Қостанай облысында 157 мектеп қашықтан оқыту форматына көшті. Сондай-ақ, компьютер алуға 1,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық Білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова баспасөз брифингінде мәлім етті.
Бүгінде аймақтағы 493 мектептің 336-сы штаттық режимде жұмыс істейді. Мұнда 22 мың оқушы білім алады. Ал 88 мың оқушысы бар 157 мектеп қашықтан оқыту форматына көшті.
«Бастауыш сыныптарда ата-аналардың өтініші бойынша толымдылығы 15 адамға дейінгі кезекші сыныптар жұмыс істейді. Онда қатаң санитарлық шаралар сақталған. Ғимараттың кіреберісінде және шығар жағында күн сайын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Педагогтар мен оқушылар үшін термометр қойылған, олар күнде таңертең гигиеналық фильтрден өтеді. Оқуды штаттық режимде ұйымдастыру үшін мамыр айында облыстық бюджет қаражатынан білім беру ұйымдарына жеке қорғаныш және дезинфекциялау құралдарын сатып алу үшін 30,5 млн теңге бөлінді. Облыстық мәслихаттың сессиясында қосымша дезинфекциялау құралдарын сатып алуға 206,5 млн теңге мөлшерінде қаражат қарастырылды», — дейді Қостанай обылсы әкімдігі білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова.
Қашықтан оқыту форматында мұғалімдер мен оқушыларды компьютермен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Жазғы кезеңде жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңгеге 6 мың компьютер сатып алынды. Бұған қоса үкіметтік резервтен қаражат бөлініп, облысқа 1584 компьютер жеткізілді, олар облыстың 8 өңіріне таратылды.
«2020 жылы мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына бейнебақылау камераларын орнату үшін 187,2 млн теңге бағытталды. Жыл соңына дейін облыс мектептерінде жылы дәретханалардың болуы мәселесі де толық шешілетін болады. Амангелді ауданының 11 мектебінде және Жангелдин ауданының 3 мектебінде жылы дәретханалар орнатылмаған. Оларды ішкі санитарлық тораптармен жабдықтау үшін облыстық бюджеттен 23,9 млн теңге бөлінді», — деп атап өтті Зәуре Байменова.