Биыл өңір диқандары қамбаға 4 млн тонна астық құюды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде бүгінге дейін 700 мың гектардан астам алқап орылған. Әзірге бидай түсімі орта есеппен гектарына 10 центнерден келуде.
Осы жылы аймақты 4,1 млн гектар алқапқа дәнді дақыл егілді. Оның 84,8%-і – бидай, ал 640,5 мың гектар жерге майлы дақылдар сіңірілген. Мамандардың айтуынша, шілдеде басталған аптап ыстықтан астық тез жетілген. Сондықтан облыста орақ науқаны жылдағыдан ерте басталды.
Диқандар әу баста науқанға қарқынды кіріскен еді, әйткенмен, бір апта бойы жауған жаңбыр кедергі болып, техника тоқтап қалды. Алайда тамыздың соңы тамылжыған шуаққа ұласып, он шақты күндей тұрып қалған дала кемелері дәнді алқапқа қайта шыққан. Орақтың алдын әдеттегідей облыстың оңтүстік аудандары бастап келеді.
Мәселен, Әулиекөл ауданының диқандары алқаптағы бидайдың 30 пайызға жуығын бастырып үлгерген. Соңғы бірнеше жыл бойы жерден өнім ала алмай, шығынға батып, қарызы көбейген Науырзым ауданының диқандарына да биыл табиғат жомарт сыңай танытып тұрған сияқты. Ауданда 242 мың гектар алқапқа дәнді дақыл егілген. Оның 241 мыңын бидай, 19 мыңын арпа,9 мыңға жуығын майлы дақыл алып жатыр.
«Жаңбыр жауып, 1-2 аптадай тұрып қалдық. Одан кейін, міне, бір жетіден бері орақ қызып тұр. Барлық шаруашылықтар алқапта. Былтыр қуаңшылық салдарынан бидай түсімі гектарына небәрі 3,2 центнер болған. Биыл орта есеппен әр гектардан 7 центнер бидай алуды көздеп отырмыз. Бірақ өнім бұдан да жоғары болуы мүмкін. 3400 тонна жағармай қоры бар. Бәрі алып жатыр. Алдыгүні Дәмді жақта болдым, кеше аудан әкімімен Буревестникте болып қайттық. Орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр. Ауа райы осы қалпынан айнымаса, астықты белгіленген мерзім ішінде шашаусыз жинап аламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Қабидолла Омаров.
Дегенмен, Қостанай астығының негізгі қорын солтүстік аудандар береді. Бұл өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі – «Қарқын» агрофирмасы. Серіктестік басшысының сөзінше, бүгінге дейін шаруашылық астықтың тең жартысын жинап алған.
Жалпы, биыл Қостанай облысы дақылдарды әртараптандыру бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Облыстағы майлы дақыл көлемі өткен жылғыдан 130,4 мың гектарға артық. Алқаптарды әртараптандыру шеңберінде өңірде соңғы 4 жыл ішінде майлы дақылдар алқабы 289,1 мың гектарға ұлғайған. Бүгінде облыстың егін алқаптарында 9 мыңнан астам комбайн толассыз жұмыс істеп жатыр.