Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Имандылық жолындағы игі істер

6 ноября 2020 17:00 • 19 723 просмотров

Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен бүкіл жұртшылық аса зейін қойып оқып танысты. Мақаланы терең талдап оқыған әрбір адам қазіргі замандағы дамуымызға, заман көшіне ілесуімізге аса қажетті құжат екенін түсінер еді. Мұның өзі тілімізді, ата – бабамыздың кезеңіндегі салт – дәстүрлерімізді, дінімізді барынша жандандырудың кезеңі келгендігін айқындайды. Мақалада «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала  алмаса, ол адасуға бастайды» деп бекер айтылмаған.

Дұрыс  жолға нақтылы бастайтын факторлардың бірі – ата дініміз. Исламнан нәр алып, адамзатқа пайдасы мол қағидаларын өмірімізге кеңінен енгізудің маңызы зор. Бұл тұрғыда ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылында шаңырақ көтеріп, бүкіл қазақстандықтардың ерекше назарын аудартқан Торғайдағы «Оспанқожа әулие» мешіті ұжымы нәтижелі жұмысымен елге танылып келеді.

Мешіт медресесінде алғашқы жылдардың өзінде Ғазиз қажы Әмірханұлының тікелей басшылығымен жастарға діни дәріс беріп оқытып, Ислам дінінің негізгі тарауларымен таныстырып сауаттылығын көтеруде сабақтар жүргізді. Мешітте оқыған жастардың көпшілігі жылма – жыл орта және жоғары білім беретін діни оқу орындарына жолдама алып Астана, Алматы және шетелдерде дәріс алды. Оқуларын бітіргендері облысымыздың, еліміздің түпкір – түпкіріне барып қызмет атқарып шәкірттер тәрбиелеуге, елде Ислам дінінің кеңінен таралуына өз үлестерін қосуда. Олардың есімдерін Торғай жұртшылығы мақтан тұтады. Дүйсенбай Кенжетай қажы Бәйкемелұлы қазіргі таңда Петропавл қаласының өкіл имамы, Жүсіпбеков Жасұлан Ақылханұлы Алматы қаласында «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, Жеке қажылық фирмасының директоры, Уәлиев Бектұрсын қажы Торғайбайұлы Рудный қаласының «Нұр» мешітінің Бас имамы,    Қосылбай Дархан  Арқалық қаласының «Әлмағамбет мұхтасиб» атындағы мешіттің бас имамы қызметін атқаруда. Діни сауаттарын Торғай мешітінен дәріс алып ашқан тағы басқа да жастар ауыл мешіттерінде, намазханаларында халыққа имандылық жолында тәрбие беруде. 

Құран Кәрімде – «Егер бір істен босасаң, келесісіне дереу кіріс», — деген аят бар. Ғазиз қажының дін жолындағы ұстаздық жолын діни жоғары білімді баласы Шоқан қажы Ғазиз ұлы осы мешітте жалғастырып халыққа Ислам дінінің адамзатты имандылық жолында тәрбиелеудегі маңызын кеңінен насихаттап, білімін көтеруге  көп жыл еңбек етті. Мешіт алқасы мүшелерінің негізгі атқаратын жұмыстарын белгілеп, олардың орындалуын үнемі бақылауға алып қалыптастырды. Ораза айын, Мәуліт күнін, Құрбан айт  мерекесін, құрбандық шалу, жаназа намазын өткізудің пәтуасын мемлекетіміздің жоғарғы діни басқармасының нұсқаулықтарына сәйкес өткізу жолға қойылды.

Ауданымыздың басқа да ауылдарында мешіт, намазханалар ашылып жұмыс істей бастады. Бұл орайда Ақшығанақ ауылындағы «Шақшақ Жәнібек» атындағы мешіт ерекше аталады. Мешіт құрылысын қаржыландыруға, оны салуға осы ауылдың тумасы Жүнісов Кәдірдің әулеті демеушілік жасады. Осы мешіттің имамы Әбдісалықов Айдос қажы да осы ауыл азаматы.

Сол жылдары «Тәуіш», «Сужарған», Көкалат ауылында «Таласбай молда» атындағы, Қызбел ауылында «Мадиярбаба» намазханалары салынып халықты имандылыққа тәрбиелеу, діни сауаттылығын жақсарту жолында жұмыс істеуде.

Аудан орталығында мешіт алқасы мүшелері орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен болған кездесулерде отансүйгіштік, қамқорлық, имандылық, әдептілік тақырыптарында әңгімелер өткізді. Мектеп оқушыларының Ислам діні жөніндегі өз таным — түсініктері, әдеп түрлері жайында кеңінен пікір алысу сондай тартымды, әсерлі өтті. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен болған сондай  кездесулердің бірі жөнінде «Ислам және өркениет» газетінің бетінде мақала да жарияланған еді.

Шоқан қажы Қостанай қаласында жаңадан ашылған мешітке бас имам қызметіне ауысқаннан кейін Хасенов Аян Сәбитбекұлы жұма, бес уақыт намаздарды өткізуде, діни мәселелер бойынша уағыздар айтып жиналғандардың сауаттылығын көтеруде, мешіт алқасы жұмысын ұйымдастыруда елеулі еңбек етті.

Жоғары діни оқу бітіргеннен кейін мешітке бас имам қызметіне Ғазиз қажының немересі Әмірхан Рүстем Исламұлы келді. Ол мешіттегі жақсы істерді одан әрі іскерлікпен жалғастыруда. Ол халықпен жиі араласып тұрмыс тіршілігіне қарайласу, қайырымдылық шараларын өткізу жөнінде мешіт алқасы мүшелеріне бағыт – бағдар беруге үнемі көңіл бөліп келеді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ел үлесі»  Қайырымдылық акциясына қатынасып Облысымыздың бас имамы Нұрғабылұлы Бақытбектің көмегімен Торғай ауылының тұрғыны көп балалы Мадина Эдуардовнаның жанұясына аудан орталығынан кезектен тыс тұрғын үй берілді.

Үстіміздегі жылғы Қасиетті Рамазан айында «Оспанқожа әулие» мешітінің ұйымдастыруымен «Қош келдің Рамазан» атты ауқымды Қайырымдылық акциясы өтті. Ауданның барлық ауылдарын қамтыған іс – шарада бес жүз жанұяға Қостанай қаласындағы «UNO BEST» диірменінің директоры Видади Магамедұлы бауырлық көмегін Алла разылығы үшін ұсынды.

Салынғаннан бері жөндеу көрмеген мешіттің жауын күндері төбесінен тамшы ағып, қыста ішінде мұз қатып намаз оқуға, діни рәсімдер өткізуде көп қиындық келтіріп жүрді.  Мешітті күрделі жөндеуден өткізуге көп қаржы керек  болатын. Рүстемнің өзінің ізденімпаздығы нәтижесінде Торғайдың төл перзенттерінің бірі, елде бірнеше жыл басшылық қызметте еңбегі сіңген азамат Жүнісов Кәдірдің балаларының басшылығымен жеткілікті қаржы бөлініп мешіт өте сапалы күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу деген аты болмаса мешітті қайтадан салғанмен бірдей жұмыс  жасалды. Бұрын күз, қыс мезгілдерінде қалың киініп алғанның өзінде намаз оқудың өзі қиын болатын. Осы жөндеуден кейін жиналғандар көйлекшең отырып намаз оқығанда ыстықтауға айналды. Кәдірдің балалары қайырымдылығымен, іскерлігімен  бүкіл Торғай жұртшылығын риза етіп, сүйіспеншілігіне бөленді.

Биылғы жылғы жер – жүзін жайлаған індет көптеген жұмыстарға кедергі келтірді, қаншама қиындықтар туғызды. Осындай қиын кезеңнің өзінде Рүстем тағы да іскерлік танытты. Қабырғасы ғана қаланып бірнеше жыл бойы тұрып қалған мешіт асханасының құрылыс жұмысын қайта жандандырды. Асхана құрлысын жеделдетіп жүргізуге қаржы бөліп туған жерінің халқы үшін сауабы мол жұмысқа демеушілік жасаған Торғайдың азаматы Бейсенғалиев Берік болды. Беріктің көмегінің арқасында Рүстем үнемі  іс сапарда жүріп бітпей қалған құрылыстың іші – сыртына қажетті материалдарын тауып, оны жасайтын құрылысшыларға дейін басын қосып үлкен іс тындырды. Оның  нәтижесін көрген ел риза болуда. Таяу күндері басшы орындар рұқсатын берсе асхананың ашылу салтанатының куәгері болу сәтін күтуде.

Жақында Милісай, Шилі елді мекендерінде де намазханалар ашылып ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. Намазханалардың ашылу салтанатына бас имам Ғазиз қажы немересі Рүстем Исламұлы, наиб имам Аян қажы Сәбитбекұлы қатынасты.

Қазіргі күрмеуі күрделі, бұралаңы көп заманда албырт жас ұрпақтарымыз кешегі зиялы бабаларымыздың даналығын, өмірдегі пайымдауларын, дін мен парасаттың қақпасын айқара ашқан істерін біле отырып, тура жолдан таймауы үшін имандылық жолында тәрбие беруде мешіт алқасы игілікті жұмысты одан  әрі жалғастыруға  ұйытқы бола бермек.

Тыныштық Әбжамалұлы, «Оспанқожа әулие» атындағы Торғай мешітінің алқа мүшесі, Жангелдин ауданының Құрметті азаматы