Қостанай облыстық ассамблеясы ұйымдастырған мәдени онлайн іс-шараға Қостанай, Тараз, Ақтау, Орал, Павлодар қалаларының шығармашылық ұжымдары қатысты. Бұл туралы «Қостанай таңы» газеті хабарлайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды шара әр өңірдегі өнер ұжымдарының шығармашылық әлеуетінің артуына, сонымен қатар өзара мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
– Тарихты алып қарасақ, қазақ, өзбек, тәжік жұртының түп тамыры бір. Бізді ортақ тарих, ортақ құндылықтар, өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынас бірік-тіреді. Біздің ұлттық бірлестіктің он бес жылдан астам тарихы бар. Біз Елбасымыз Н.Назарбаевтың көреген саясатының негізінде жиырма бес жыл бұрын құрылған татулық пен келісімнің қара шаңырағы – Қазақстан халқы ассамблеясында да бірлікте өмір сүріп келеміз. Соның арқасында Өзбекстан мен Тәжікстан елдерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын танытып, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтауға тырысамыз, – дейді «Шарқ» этномәдени бірлестігінің ақсақалы Хамид Ёрибеков.
Қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Юлия Пономареваның сөзінше, шығыс мәдениетінің «Жібек жолы» фестивалі былтыр жүзеге асырылған жоқ. Сол себепті биылғы іс-шараны жоғары деңгейде өткізудің маңызы зор.
– Онлайн іс-шараны өткізу үшін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өнерпаздарды тарттық. Ақтау қаласының «Экзотика» би ансамблі иран халқының «Бахрам» биін, Орал қаласының әртістері өзбек халқының «Хорезм» биін, Павлодар қаласының «Эвришим» ансамблінің бишілері ұйғыр халқының «Гульдәк жананла» биін, Тараз қаласының «Инфинити» би ұжымы өзбек халқының жалынды биін паш етсе, жергілікті «Алтынай» би ансамблі мен Достық Үйінің «Indigo» хореографиялық ұжымы көрермендерді мың бұралған биімен тәнті етті. «Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Анвар Оспанов және «Асем-бэнд» би ұжымының жеке орындаушысы Камиля Жунусова өзбек тілінде әуелете ән шырқады. Достық Үйінің көркемдік жетекшісі Мария Кубжасова баршаға танымал «Шайхана» әнін нақышына келтіре орындап, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді, – дейді Юлия Пономарева.
Жоғарыда аталған шығармашылық нөмірлерді қамтитын концертті облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми YouTube арнасынан көруге болады.