санитарлық сақтық талаптарына байланысты білім ордасының ашылу салтанатына ата-аналар қатыса алмады. Тек оқушылар мен ұстаздар қауымының қатысуымен өткен мерекеде шәкірттер ән салып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Теменов арнайы келіп, көпшілікті жаңа білім ғимаратының ашылуымен құттықтады.
«Өңірде жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін қыруар шаруа атқарылып жатыр. Соның бір жарқын дәлелі – бүкіл жұрт болып көптен күткен бүгінгі жаңа мектептің ашылуы. 320 орындық бұл білім ордасында балаларымыз мемлекеттік тілде білім алады. Әрине қазіргі жағдайға байланысты оқушылардың қашықтан оқуына тура келеді. Дегенмен, бұл қиындықтардың бәрі артта қалып, балалардың мектеп қабырғасында білім алатын күн де туар. Осы мектепті сапалы әрі уақытында тұрғызып, абаттандыру жұмыстарын да мінсіз атқарған мердігер «Алюминий құрылыс» серіктестігінің басшылығына да зор алғыс білдіреміз», – деді аудан әкімі Ерлан Теменов.
Мерекелік жиында мектеп ұжымын ардагер ұстаз Рыскүл Қайыркенқызы да құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.
Мектеп директоры Ғалым Ерішевтің айтуынша, мектеп сыныптарының бәрі компьютермен қамтамасыз етілген әр сыныпқа интерактивті тақталар қойылған. Спорт залына денешынықтыруға қажетті сан алуан спорт құралдары қойылған. Сондай-ақ екі спорт алаңы бар. Яғни, ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік мол.
Жаңа мектептің құрылысына жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.