Қостанайда қысы-жазы ашық аспан астында жұмыс істейтін «Therma Park» сауықтыру кешені ашылды. Аумағы 68 мың шаршы метрді құрайтын жаңа кешен «Kostanay Plaza» сауда, ойын-сауық орталығының жанынан құрылған. Үш қабатты ғимаратта түрлі 4 бассейн және 24 сауна бар.
Ойын-сауық орталығының ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.
«Мұндай кешен елімізде тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ғана бар. Осындай орындардың ашылуы туристердің қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді деп сенеміз. «Kostanay Plaza» сауда, ойын-сауық орталығының алғашқы бөлігін 2017 жылы пайдалануға берген болатынбыз. Ал «Therma Park» құрылыстың екінші бөлігі. Екі кешенде 250 азамат кәсібін ашып, 1 150 жұмыс орыны құрылды», — деді кешеннің ашылу салтанатына қатысқан Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
«Therma Park» сауықтыру орынында қысы-жазы ашық аспан астында жұмыс істейтін жылы сауықтыру бассейндері бар. Кешеннің төбесінде орналасқан бассейндердегі ыстық судың температурасы 30°C градус деңгейінде. Жан-жағы қоршалған. Қатты аязда төбесі пленкамен жабылады. Теңіз суы бар бассейндегі арнайы қондырғы тұзды электролиз әдісі арқылы бөліп шығаруға мүмкіндік береді. Бұл суда жағымсыз иістің болмауын қамтамасыз етеді.
«Кешен бір уақытта 1 600 адамды қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, сауда орталығының екінші ғимаратында 183 көлікке арналған автоматтандырылған паркинг және 600 көлікке арналған ашық тұрақ бар. Яғни, екі нысанның көшедегі тұрағына бір мезетте мың көлік сыйып кетеді», — деп атап өтті кешеннің құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания директоры Игорь Ким.
Айта кетейік, мұндай «Therma Park» Ресейдің Ижевск қаласында бар. Қостанайлық мамандар аталған сауықтыру орталығының жобасын Ресейдегі кешенді негізге ала отырып жасаған.