Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тіл тазалығы – басты мүдде

Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы және «Жас отан» жастар қанатының және және Қостанай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өкілдерінің қолға алуымен Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында «Жаңа көшеге – таза жарнама» атты жастар акциясын ұйымдастырды. Мақсат – мемлекеттік тілде сауатсыз жазылған мәтіндерге қарсы күресу, заң қағидалары негізінде айыптыларға ескерту жасау.

Қателіктерге қарсы акциялар ұдайы ұйымдастырылып, бірі түзеліп жатса, басқасы пайда болады да тұрады. Мұның себебі де белгілі – кінәлілер ескерту алып қана құтылады, яғни заңнамада айыппұл салу жазасы қарастырылмаған. Егер талап қатаңдау болса, шағын және орта кәсіп иелері мемлекеттік тілді қолдануға бұлайша атүсті, бейсауат қарамас па еді деп санайды ұйымдастырушылар.

– Тіл мерекесі қарсаңында қолға алынған акция болып табылады. Бұл шараны Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы және Қостанай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе отырып жүзеге асырудамыз. Шара барысында қаламыздағы жаңа есімді иеленген Гагарин көшесіндегі сыртқы жарнамалар мен ақпараттық тақталары ілінген нысандарға барып қате бар, жоқтығын анықтайтын боламыз. Егер олқылық анықталатын болса, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, екің аптада уақыт ішінде дұрыстауы керек жөнінде ескертпе қағазын толтырамыз. Кейін межелі уақыт жеткен шақта қайта барып тексеретін боламыз, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Абай Жүсіпов.

– Өздеріңіз білетіндей 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Осы мереке қарсаңында «жаңа көшеге – таза жарнама» жастар акциясына қатысудамыз. Дегенмен де, өкініштісі жарнамалардың көбінде қателер анықталуда.  Тіл дамыту орталықтарының маманы нысан иелеріне ескерту жасайды. Ал, біздің тараптан түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қала жастарын сауаттылыққа шақыру, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Мәди Төкешов.   

Аталмыш шара барысында, «Рыбацкий домик» нысанындағы «дүкен» сөзі, «дұкен» деп жазылып кеткен. Ал, фаст-фуд өнімдерін сататын дүңгіршекте тек ақпарат орыс тілінде ғана жазылған, мемлекеттік тілде ақпарат жоқ. Ал, ҚР тіл туралы Заңының 21-бабында жарнамалар мен ақпараттар мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады деп анық көрсетілген.

Бұдан соң жолдың келесі бетіндегі «мода ательесін» бетке алды. Мамандар «Ирина» атты бұл нысанға «мода» сөзінің қазақшасы бар екенін айтқанша асық. Оның үстіне, көрсетілетін қызмет түрлері тек орыс тілінде жазылған. Мін-қателіктерін мұқият тыңдап алған қожайын өзгелер секілді кінәні жарнама агенттіктеріне сілтеген жоқ. Тапсырысты дәл осылай өзі бергенін мойындады. Ескерту алысымен, мұның оңай жөнделетін ағаттық екенін айтып, сыншы топты уәдемен шығарып салды.

Сол көшедегі «Анюта» сауда нысанының қабырғасында жарнаманың бірнеше түрі ілулі тұр. Оның арасынан тек орысша тілде жазылған ақпарат үшін нысан иесіне тіл дамыту орталығын мамандары ескерту жасап еді, қожайыны бірден жарнама қағазын өкілдердің көзінше алып тастады. Айтуынша ол бұрыннан ілінген көрінеді, қазір қажеті жоқ екен. 

Осылайша шара барысында көптеген нысандардағы қателерге ескертулер жасалып, 2 апта уақыт ішінде жөндеулері керектігі түсіндірілді. Кейін белгіленген уақыт өткен соң мамандар қайта келіп тексеріс жүргізетін болады. Тіл дамыту орталығы өкілінің айтуынша айыппұл салу Заңда қарастырылмаған. Тек ескертумен шектелеміз дейді. Осының себебінен көп нысан иелері ескертуді елемей жатады екен.