Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Ыбырай жасаған окулық ең алдымен, орыстың қала берді Еуропа оқымыстыларының педагогикалық көзқарастары мен оқыту, тәрбиелеу әдіс — тәсілдеріне негізделіп жасалды, бірақ ұстаз оларды талғам-талдаусыз, сол күйінше ала салған жоқ керісінше, оған енетін материалдарды қазақ балаларының түсінік -танымына сәйкес етіп алды, өзі де осы талапқа орай әңгіме, өлеңдер жазып қарастырған хрестоматиясына қосты. Сөйтіп, ұлы ағартушы — ұстаз халқымызды білім бұлағынан сусындатып, өзге мәдениетті елдердің қатарына қосуға бойыңдағы бар күш-қуатын, білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тыңнан жол салып, соған бүкіл саналы өмірін арнады. Ыбырай ауыл шаруашылық, қолөнер мектептерін ұйымдастырады. Ол қазақ жерінде алғаш қыздар мектебін ашқан.
Талай дана – данышпан, дарабоз тарихи тұлғаларды дүниеге келтірген дархан Қостанай топырағында ұлтымыздың алғаш білім қоңырауын соққан ұстаз Ыбырай Алтынсарин да туған.
Ыбырай (шын аты Ибраһим) Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай қаласындағы Затобол ауданында дүниеге келген. Ыбырай үш жасқа келгенде әкесі Алтынсары қайтыс болады. Оны Кенесары шапқыншылығында өлтіріп кетеді. Ыбырайды әкесінің досы Жетібай Өтемісұлы құтқарып қалады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін тәлім-тәрбиені атасы Балғожа биден алады. 1846 жылы Балғожа би Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылатын мектепке Ыбырайды жаздырып қояды. 1850 жылы 22-тамызда сол мектепке Ыбырай алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады. Ол уақытын жан-жақты білім алуға ерекше ынтамен кіріседі.
Балғожа Жаңбыршин жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған Торғай, Тобыл және Аят өзендері аралығында көшіп қонған Орынбор шекара комиссиясының пікірінше, ол «адамдарды басқару жағынан да, жалпы орда істері жөнінен де өз руластары алдында өте беделді болған.
Ол ұзақ уақыт Орынбордағы погран (шекара) комиссиясы қол астында, қыпшақ старшина болып қызмет істеген, патша үкіметінен шен-шекпен алған ірі феодалдың бірі, яғни белгілі би, ірі бай болған кісі.
Балғожа би немересі Ыбырайды жасынан-ақ адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға алып жүріп, билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, атасын жерге қаратпай, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленеді. Оның бұл турашылдық шешендік қасиеттері Торғайда сот істерін жүргізген кездерінде айқындала түседі.
«Іздегенге сұраған» дегендей, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап патша үкіметі қазақ даласын бағындырудың, билеп-төстеудің тағы бір жаңа әдісін қолдана бастады: қазақ балаларына арнап мектептер ашуға кірісті. Сонымен бұл мектеп 1850 жылы 22 тамыз күні Орынбор қаласында ашылды. Оған қазақтың 30 баласы алынды, солардың бірі 9 жасар Ыбырай болды.
Ыбырайдың нағашылары – елін, жерін жатжерлік басқыншылардан қорғауға белсене қатысқан, әскери «Тархан» атағын қазақта тұңғыш алған асқан батыр, мәмілегер Жәнібек Қошқарұлының ұрпақтары. Жәнібектің тұңғышы Дәуітбай әкесі сияқты жау жүрек, хас батыр болған адам. Жәнібек қайтыс болғаннан кейін соғыс министрлігі алқасының 1759 жылғы жарлығымен «Тархан» атағы Дәуітбайға көшіріледі. Дәуітбайдан 9 бала, солардың бірі – Мұса, Мұсадан- Шеген. Шегеннен жеті ұл, екі қыз туады. Сол қыздың бірі – Айман Ыбырайдың анасы еді.
Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы ) Перовский уезіне қарасты Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді. Айғаныс өзі оқымаған адам болғанмен, Ыбырайдың шығармашылық жұмысына барлық уақытта да жағдай жасап отырды.
Ыбырайдың жанұясында көпке дейін бала болмайды, сондықтан ол қазақ арасында жиі кездесетін салт бойынша інісі Оспанның Хамитбек деген баласын алып тәрбиелейді. (ол алты жасында қайтыс болады).
Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа жас кезінде ауырып қайтыс болады.
Әкесінен жастай қалған Абдолла ұзақ уақыт оқи алмай, шаруашылықпен айналысады.
Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немере қызы. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған Айғаныстың көзін көріп өскен.
Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келді. Нағима бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады.
1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен ұлы Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымдары ретінде қуғындалған. 1928 жылы Нағиманың әкесі Абдолла да кәмпескеге ұшырап, Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударған. Ол Қырғызстанның Тоқмақ қаласында тұрды. Абдолланың өкпесіне суық тиіп Қошанның немересі Нұрахметтің қолында қайтыс болған. Жамбыл облысы Қордайдағы зиратқа жерленген.
Қырғызстанда Ыбыраева Нағима тұрмысқа шығып, күйеуі соғыста қаза табады. Бірнеше жылдан кейін Нағима Аманкелдиев Байдабек деген кісіге қосылып, 2 баланы дүниеге әкеледі: Жұмакүл мен Дулат. 1959 жылы ол Қырғыз еліне Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы «Жамбыл» атындағы совхозға көшіп келеді. Өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді.
1998 жылы 30 наурыз күні 82 жасында қайтыс болды.
Қазақ халқының дарынды перзенті Ыбырай Алтынсарин аса күрделі тарихи кезеңде, патша үкіметі Шығыс халықтары арасында қатаң отарлау саясатын жүргізіп жатқан кезеңде өмір сүрді. Қазақ халқының тарихында Ыбырай Алтынсарин ерекше роль атқарады. Ол қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты.
Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді.
Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды. Ол мәдениет пен білімнен артта қалған ел-жұртын көрші елдің өнер-білімін, техникасын игеруге шақырып қана қоймай, сол игі істі тікелей жүзеге асыруға да өлшеусіз үлес қосты. Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазіргі өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, ірі қоғам қайраткері деп бағалап құрмет тұтады.
Ыбырай Алтынсариннің жұмысы жастарды үш тілді игеруге, сауатты және жоғары білікті маман болуға шақыратын елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың үндеуімен үлеседі.
Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.