Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өлкетанушылар бас қосты

30 октября 2020 15:00 • 15 918 просмотров

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде онлайн режімде «Туған жерге тағзым» тақырыбында өңірлік өлкетану оқулары өтті. Шара аймақ тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ табиғи ерекшеліктері жөніндегі ғылыми зерттеулерді зерделеп, өлкетану жұмысын жандандыру мақсатында ұйымдастырылды.

Шараның ашылу рәсі­мінде сөз алған А.Бай­тұрсынұлы атындағы Қостанай уни­вер­ситетінің профессоры Қал­қаман Жақып өлкетану саласына қатысты қолда бар ғылыми еңбектердің мән-маңызына тоқталды.

Жиынға қатысушылар өзара пікір алмаса отырып, Қос­танай облысының археология­сы мен этно­графиясы, жергілікті тарихты зерттеудегі өлкетанудың рөлі мен маңызы, ата-бабалардың рухани мұрасы және өңірдің киелі нысандары, тұлғалары, туған өлке тарихының беймәлім беттері, аймақтың сырға толы әсем табиғаты туралы мәселелерді талқылады.

Ақын Серікбай Оспанов Нұржан Наушабай­ұлы­ның жаңадан табылған бірнеше өлеңін көпшілік назарына ұсынды.

Жақында Алматыдағы ҰҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан Нұржанның бұрын жарияланбаған бірнеше өлеңі табылды. Бұл өлеңдерді 1940 жылы ел аузынан М.Хәкімжанова жазып алыпты, – деген ғалым басқосуға қатысып отырғандарға «Нұржан Наушабаевтың Ыбырай Алтынсарин құда болғанда Хамза Қаржасовтың тойында айтқан өлеңі», «Нұржанның Хамзаға арнап шығарған өлеңі» дейтін бірнеше туындыны талдап берді.

Біраз жылдан бері Ыбырай мен оның айналасын қаузай зерттеп жүрген Серікбай Оспанұлы 1879 жылы қазіргі Қостанай қаласы, бұрынғы Николев уезінде мектеп ғимараты жоқ кезде Қалжан Қаржасов деген мұғалімнің бала оқытқандығы, сондай-ақ оның інісі Хамза Қаржасовтың қазақтан шыққан тұңғыш фельд­шер екендігі туралы тың деректерімен бөлісті.

Қалжан Ыбырай Алтынсаринмен Орын­бордағы қазақ балаларына арнап ашылған жеті жылдық мектепте бірге оқыған. Оның інісі Хамза Қаржасов Қостанай уездік басқар­масының іс жүргізушісі қызметін атқарған. Хамза Қаржасов Орынбордағы фельдшерлер даярлайтын мектепке 1857 жылы оқуға түсіп, 1865 жылы қазақ балаларынан жалғыз өзі ғана бітіріп шығады. Қазақтан шыққан тұңғыш фельдшер, қостанайлық. Бұл фельшерлер мектебі 1841 жылы 9 тамызда Орынбор әскери госпиталы жанынан ашылған болатын. Мұнда 1849-1869 жылдар аралығында 10 қазақ баласы оқуға түсіп, солардың алтауы ғана толық курсын аяқтаған. Х.Қаржасов газетке мақалалар жазып тұрған.

Солардың бірі – «Аманқарағай, Наурызым, Тірсек, Толағай теппе, Данабике және Сарымойын атауларының шығу тегі» деп аталады. Қазір Қостанай облысында Аман­қарағай, Наурызым, Тірсек, Толағай теппе деген жер, Данабике деген өзен, Сарымойын деген көл атаулары бар. Бұл жерлер ойдым-ойдым орманды, шатқалды, жазық, табиғаты көркем, адамға да, малға да жайлы құнарлы мекендер, деді ғалым.

Өлкетану саласында ұзақ жыл еңбек етіп, халық жадынан сөніп бара жатқан талай жер-су атауларын қайта тірілткен айтулы ақын, Қостанай университетінің профессоры Ақыл­бек Шаяхметтің қола дәуірінің ескерткіші – Қаратомар қорғаны немесе қорымы туралы ­баяндамасы көпшілік қызығушылығын туғызды. Ақынның айтуынша, Қостанай облы­сындағы Қаратомар су қоймасының суы шайып кете жаздаған қорғанның 4 мың жылдық тарихы бар.

Қостанай мемлекеттік университеті архео­логиялық зертханасының қызметкерлері бас болып тарихшы студенттер оқу тәжірибесі ре­тінде 2009 жылы кіріскен жұмыс нәтижелі болды. Енді оны түбегейлі зерттеу жобасы қарастырылуда. Қорғанның биіктігі – 3,5, диа­метрі 34 метр. Зертхананың ғылыми қызметкері Ирина Шевнинаның сөзіне қарағанда, біздің дәуірімізге дейін 2000 жыл бұрын орнатылған қорғаннан жас баланы жерлеген орын табылған. Ал әрқайсысы 16 шаршы метрді алып жатқан төрт шұңқыр қорғанның астында жатқан көрінеді. Сонымен бірге көптеген ыдыс, қола бұйымдар, қару-жарақ, жебе ұштары табылыпты. Жер астында жатқан қайың және қарағай ағаштарының осы уақытқа дейін бүлінбей сақталғаны мамандарды қайран қалдырды.

Аталмыш қорым Ресейдің Челябинск об­лы­­сындағы әйгілі Арқайыммен жасты болып отыр. «Қостанай облысының мәдени мұ­расы» деп аталған 2007-2009 жылдарға арнал­ған аймақтық бағдарлама үш жыл бойы жүзеге асырылды. Осы бағдарлама аясында көне ескерткіштерді сақтап қалу жолындағы жұмысқа қаржы бөлінді. Аталған бағдарламаны орындау үшін осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық бюджеттен 6 миллион 537 мың теңге қаржы беріліпті. Бірақ қыруар жұмысқа бұл аздық етті.

Қостанай облысы аумағында орналасқан мұндай қазыналы орындар аз емес. Әулиекөл ауданындағы Бестамақ қойнауынан табылған Сынтасты-Арқайым дәуіріне жататын жауынгер бейіті, сол арада көмілген жылқы сүйегі, қола балта мен қыш құмыралар, қайтқан кісінің қолындағы қола пышақ кезінде археологтарды қатты қызықтырған болатын.

Арқайым – 1987 жылы Қостанай облысына таяу маңда, Ресейдің Челябинск облысына қарасты аумақтан табылған көне қала. Оның жасы 4800 жылдан асады. Арқайымның маңайынан археологтар 22 қала тауып отыр, – деді Ақылбек Шаяхмет.

Музей қызметкерлері соңғы жылдары Қазақ­стан Республикасы Президентінің архи­вінде, Қазақстан Республикасының Орта­лық мемлекеттік архивінде, Қазақстан Респуб­лика­сының Орталық мемлекеттік кино-фото­құжаттар мен дыбыстық жазба архивінде, сондай-ақ Ресейдің Омбы облысының тарихи архивінде, Челябі облысының біріккен мем­лекеттік архивінде нәтижелі ғылыми-зерт­теу жұмыстарын жүргізді.

Музейдің ғылыми зерттеу бөлімінің мең­герушісі Нәзима Оташева тарихи құжаттарына сүйене отырып, жоғарыда аталған зерттеулер барысында анықталған өңір тарихына қатысты кейбір тың мәліметтерге тоқталып өтті.

1920 жылдың 10 наурызында Қазақ өлке­сі Әскери ревкомының мүшесі, әрі уәкілетті өкілі Ахмет Байтұрсынұлы, Қазақ ревкомының өкілі ретінде жіберілген Мұхамеджан Сералин, Челябі губерниясы Қостанай уезі қазақтарынан Әлжан Байғурин, Құрманғали Ұлдыбаев, Ысқақ Бекентаев және Челябі губерниясы ревкомының өкілдері қатысқан бірлескен мәжіліс өтеді. Күн тәртібінде Қостанай уезін Қазақ өлкесі тарапына беру, иә бермеу туралы мәселе тұрады. Мәжіліс барысында Ә.Ба­й­ғурин, Қ.Ұлдыбаев, Ы.Бекентаевтар 1920 жылы 17 қаңтарда Қостанай қаласында өткен І Уездік Кеңестер съезінде 47 адамның қолы қойылып, Қазақ өлкесі әскери ревкомы Имамбаевтың қолымен расталып, мөр басылған үкімді ұсынған. Губревком мүшесі Эйхе Қостанай уезінің тағдырын түбегейлі шешуді орталыққа жіберіп, мәселе шешілгенге дейін Қостанай уезін басқару тәртібін өзгеріссіз қалдыру туралы қаулы қабылдайды. Орталық қазан айында Қостанай уезін Қазақ өлкесі тарапына беру туралы шешім шығарды.

Қазақ өлкесі әскери ревкомы мен Челябі губерниялық ревкомы бірлескен мәжілісте Қостанай уезі қазақтарының атынан өкіл болып қатысқан алаш қайраткерлерінің бірі, ғалым, дәрігер, педагог Әлжан Махмұтұлы Байғуриннің елге сіңірген еңбегі зор.

Әлжан Байғурин 1896 жылы Торғай облысы Қостанай уезінің Дамбар болысында, қазіргі Б.Майлин атындағы ауданда дүниеге келген. Қостанайдағы орыс-қазақ училищесін және реалдық училищені, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген, деді Нәзима Оташева.

Онлайн жиынға бас-аяғы 23 зерттеуші тіркелген. Музейінің ұжымы барлық баян­дама­ның басын қосып, «Өлкетану оқулары» атты электронды жинақ шығармақ.

Меруерт БҮРКІТБАЙ