Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Тағзым мен тағылым» атты онлайн отырыс өткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауында: «Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды» деп атап өткен еді.
Осы орайда, жоғарыдағы Президент жолдауымен үндесіп жатқан шараның құттықтау сөз айтқан Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов екі жылдан кейін туғанына 150 жыл толғалы отырған ұлт ұстазының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында алда атқарылар жұмыстарға тоқталып, онлайн отырысқа қатысушыларды құттықтады.
Мәдени оқиғаның модераторы Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба, Орфографикалық жұмыс тобы бұған дейін оншақты отырыс өткізгенін, бұл өз кезегінде үлкен талқылауларға ұласқанын, ал Ономастикалық комиссияның үш отырысында еліміз бойынша 500атау өзгертілгенін, яғни саясаттың салқыны тиген көптеген көне атаулар қалпына келтіріліп, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты тұлғалардың есімі берілгені жайлы көпшілікті хабардар етті.
Жиын үстінде «Ұлт ұстазының тағылымы» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов кесек ойдың тиегін ағытып: «Тілдер мерекесі қазақ тіл ғылымының атасы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне тұрақтады. Бұл өте маңызды. Тарих аренасына шыққан кез келген халық өз тәуелсіздігі үшін күреседі. Қазақ тарихы да осындай азаттық арпалысына тұнып тұр. Ресей империясы мен қазақ халқының күші тең емес еді. Жаратқан иеміз сол алмағайып кезеңде халқымыздың көз жасына ұлы Абайды өмірге әкелді. Одан кейін халқына қалқан, жауына семсер болар алаш азаматтарының шоғыры қазақ көгіне шықты. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсыновты ерекше атаймыз» деді.
Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, Торғайдағы мұражайлар кешенінің басшысы Гүлбану Сәрсекейт.б.-лар ғалым туралы ойларын ортаға салып, өз ойларын айтты.
Ұл ұстазын ұлықтау жиынынан түсінгенімізҮкімет жанындағы республикалық Терминологиялық комиссиясының бұған дейін екіотырысы өтіп, әр қайсысында 500 астам термин мақұлданыпты. Бұл дегеніңіз 1000 астам жаңа термин қолданысқа еніп, тіліміз соншалықты сөзбен байыды деген сөз.
Сонымен қатар бас қосу барысында, қажырлы қайраткерлігі мен еселі еңбектері үшін Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық, ономастикалық комиссиясы мүшелері, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Техникалық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының мүшелері, облыстық тілдерді оқыту орталықтарының басшылары Мәдениет және спорт министрінің Алғысхатына, Тіл саясаты комитеті төрағасының Құрмет грамотасына ие болды.