Қостанайда 1939 жылы латын қарпінде жарық көрген Абай өлеңдерінің жинағы табылды. Кітапты алғаш ҚР Ішкі істер министірлігіне қарасты Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкері Мырзабек Тұйғанов жұмыс орнына әкеліп, әріптестеріне таныстырған.
«Құнды еңбек маған нағашы атамның інісі, марқұм Серемет Асыблекұлынан мұра болып қалған. Ол кісі кітапты көп оқитын және сирек шығарылатын шығармаларды жиі жинайтын еді. Жас кезімде ауылға бір барғанымда нағашым осы латын қаріпінде жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағын сыйға тартқан болатын. Сол уақыттан бері кітап менің үйімде сақталып келді. Биыл Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл, оған қоса Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елімізде латын әліпбиіне көшу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан, кітапты үйде сақтағанша, онымен арнайы тіл мамандары танысып, зерттесін деген ниетпен таныстырып отырмын, — деді кітап иесі Мырзабек Тұйғанов.
Кітаптың алғы сөзін Сәбит Мұқанов жазған. Құнды еңбекке ұлы ақынның өлеңдерімен қатар «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмалары енген.
«Абай өлеңдері топтастырылған кітап негізі екі том болып жарыққа шыққан. Табылған соның бірінші томы. Екінші томы 1940 жылы Мұхтар Әуезовтің алғы сөзімен жарық көрген екен. Кітаптың сыртқы мұқабасы тозған, алғашқы бетіндегі алғы сөздерден бірнеше бет және соңындағы түсініктемелерден бірнеше бет жоғалған. Ал қалған өлеңдер мен поэмалары толық сақталған», — деді Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы коммуникация бөлімінің басшысы Құрбанәлі Ермұратов.
Мырзабек Тұйғанов кітапты ҚР Ішкі істер министірлігіне қарасты Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының мұражайына табыстаған. Айта кетейік, академия мұражайында бұған дейін Мұхтар Әуезовтың домбырасы, сонымен қатар Шырақбек Қабылабевтың жеке бұйымдары мен қолжазбалары сақталған.