Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, диқандар егіс алқабының 62 пайызын жинап алған. Биылғы орақ орташа есеппен әр гектардан 9,6 центнер түсім беруде.
Облыстың оңтүстік аудандарындағы бірқатар шағын шаруашылықтар азын-аулақ астығын шашаусыз жинап та алған. Ал іргелі ірі шаруашылықтар дәнді дақылдың басым бөлігін еңсеріп, енді майлы дақылға орақ салды.
Арқалық қаласына қарасты 17 ауылдың диқандары биыл жалпы аумағы 270 мың гектар алқапқа бидай егіпті. Диқандар бүгінде орақ науқанын еңсеріп те қалған. Егін шығымы жаман емес, орта есеппен гектарына 7-8 центнерден келеді. Табиғаты қуаң Торғай өңірі үшін бұл жақсы көрсеткіш, дейді арқалықтық диқандар.
Ал облыстың солтүстік аудандарында тамыз айындағы аптап ыстық бидайдың сапасын біршама төмендетіп жіберген. Соған қарамастан, бидай шығымы былтырғыдан жоғары. Таяуда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алқаптарды аралап, жиын-терін барысын аңдап көрді.
– Ең бастысы – бар мүмкіндікті пайдаланып, жер ырысын шашаусыз жинап алу керек. Жанар-жағармай жеткілікті, баға тұрақты сақталады. Техника паркі де сайлы. Күн сайын мониторинг жүргізіп отырмыз. Алқаптардың 60 пайыздан астамы орылды. Енді екі аптадай күн ашық тұрса, бидайды толық жинап алуға мүмкіндік бар, – деді аймақ басшысы.
Облыстың оңтүстік өңірлеріндегі бірқатар шағын шаруашылықтар орақ науқанын аяқтап та қалған. «Биыл жер ырыздығы мол, жанармай қоры да жеткілікті. Соңғы бір-екі жыл бойы өнім ала алмай келіп едік. Осы жылы қордаланып қалған біраз қарызымызды жауып, тіпті пайда түсіруден де үміттеніп отырмыз, – дейді олар.