Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев таяуда бүкіл ел бойынша тағы 100 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 50 мың теңге көлемінде қосымша атаулы төлем ұйымдастыруды тапсырғаны белгілі. Бұл мақсатқа «Birgemiz» қорынан 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, біржолғы қаржылай көмекке жұмсалды.
«Nur Otan» партиясы Қостанай облыстық филиалының баспасөз қызметі «Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұрсұлтан Назарбаев Қорының» қолдауымен қаржы «Birgemiz» қорының шотына түсті» — деп мәлімдеді.
Қазіргі таңда бір реттік әлеуметтік төлемді Қостанай қаласының 5106 тұрғыны алып үлгерген. Көмек қаражатты алушылардың 7 санаты бар.
— Олардың қатарында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар, мұқтаж мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жататын зейнеткерлер, жетім балалар (тұл жетім балалар мен асыраушысының бірінен айрылған балалар), Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер және соларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері бар, — дейді Birgemiz қорының облыстық филиалының төрағасы Сералы Ахметов.
Қор төрағасының сөзінше, көмек алушылардың тізімін бұрынғыдай әкімдер ұсынады. Ал филиал бұл жолы бұрын көмек көрсетілмеген азаматтардың әлеуметтік қолдауға ие болуын қадағалайды.
Естеріңізге сала кетейік, «Birgemiz» қоры осы жылдың наурыз айында Тұңғыш Президент, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен коронавируспен күрес жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында құрылған болатын. Осы уақыт аралығында 550 мыңнан астам мұқтаж азаматқа қор қаражатынан 50 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілген.