5 қыркүйекте ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында жыл сайын Қазақстан халықтарының тілдері күні атап өтіледі. Осыған байланысты, Қостанай облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова мемлекеттік тілді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілерге, журналистерге және қоғам қайраткерлеріне алғыс хаттар табыс етті.
Марапатталғандардың қатарында Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері де бар. Облыстық Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Евгений Лешков пен Қостанай қаласы полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторы Владислава Сидорова қазақ тілін еркін меңгерген. Ал полиция капитаны Евгений Лешков қылмыстық істерді мемлекеттік тілде де тергейді.
— Мен облыс орталығындағы қазақ-түрік лицейінде оқып, қазақ тілін меңгердім. Мемлекеттік тілді меңгерудің арқасында көп жетістікке жеттім, өйткені менің мамандығымда көмекке жүгінген азаматтарды түсіну маңызды, — дейді тергеуші Евгений Лешков.
Евгений – Қостанай қаласының тумасы. 1989 жылы дүниеге келген. Ең алғаш облыс орталығында орналасқан орыс тіліндегі мектепте білім алады. Тек 7 сыныпты Қостанайдағы дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде бастайды. Осы сәттен Евгений мемлекеттік тілді меңгереді.
-Қазақ-түрік лицейінде төрт тілді үйренуге мүмкіндік болды. Сабақ қазақ, түрік, ағылшын тілдіренде өтетін. Қазақ тілін меңгерген соң ақырындап түрік тілін де түсіне бастадым. Лицейді тәмамдап шыққанша төрт тілде де едәуір сөлейтін болдым, базалық білімнің пайдасы тиді. Шындығын айтқанда, 2000 жылдардың басында Қостанайда қазақша сөйлейтін адам аз еді. Мен сөйлегенде бәрі таң қалатын. Қазір бұл жағдайға көбісінің көзі үйренді. Мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің саны артты,-дейді Евгений Лешков.
Полиция лейтенанты Владислава Сидорова Арқалықта туып, бала кезінен қазақ тілін біліп өскен.
— Мен Арқалықта туып, Жарқайын ауылында өстім. Онда барлығы қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Менің ойымша, тәуелсіз Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді білуі керек, — дейді ювеналды полиция инспекторы Владислава Сидорова.
Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын жүргізуде қосқан үлесі үшін Қостанай облысы Полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы Кенже Қонысбай марапатталды.
Марапаттау рәсімінде Тілдерді дамыту басқармасының басшысы полиция қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгерудегі белсенділігін ерекше атап өтті.
«Оқу орталығында онлайн оқыту жалғасуда. Жұмыс режимінің күшеюіне қарамастан, қостанайлық тәртіп сақшылары әрдайым тілдерді үйренуге уақыт табады,» — деп атап өтті Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова.