Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қазақ театрына – 20 жыл

18 сентября 2020 16:00 • 1 067 просмотров

Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ дарама театры өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті хабарлайды.

Біле білген адамға қазақ театр және кино өнерінің бастауы Қостанай топырағымен тікелей байланысты. Тұңғыш «Амангелді» көркем дыбысты фильмінің сценарийін жазған авторлардың бірі ХХ ғасырдың әдебиет майталманы, жазушы-драматург Бейімбет Майлин болса, оның басты рөлінде Тобыл жерінен шыққан даңқты актер, Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов, рөлдерді белгілі өнер майталмандары, Қазақстанның халық әртістері, жерлестеріміз – Қапан Бадыров пен Серке Қожамқұловтардың сомдағаны біз үшін зор мақтаныш.

Бұл тұлғалар – қазақ кино және театр өнері мен тұтас мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнеріміздің алтын діңгегіне айналған қайраткерлер. Торғайдың Батпаққара жерінен шыққан дарын иесі Әнуар Боранбаевтың есімі де еліміздің кино-театр саласында алтын әріппен жазылып қалды. Ал қазақ өнері мен мәдениетінің тарихы Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-публицист Ілияс Омаровтың есімімен етене аралас десек, артық айтқандық емес.

Міне, осындай хас таланттар шоғыры шыққан өңірде өнер ошағының болуы заңдылық та. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялаған 2000 жыл Қостанайдың ұлттық өнері үшін зор қуанышпен есте қалады. Өнер ордасының негізін қалау науқаны басталып та кетті. Айтуға оңай-ақ, бірақ жаңадан тұтас бір ұжым құру деген – қиыннан қиыстыра жол табумен бірдей шаруа. Театрға сай ғимарат керек, кәсіби мамандар шақыру, оларды баспанамен қамту секілді толып жатқан жұмыс шаш-етектен. Сол жолы «Юность» мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, құрылыс жұмыстарымен қоса, әртістердің баспанасына деп қаражат бөлінді.

Аймақ сол кездегі әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Римма Ғайсенова, театрдың алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Жамбылбек Есенбековтің зор жемісі әрі жеңісі – Батыс Қазақстан, Арқалық, Жезқазған театрларынан сақа әртістер мен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 22 студентін шақыртқаны болды.

2000 жылдың 14 қыркүйегі күні облысымызға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапарлап келгенде, «Абылай хан» тарихи драмасы сахналанды. Дәл осы күн театр іргетасының қаланған күні болып тарихта қалды. Ал Тұңғыш Президенттің ұсынысымен 2000 жылғы 20 қазанда өнер қарашаңырағына белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Ілияс Омаровтың есімі берілді. Содан бергі жеткен жетістігі толайым, бүгінде репертураға бай, талай белестерді бағындырған іргелі өнер ұжымына айналды. 2012 жылы Ілекең қарашаңырағы Қостанайдың орталығындағы жаңадан салынған ғимаратқа қоныстанды. Биыл пандемияға байланысты мәдениет ордасының қаншама жоспары іске аспай жатыр. Бірақ соған қарамастан, әртістер жазғы уақытта табиғат аясына шығып, онлайн форматта Абай өлеңдерін, қара сөздерін, спектакльдердің үзінділерін сахналады.

Енді, міне, жиырма жылдық мерейтой күні театр өз мұражайын, шайхана залын ашып отыр. Бұл – Әлімхан Мырзахан басқаратын тұтас ұжымның өткен тарихы ғана емес, көрерменнің жүрегінде қалған талай құнды мұра екені анық. Мұражай төрінде Ілияс Омаровтың  портреті, қайраткердің жұмыс орнынан бастап, өнер ұжымында іргесі қаланғаннан бергі еңбек еткен азаматтардың жеке заттары, суреттер, белгілі тұлғалар сыйға тартқан дүниелер, этнографиялық заттар және басқа да көз тартар дүниелер қойылған. Бұл музей қарашаңырақтың шежіресінен сыр шертіп тұратын тарихи мүйіске айналмақ.

Бұдан соң театр ұжымы жиылған қауымға өнер көрсетіп, түрлі қойылымдардан үзінді отырдап, ән мен жырдан шашу шашты.

Мерекелік шараның шарықтау шегінде облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов саланың ерек еңбегімен еленген бірқатар маманын марапаттады.