Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Марафон Тобыл төріне жетті

12 октября 2020 11:00 • 512 просмотров

«760greenkm» жобасы аясында жер жәннаты Жетісудан жүгіріп шыққан экомарафоншылар Тобыл төріне аялдады. Марафоншылар 18 күн ішінде 18 қалаға ат басын тіреп, ағаш көшеттерін отырғызуды көздейді. Талдықорғаннан 20 қыркүйекте шыққан үш әуесқой спортшы бұған дейін 8 қаланы жүгіріп өтіпті. Қостанай – тоғызыншы қала.

Игі шара алматылық кәсіпкер Ғалым Чуашевтың бастамасымен қолға алын­ған. Ал ұйымдастыру жағы Дмитрий Кимге жүктелген. Екі азаматқа қол­дау көрсеткен Айдын Сәдібеков те серік­терімен бірге жолға шыққан. Марафон­шылар еліміздегі экологиялық мәселе­лерге көпшіліктің назарын аударуды мақсат тұтады.

– Әр қалаға тоқтап, алдымен 42 шақырым марафон жүгіреміз. Одан кейін тал отырғызамыз деп шештік. Осы­лайша ең кемі 760 ағаш көшетін отыр­ғызуды жоспарлап отырмыз. Әр өңір­ге аялдаған сайын сапымызға жер­гілікті ма­рафоншылар қосылып жатыр. Сол кіс­ілер жол көрсетеді, – деді Ғалым Чуашев.

Таңғы сағат 8:00-де облыстық әкімдік ғимараты алдындағы алаңда жиналған марафоншылар орталық стадионға барып жүгірді. Ғалым Чуашев 42 шақырым 195 метр қашықтықты бағындырса, Дмитрий 22 шақырымды жүгіріп өтті. Жалпы есептегенде, акция аясында Ғалым 380, Дмитрий 190 шақырымды бағындырыпты. Айдын да біраз жер жүгірді. Бірақ жарақатына байланысты жүгірісін тоқтатты да, оны есепке тіркетуден бас тартты.

Алыстан ат арылтып жеткен меймандар сапына экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын қостанайлық спортшылар да қосылды. Марафон аяқталған соң, спортшылар Тобыл жағалауындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябаққа 15 ағаш көшетін отырғызды.

– Біз Қостанайға дейін еліміздің 8 қаласында 200-дей көшет ектік. Кейбір қалаларда, тіпті, екі жерде ағаш отырғыздық. Алайда уақыт тығыз, мұндай мүмкіндік көп бола бермейді. Акция аяқталғанша, жалпы саны 760 ағаш көшетін отырғызуды көздеп отырмыз, – деді Айдын Сәдібеков.

Марафоншылар қала мен қаланың арасына өз көліктерімен жетеді. Олардың ендігі бағыты – Ақтөбе қаласы. Экошара қазанның жетісі күні Алматы қаласында аяқталады.