Қазақ музыкасындағы ірі мәдени құбылыстардың бірі күй өнері. Кәсіби аспаптық музыка санатындағы күйлер көпшілік жағдайда домбыра мен қобызда, сыбызғыда орындалатын болған. Әсіресе домбырада орындалатын күйлердің саны қомақты. Қазақ арасындағы күйші-домбырашылардың шығармашылығының ауқымды болуы бұл аспаптың жалпы халықтық сипатқа ие болуына әсер етті.
Байжігіт, Тәтімбет, Сүгір, Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап секілді аса ірі өнерпаздар өзіндік қолтаңбасы бар күйшілік мектептерін қалыптастырып, күй өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ел ішіне кең таралған домбырашылық Торғай өңірінде де ерте заманнан тамыр тартқан өнер. Біз бүгінгі мақаламызда осы өңірдегі өмір сүрген күйші-домбырашылар жайлы сөз қозғамақпыз.
Торғай өңіріндегі ерте заманнан аты жеткен күйші – Қарабас Көшейұлы. Қарабас Есім хан заманында қол бастаған Арғын Шақшақ батырдың немересі. Ел арасында көне күннен жеткен өлеңнің бірінде:
Батыры Шақшақ екен Есім ханның,
Қорғаны болып жүрген жалғыз жанның.
Қорсының Есім жетіп басын алды,
Бар екен Тұрсын ханның жалғыз қызы,
Шақшаққа берейін деп есін алды.
Тұрсынның қызын қосып баласына,
Ер Шақшақ нақсы арын кесіп алды, — деп айтылады.
Шәкәрім өзінің «Қазақтың қайдан шыққаны» туралы еңбегінде Есім хан 1628 жылы Тұрсын Мұхамед ханды өлтіріп, Қатаған елін шапқанын, Тұрсынның Айбике, Нұрбике, Қоңырбике атты қыздарын қазақ батырлары олжалап, Қоңырбикені Тобықты Сары батыр алғанын жазған. Бұл Шәкір Әбенов, Әбділдә Тұтқышұлдары жырлаған «Таңшебер-Жапал» жырындағы Сары батыр. Қазақ ішіндегі көп аңыздың бірі Тұрсынның Нұрбике атты қызын Шақшақ батыр өзінің ұлы Көшейге қосқандығын айтады. Әрі батыр, әрі би, өзі дәулескер күйші Қарабас осы Көшейдің ұлы. Жасынан батыр болып өскен Қарабас жайлы ел ішінде аңызда көп. Ұзақ жасаған батыр тоқсаннан асқан шағында жау қолынан қаза тапқан. Батырдың өміріне қатысты құнды деректерді А.Сейдімбек, Ә.Кекілбаев, С.Мырқалиевтің шығармалары мен зерттеулерінен табуға болады. Қазіргі күні Қарабас батырдан тараған Құдайберген, Есберлі, Қожамқұл, Қойбағар ұрпақтары үлкен рулы елге айналып Торғай өңірінде әлі де өмір сүріп жатыр.
Торғай өңіріне аты шыққан белгілі ақын, шежіреші Ахметхан Әбіқаев Қарабас Көшейұлының «Қарабас», «Қаражорға» атты күйлері болғандығын атап көрсеткен. Ахметханның өзі күй шығармаса да шебер домбырашылығымен танылып, 1937 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздардың байқауында республика көлемінен жиналған сексен күйшінің ішінен Дина Нұрпейісовадан кейінгі екінші орынға ие болған. Өкініштісі Ахметхан айтып, орындап жүрген осы күйлер жазып алынбаған. Кейбір зерттеушілер А.Затаевичтің Махамбет Бөкейхановтан жазып алып, «Қазақтың 500 әні мен күйі» кітабына енгізген «Қарабас» күйін осы Қарабас Көшейұлына теліп келеді. Тіпті қазақ күйшілері жайлы құнды зерттеу жасаған А.Сейдімбекте «Қазақтың күй өнері» кітабында А.Затаевич жазып алған күйді Көшейұлы Қарабастың күйі деп көрсеткен. Бірақ А. Затаевич жасаған Бөкей ордасында өмір сүрген майталман домбырашылар тізімінде Дәулеткерей, Әлікей, Түркеш, Баламайсан секілді дәулескер күйшілермен бірге Қарабас атты күйшінің де есімі жазылған. Махамбет Бөкейхановтан жазып алынған күй осы Қарабасқа тиесілі туынды.
Торғай өңірінде аты шыққан дәулескер күйшілердің бірі – Қапақ сал. Қапақтың шын есімі Амантайұлы Жүсіп. 1879 жылы Торғай уезінің Шұбалаң болысында дүниеге келген. Жасынан ат баптап, құс салып, серілік құрып өскен Жүсіпті жеңгелері Қапақ деп атаған. Кейін ел ішінде осы атымен Қапақ сал атанған. Ол домбыра тартуды нағашы Жаппас Сейдалы күйшіден үйренген. Домбыра тартуда үлкен шеберлікке жетіп, Кіші жүздегі атақты бай Самыраттың (Шаһмұрат Алматұлы) ауылында өткен күйшілер додасында башайымен күй тартып жеңіске жеткен. Ұрпақтарының айтуынша Қапақ салдың 100-ден аса күйі болса керек. Өзі шығарған «Сайлау», «Жеңіс», «Солдат маршы», «Төңкеріс», «Қуаныш», «Сарбас» т.б. күйлермен бірге Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап күйлерін мүлтіксіз орындаған. Көне заманнан жеткен «Ел айрылған», «Бозінген», «Сарықасқа», «Тәнтән қыз», «Сарай» секілді күйлерді тартқан. Кенесары-Наурызбайдың «Жорық» күйінің бес саласы мен «Ақжелеңнің» бірнеше тарауын тарқатып тартқан Қапақ қобызбен тартылатын Қорқыт күйлерінде домбыраға салып орындаған. Күйшілік өнерімен елге танылған Қапақ сал 1930 жылдардың шамасында Алматыда өткен халық көркем өнерпаздарының байқауына шақырылған. Бірақ Алматыға бара жатқан жолда ауырып, Қостанай ауруханасында екі айға жуық емделіп, елге оралған.
Қапақ күйшілігімен бірге өз жанынан өлең шығарып, шежіре таратып айтқан кісі. Оның жазған үш дәптер өлең-жырын кезінде Торғай аудандық «Ауыл» газетінде редактор болып істеген Хасен Өзденбаев алғандығы туралы деректер бар. Сонымен бірге Қапақ сал жаратып, бәйгеге қосқан Қапақ күрең, Торы арғымақ, Көкторғай атты жүйріктері дүбірдің алдын берген емес.
Оның ұлы Назарда арқалы күйші болып, өз жанынан біршама күйлер шығарған. Қапақ сал 1968 жылы өзінің туған жерінде өмірден өтті.
Қапақ салдың біздің күндерімізге дейін сақталып жеткен күйі – «Кекілік». Біз мұны Қапақтың немересі Нұрбек Әмірбекұлының орындауында тыңдадық. Күйдің шығу тарихы белгісіз. Бірақ көлемі шағын ғана бұл күй марш есебіндегі туындылардың бірі ме деп ойлауға келетіндей. Қара қағыста (кейде тентек қағыс аталады) орындалатын Құрманғазы дәстүріндегі күйлермен туыстығы да байқалатындай. Қапақ сал Кенесары-Наурызбайдың «Жорық» күйінің бес саласын тарқатып тартқанында атап өткен едік. Әдетте шеру тартқан қосын мен шеп құрған жасақтың қимылын-қозғалысын бейнелеп марш қалпында келетін жорық күйлерін орындап жүргені оның өзінің де шығармашылығына ықпалын тигізген секілді. Қапақтың «Кекілік» күйінен басқа, бізге заты жетпегенмен аты жеткен «Солдат маршы» атты туындысының болуы бізді осындай тұжырымға жетелейді.
Қазақ арасында тараған күйлердің көпшілігіне сол туындының шығу тарихына, орындалуына тағы басқа жағдаяттарына қатысты күй аңызы ретінде түрлі әңгімелердің ілесе айтылып жүретіні белгілі. Бұл музыкалық туындымен сабақтасып жататын біртұтас рухани құбылыс. Ауыздан ауызға тарап, түрленіп айтылып келе жатқан мұндай әңгіменің бірі Қапақ салдың күйіне де қатысты баяндалады.
Қапақ – салдың шыққан тегі Арғынның Мерген деп аталатын руы. Осы Мерген руынан шыққан Қапекеңе туыс Мырзағали Өтегенов деген білікті азамат Қостанайдың Меңдіғара ауданындағы Заря атты колхозды басқарып тұрған шағында, 1937 жылдың зұлматына ілігіп, «Халық жауы» деген жаламен атылып кетеді. Мырзағали ұсталғаннан кейін оның Халық атты ұлын Қостанайдағы балалар үйіне тапсырған. Мырзағалидың жары Ұлыш Торғайдағы туысқандарға барып паналап, арада біршама уақыт өтіп Қостанайға қайта келген кезінде баласын таба алмай қалады. Кейін 1970 жылдардың шамасында Қонарбаев Бидаш атты азамат осы балаға іздеу салып, Қарағанды облысында тұрып жатқан жерінен тауып алған. Іздеу салған кезде жазылған барлық белгілер мен өз есінде қалған еміс-еміс деректер сай келсе де Халық Ұлыштың өз анасы екендігіне сеніңкіремей: — Менің анам күй тартушы еді, сіз күй тарта аласыз ба — деп сұрақ қояды. Ұлыш күй тартқан кезде, күй әуенін зер салып тыңдап отырған Халық еңіреп жылап келіп: — Осы күйдің әуені үнемі менің құлағымда тұрды. Радиода күй тартылып жатса, тұра қалып тыңдаушы едім. Өйткен сәби шағымда әкем мен анам үйде отырған кезінде күй тартатыны есімде. Сонда осы күйді тартушы еді, сіздің менің анам екендігіңіз рас екен, — деп анасын құшақтапты. Осылайша бір күйдің арқасында тар заман талқысында ажырап кеткен ана мен бала қайта қауышып, Мырзағалидың ұлы Халық (балалар үйінен асырап алған адам Жұмаш деп атап кеткен) өз туыстарын тапқан екен. Сондағы Ұлыштың тартқан күйі Қапақ салдың «Кекілік» күйі деп айтылады.
Біз бұл әңгімені Қостанай қаласында тұратын Қабылахат Сейдахметов ағамыздан естіген едік. Бізге «Кекілік» күйін орындап берген Нұрбек Әмірбекұлы болса, бұл әңгімеден бейхабар екендігін жеткізді. Сондықтан айтылған жайдың қаншалық шындық екендігі бізге беймәлім. Бірақ «Кекілік» күйіне қатысты айтылған осы бір баянының ең болмағанда күй аңызы ретінде өмір сүруіне хақысы бар ғой деген оймен мақаламызға қосып отырмыз.
Қыпшақтың Қитаба руынан шыққан күйші Баспақұлы Уәлі Торғай уезі Аққұм болысында дүниеге келген. Уәлі жас күнінде Ресей қалаларының бірінде оқып, европалық сауат алған, бірақ денсаулығына байланысты оқуды толық аяқтай алмаған деседі. Өкінішке қарай мұны дәлелдейтін архивтік құжаттар әлі де болса кездескен емес. Дегенмен Уәлінің көзі ашық, сауатты болғандығы анық. Оның 1916 жылы қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу туралы маусым жарлығы шыққанда Смағұл Төкеұлы, Смайыл Тоқмұхамедұлдарымен бірге патша үкіметіне жазған хаты көтеріліс тарихына қатысты жинақтарда жарық көріп жүр. Аймақта Кеңес үкіметін орнағаннан кейін халық соты болып қызмет атқарған. Жасынан дімкәс болып ауырған Уәлі күтініп, қымыз бен борсық майын ішіп, құмбұлауға түсіп емделіп жүрген кезінде баласы өмірден өтіп, соған арнап «Кем дүние» күйін шығарған. 1916 жылғы көтеріліске арнап шығарған «Дүрбелең» атты күйі де болған. Оның Ұлытау өңірінің күйшілерімен жақсы араласып, күй тартысқандығы туралы деректер бар. Күйшілігіне қоса, ақындығымен танылған Уәлінің Ахмет пен Міржақыпқа арналған «Айдау көрді-ау асылым» атты толғауы мен «Тоймағамбетті жоқтау» атты шығармалары сақталған. Уәлінің күйлерінің соңғы орындаушысы Әбдікерұлы Имағамбет атты домбырашы 1988 жылы 98-99 жастың шамасында Торғайда қайтыс болды. Уәлінің өзі 1927 жылы жіңішке ауруынан дүниеден өткен.
Жалғасы келесі санда.
Батырлан Сағынтаев, Данияр Рысбеков