Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлтын сүйгендер үлкен іс тындырды

19 сентября 2020 15:00 • 1 086 просмотров

Әңгімені көзіміз көрген жарқын істен, жақсы мысалдан бастайық. Әдіс Тәшенов пен Бибігүл Бейсембаеваның мектеп жасындағы төрт баласын ертіп, Талдықорғаннан Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Сорочинка селосына қоныс аударғанына бір айдан енді ғана асты. Үлкен үш баласы студент, Талдықорғанда оқиды. Бір-екі төсек жаймасын, киім-кешегін ғана алып, пойызбен жетіпті. Олар Сорочинкаға келгенде сыры кеппеген төрт бөлмелі үй дайын тұрған еді. Ертеңіне отағасы Әдіс жергілікті «Агро парасат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүргізуші болып орналасты, ал Бибігүлдің жұмысы жолға шығарда-ақ шешіліп қойған еді. Мұндағы орыс мектебіне қазақ тілі маманы керек болатын. Мұғалім келе жатыр дегенде мұндағы мектеп ұжымы мен ауылдағы ата-аналар ерекше қуаныпты.

            – Талдықорғаннан бізді еш­кім қуған жоқ. Бірақ шиеттей жеті баланы асырап жеткізу үшін отбасымызға кіретін табыс жеткілікті болуы тиіс екенін ой­ладық. Отбасымыз үлкен, бірақ осы уақытқа дейін мынадай төрт бөлмелі үйде тұрып көрген емеспіз. Балаларым да кең үйде рахаттанып қалды. Ал өзімнің мұғалім ретінде арман-мақсатым да биік, – дейді Бибігүл қуанышын бөлісіп.

            Сонымен жұмысы жоқтар жұмыс тапты, ауылға маман ке­ліп, үміт оты жағылды. Бұл бір сауапты іс еді. Енді сауап­ты істі жалғағандар кімдер деңіз? Жыл сайын оңтүстік облыстарда өтетін солтүстіктегі бос орындар жәрмеңкесі ме? Жоқ. Бір күні Бибігүлдің смартфонында «Жаңа аймаққа көшу» деген чат пайда болды. Кімнің жібергеніне де назар аудармапты. Оқып шықты. Чатта отырғандар оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатындар үшін ақпарат береді екен. Алдымен түсінбей қалды, интернетті кезіп жүретін бос сөз бе деп қалғаны да рас. Чатты жиі ашып, ондағылардың ақпаратын оқи бергісі, тыңдай бергісі келгенін өзі де байқады.  Чаттағылардың барлығы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған жұмыс күші көп оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасын шемішкеше шағып тұр. Сөз­дерінен керемет жылылық, бауыр­малдық, елжандылық пен ұлт­жандылық еседі. Бибігүл де солтүстік облыстардың біріне көшкісі келетінін жазды. Оған чаттан Серік Әлтаев жауап беріп, Бибігүлдің отбасы, жолдасының, өзінің мамандығы, жағдайлары туралы сұрады. Өздерінің атқарып отырған волонтерлік жұмыстары туралы айтты. Ол Бибігүлге қазақ тілі пәнінің мұғалімі қажет Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Сорочинка селолық округінің әкімі әрі өздерінің еріктілер тобының мүшесі  Берік Қалмұратовтың телефонын беріп, сәт сапар тіледі. 

            – Берікпен хабарласқан соң, жолдасымыз екеуміз бала­лар­ды жетектеп, Қостанай қай­дасың деп тартып отырдық. Өйт­­кені Беріктің де, Серіктің де, еріктілер тобындағы басқа да кісілердің жауапкершілігіне имандай сендім әрі таңғалдым. Біз келгенде Берік үйді де, жұмысты да дайындап қойған.  Жергілікті жердің ерекшелігі туралы да айтып түсіндірді. Енді Қостанайдың қарынан да, боранынан да қорықпаймыз, арқамызды қабырғаға тірегендей сенім күшті, – дейді Бибігүл. Қостанайға Түркістан облысының Ордабасы ауданынан қоныс аударғанына бір жылдан енді асқан Берік Қалмұратовқа жер­гілікті тұрғындар сенім артып, селолық округ әкімі болуына дауыс беріпті. Ол өзінен кейін тағы үш отбасының көшіп келуіне ықпал етіпті. Өзін тек әкім емес, тәжірибелі ерікті санайды.

Сөзімізге мысал болған Әдіс  пен Бибігүлдің құтты қонысын табуы  «Жаңа аймаққа көшу» чатын құрған еріктілер бүгінгі игілікті іске бірден келмепті, ізденіске толы жолдан өтіпті.

– Біз Фейсбук әлеуметтік же­лі­­сінде отырып, Нұр-Сұл­тан­­да, Алма­тыда, басқа қалаларда үйсіз-күйсіз жүрген көпбалалы, жалғыз бас­ты ана­лардың қамын ойлаушы едік. Оларға қаржы жинап беріп, қа­йы­рымдылықпен айналыстық. Бірақ қайырымдылық мәселені шешпейді екен. Қандастар құрған «Шындықтан қаша амайсың» чатында да жүрдік. Бірде тек қан­дастар мәселесін қаузай бермей, ұлтымызға тән басқа да өзекті мәселені көтерейік  дедік. Сол үшін «Мәселе алаңы» деген чат аштым. Қатарымыздағы аз адам  не істеу керек екенін ойлана бас­тадық. Петропавлдық  Садыр­жан Аният: «Бауырлар, қазір қазақтың көші өткір мәселе емес пе? Солтүстікте мектептер жабылып жатыр, ауылдар босап қалды. Осыны көтерейік те» деп жазды. Біз мұны бір ауыздан қолдап, чат­тың атын, «Жаңа аймаққа көшу» деп өзгертіп, сол сәттен бастап жұмысқа кірістік, – дейді ерікті, қызылордалық Гүлжан Батталова.

            Еріктілердің бұл қадамы әлгі үйсіз-күйсіз жандарға балық емес, қармақ берумен бірдей еді.  Жа­ңа чатты барынша таратып, тығы­рықтан шыға алмай аңтары­лып жүрген жандарға солтүстік өңірге барып, тірлік жасауына жол көрсету басты мақсат болды. Еріктілер өркениеттің озық жаңалығы интернетті ұлт пайдасына пайдаланудың тамаша үлгісін көрсетті. Өздерінің де қатары то­лыға бастады, Арыстағы жарылыстан кейін Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына жеті баласын жетектеп қоныс аудар­ған Серік Әлтаев, Арыстан  құқық қорғаушы Сәбитхан Сәрсенбаев, Петропавлдан   мем­­лекеттік қызметтен тәжі­рибесі мол Нұржамал Там­бе­това, Павлодарға Арыстан қоныс аударған Нұржамал Өмір­бекова, Өскеменнен Гүлшат Құрманова, Петропавлдан Ер­лік Мұхамеджанов, Гүлзада Ізтілеуова, Қостанайдан Берік Қалмұратов қосылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып дегендей, бірлікпен белсене іске кірісті.

            – Таңертеңнен түннің бір уағына дейін чатқа түс­кен сұрақтарға жауап береміз, ұйық­тасақ  телефон жасты­ғы­­мыз­дың жанында жататын бол­ды. Бұл жеңіл жұмыс емес. Тобы­мыздағы Сәбитбек Сәрсен­баев пен Нұржамал Тамбетова біз­ді мемлекеттік бағдарламалар, еліміздің заңдары туралы ақпа­раттармен қамтамасыз етіп, жол көрсетіп отырады. Тә­жі­ри­белері мол, көп нәрседен хабардар етіп, көзімізді ашты. Істің шашырамай сауатты, тәртіппен жүруіне үлкен ықпал етті, – дейді «Жаңа аймаққа көшу» чатының уығын қаласқандардың бірі, алматылық Әсия Қарабалина. Бірлік, адал жұмыс – ұлтым дегендердің ішкі қуаты екен.

            Қазір жұрттан сұраныс тым көп болғандықтан, уатсап желісі көтере алмай, «Жаңа аймаққа көшу» чатынан «Қостанайға көшу тобы», «Павлодарға көшу тобы», «Петропавлға көшу тобы», «Шығыс Қазақстанға көшу тобы»,  «Админдік кеңес офисі» деп аталатын және Телеграмм желісінен бір чат ашып, барлығы 6 чатты бөлуге тура келді. Еріктілердің жұмысы  мемлекеттік бағдарлама­ның жүзеге асуы үшін ең керек нәрсенің бірі халықты ақ­па­рат­тандыру, түсіндіру жұмы­сын кеңінен жүргізу екенін айқын­дады. Олар чатта тек ақпарат беріп ғана қоймайды, қоныс аударушы орналасқанша істі қиюластырып, үйлестіріп отырады. Жұрттың көзін жеткізу үшін чатқа, әлеуметтік желілерге солтүстік облыстарға қоныстанған отбасылардың тіршілігін видеоға түсіріп салып отырады. Қай облыста қандай бос орын бар, ол ауылдың әлеуметтік жағдайы қалай екенінен хабардар етеді, жергілікті атқару органдарының өкілдерімен байланысады.

            – Қазір солтүстік өңірлердегі жергілікті шенеуніктер біздің пікірлерімізбен, талаптарымызбен санасатын болды. Бейқамдық, бейжайлық жоқ, – дейді Гүлжан Батталова.

            «Жаңа аймаққа көшу» чатынан бөлінген топтардың қайсы­сына кірсеңіз де қайнаған өмірге тап болғандайсыз.  Чаттағы ерік­ті­лердің еңбегін бөле жаруға болмайды, олардың ұлт қамы үшін құлшынысы сүйсіндіреді, бо­лашаққа деген сенімді кү­шей­те түседі. Еріктілердің арқа­сында осы жазда тек Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына ғана 53 отбасы көшіп барған. Оған осы ауданға қоныс аударуға ниеттеніп келгендерді қолынан жетектеп жүріп жақ­сы, арзан үйлерді, қолайлы жерлерді көрсететін, жүгіріп жүріп бәріне уақыт табатын Серік Әлтаевтың еңбегі, қосқан үлесі қомақты. Шығыс Қазақстаннан, Қос­танай мен Павлодардан құт­ты қонысын тапқандар да жет­кілікті.

            Еріктілердің айтуын­ша жүгін түйіп, солтүстік облыс­тарға көшуге қопаңдап отырғандар саны да көбейіп келе жатқан көрінеді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың көрмегені жоқ-ау, бірақ   сақтаған да, жығылғанда қайта тұрғызған да, алға сүйреген де сырттан келген құдірет емес, халқымыздың іштей ширығуы, ішкі қуаты еді. Бүгінгі еріктілердің қимылы да қазақтың осы мінезін айтып тұрғандай. Айтпақшы, ерік­тілер Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жыл­ды «Волонтер жылы» деп белгілегенін қуана қолдаған. Ал олардың қолға алған ісі уақытпен өлшенбейді, әр қазақтың көңілі тоғайғанша жалғаса береді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»