Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазіргі уақытта әрбір игі іске, жарқын жобалардың бастауына негіз болып отыр. Бағдарлама аясында туған ел перзенттері ұлттық санамызда, тамырымызда бүлкүлдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетіп, Амангелді ауданының көркеюіне атсалысып келеді.
Биылғы жылы қоғам қайраткері, табысты кәсіпкер Қайрат Советайұлының тікелей қолдауымен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 133 миллион теңге қаражат бөлініп, Әнуар Боранбаев атындағы орта мектеп жанандағы интернат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Интернаттың жөндеу жұмысы толық аяқталуына орай қолданысқа берілу іс-шарасы салтанатты түрде өтті.
Іс-шараға барысында аудан әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөз сөйлеп, Қайрат Советайұлына, «Алюминқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұқанов Абай Құспанұлына Алғыс хат табыстады. Аудан экономикасы қосып отырған мол үлестері мен ел мүддесі жолындағы жасампаз еңбектеріне толағай табыстар тіледі.
Сонымен қатар, Боранбаевтар әулеті атынан кәсіпкер Е.Сейтжанов, «Алюминқұрылыс» ЖШС директоры А.Мұқанов және ата-аналар атынан Т. Тіленова сөз алып, ізгі тілектерін білдірді. Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының бас маманы Б. М. Сейдахметова Қайрат Советайұлына облыстық білім басқармасының басшысы Байменова Зәуре Әнуарбекқызының арнайы Алғыс хатын табыстады.
Қайрат Советайұлы – Амангелді ауданының дамуына атсалысып, үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан біртуар азамат. Шексіз зерденің ғана емес, зор қамқорлық иесінің бастамасымен 2018 жылы қазақ өнерінің ақтаңгері, кино өнерінің һас шебері, Қазақстанның халық әртісі Ә. Боранбаев атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, игі бастама аудан жұртшылығын зор қуанышқа бөлеген еді. Қайрат Советайұлының туған жердің дамуына іңкәрлікпен атсалысудағы ерен еңбегі – халыққа тағылым, ұрпаққа өнеге.
Бүгінгі күні интернатқа аудан бойынша 55 бала орналасқан. Интернаттың күрделі жөндеуден өтуі шалғай орналасқан ауылдық елді – мекендердегі оқушылардың сапалы білім алуына зор мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ, Амангелді ауданының меценаттары соңғы 3 жылда 100 млн. теңгеден астам сомаға 8 спорт нысанын салды! 140 млн. теңге сомасына тағы 3 спорт нысанын осы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Дені сау ұлт — еліміздің өркендеуінің кепілі. Бұл туралы Амангелді ауданының тұрғындары нақты біледі, сондықтан олар кіші отанның спорттық инфрақұрылымын дамытуға қаражат салуда.
Мысалы, осындай қамқор азаматтардың бірі — Серік Қазымбекұлы Қанапин. 2019 жылы ол Амангелді ауданы Б.Қолдасбаев атындағы мектеп жанынан құны 12 млн. теңгеге шағын футбол алаңын салды.