Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Торғай өңіріндегі күйшілік дәстүр

16 ноября 2020 12:30 • 565 просмотров

Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазақ баласына Алашорда көсемі, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиетінің негізін салушы ретінде белгілі. Ахаңның музыкалық мұрасы жайлы тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде ғана еміс-еміс естіліп, айтылып қалып жүр.

Өзінің аса дарынды музыкалық қабілетімен де ерекшеленген Ахмет А.В. Затаевичке «Есенжол жыршының әні», «Шырқау», «Дауыс», «Ай-хай», «Ғазиза», «Қаракөз», «Кәмшат бөрік» әндерімен бірге Торғай өңірінеде ертеден тартылып келе жатқан «Айда былпым», «Тепеңкөк» күйлерінде жазғызған. Ахметтің өзі шығарған «Екі жирен», «Қарғаш» атты әндері де бар. Сонымен қатар «Арман» атты күйі сақталған. Ахаңның бұл күйін халық ақыны Нұрхан Ахметбеков сақтап, жеткізіп 1960 жылы белгілі домбырашы Жалмышев Сағынға үйреткен. Бұл жайында Сағынның өзі «Қайта оралған күй» мақаласында былай деп жазады:

«Әнге маужыраған ақын бір кезде басын көтеріп, «Күміс көмей әншілер мен бал бармақты күйшілер ғой осындай ғажайып әндер мен күйлерді шығарған, солардан қалған мұраны есте сақтап, халық арасына таратып, кейінгі ұрпаққа үйрету – бұл баға жетпес еңбек болар еді, — дей келіп: — айтпақшы, еске түсіп кетті, менде жасырып жатқан, жарыққа шығаруға қорқып жүрген, аты мен затын айтуға болмайтын бір тамаша күй бар. Ол түбінде сендерге керек болар, соны үйретейін, — деді…

— Бұл күй, — деп бастады Нұрекең сөзін, — бұрмалаушылықтың шырмауында

кеткен Ахмет Байтұрсыновтың «Арман» атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң «Арман» деп күй шығарған.

Бұл күйді мен жас кезімде Ахметтің туып өскен жерінде тұратын Әлімбет руынан шыққан Ғаббас деген ақсақалдан үйрендім. Ғаббас деген ақсақал «Арман» күйін Ахаңның өз орындауында естіген… [ И.Ағытайұлы. Ортақ өмір арнасы. 206-207 б.].

Шыныменде “Арман” күйін тыңдаған адам запыранды замандағы кіреуке тартып, кірбің шалған көңілдің өкінішін, ойындағысына қолы жетпеген жанның шер-наласын ұғынғандай болады. Бұл төкпе күй қалыбында шығарылғанымен, болмыс-бітімі адамның жан дүниесіне шым-шымдап тарап, тамыр жаятын терең сезімге құрылған, өзінің нәзік әуезділігімен ерекшеленетін, лирикалық сарыны бар күй.

Нұрханнан үйренген күйді Сағын отыз жылдан артық сақтап келіп, 1991 жылы өткен Ахаң мен Жақаңа арналған үлкен тойда жарыққа шығарған. Кейін Тұрар Әліпбаев нотаға түсіріп, қазір облыс, республика көлеміндегі домбырашылар сиректе болса сахнаға алып шығып жүр.

Ахмет секілді Міржақып Дулатұлының музыкалық мұрасы жайлы да кейінгі уақытта ғана сөз бола бастады. Міржақыптың 1916 жылы жазылған «Зар заман» атты өлеңі сол заманда-ақ «Заман-ай», «Елім-ай», «Кер заман» деген атаулармен кең тарап А.Затаевичтің жинағына енген. Міржақыптың бұдан басқа әндері бар. Мысалы «Азамат» жинағында жарық көрген «Таза бұлақ» өлеңі мен «Қазақ» газетінде жарияланған «Сағыну» атты өлеңдерінің романс қалпында музыкасы бар. Міржақыптың қызы Гүлнардың жазуы бойынша Жәйрем қаласының тұрғыны Сейілбек Смайылбеков Жақаңның 1911-12 жылдары Жанима атты қызға арнап жазған «Балдызға» атты үш хат-өлеңінің және 1919-20 жылдары, аласапыран кезінде шығарған «Қанатталды» өлеңінің әні бар екендігін жеткізген. Бүгінде Міржақып Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ қалпы» атты өлеңіне де ән шығарғандығы белгілі болып отыр. Белгілі әнші Келденбай Өлмесеков Ақсуат ауданында тұратын Қарпықбай Егізов деген кісіден Міржақыптың «Мұң» атты әнін үйренсе, Семейдегі Әміре атындағы филармонияның әншісі Бақыт Үдербаева 1991 жылы Германияның Мюньхен қаласына барған сапарында қоғам қайраткері, жазушы Хасен Оралтай қонаққа шақырып, сол жолы Міржақыптың «Қайда едің» әнін үйреткен. Жалпы Жақаңның музыкалық мұрасы жайында Ілия Жақановтың «Ән тағдыры» мақаласында жақсы жазған. Мақала 1992 жылы «Жұлдыз» журналының жаңа жылдық алғашқы санында жарияланған. Міржақыптың ән мұрасы жайлы айтылып келгенімен, оның «Әуез» атты күйі болғаны тек кейінгі уақытта ғана мәлім болды. Бұл күй Түркия қазақтарының арасынан табылды. Түркия қазақтарының арасындағы күйлер негізінен Сарымолла (Нұртаза Садықұлы) мен оның шәкірті Жармұхамед күйшіден жазып алынған. Олардан жазып алынған қырыққа жуық күйдің ішінде Міржақыптың «Әуез» атты күйі де бар. Күйді жеткізген Жармолла (Жармұхаммед) күйші. Күй мұстафатанушы Әбдіуақап Қара мен музыкатанушы маман өзі де күйші Нұрлан Бекенов бірлесіп шығарған «Түркия қазақтарының ән-күйлері» атты жинақта жарияланды. «Әуез» Арқа күйшілік мектебінің үлгісінде шығарылған.

Ахметтің «Арман» күйін жеткізген халық ақыны Нұрхан Ахметбеков өзі де дәулескер домбырашы, тамаша күйші болған. 1936 жылы Амангелді ауданында ауданаралық халық театрын ұйымдастырып, мәдениеттің ұйытқысы бола білген Нұрхан 100 қаралы әнді орындап, 80-нен аса күйді тарта білген. Әсіресе Құрманғазы, Арынғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәтімбет, Дина күйлерін шебер орындаған Нұрекең өзі де ән мен күй шығарған. Нұрханның «Күй басы», «Июнь толқыны», «Жеңіс» күйлері бүгінде орындалып жүр. Бұлардан басқа Сырбай Мәуленов 1945 жылы «Большевиктік жол» (№216) газетінде жариялаған «Нұрхан ақын» мақаласында «Естай» атты әні барын жазса, Тұрсынбек Тасқожин, Аңсаған Атымтаевтар жазған «Ақын Нұрхан Ахметбеков» мақаласында («Коммунизм жолы», №241, 1958 жыл) «Желдірме» атты күйі бар екендігін атап көрсеткен. Нұрхан күйлері тыңдаған адамға батыстың күйшілік мектебі үлгісін еске салады.

Қондырып құлағына бозша торғай,

Күй төкті Құрманғазы он бармақтан.

Сазына сандуғаштың сақ-сақ күлген,

Күй алдым күй атасы Қазанғаптан, — деп жырлаған

Нұрекеңнің Батыс Қазақстандағы Құрманғазы, Дәулеткерейлердің күйшілік мектебінен үйренгені көп болса керек. Осы жерде бір айта кететін жай Торғай өңірінің Арқа мен Батыс, Сібірмен мен Сыр өңірінің аралығында жатқандығы оның музыкалық мұрасына да өз ықпалын тигізген. Мысалы ХІХ ғасырда дүниеге келген белгілі әнші-ақын Мұхамеджан Өтелбайұлының шығармаларынан Арқа әншілік мектебіне тән дәстүрлермен бірге кей әндерінің бастауы мен аяқталуынан Сырдағы жыраулық өнерге тән созылмалы сазды да байқауға болады. ХХ ғасырда өмір сүрген Жүргімбеков Меңдібектің мақам-саздарынан да Арқа мен Сырдың әуендерін қатар байқалады. Бұл үрдіс Торғай өңірінің күйшілерінен де көрінеді. Мұны ертеде өткен Нұрхандардың күйінен ғана емес, бүгінгі ортамызда жүрген Айтбай Мұздаханов, Айтан Сейітахметов секілді күйші-домбырашылардың шығармашылығынан көре аламыз. Мысалы Айтан ағамыздың «Аққулы Астана» күйі шертпе күй дәстүрінде орындалса, «Назым» күйінен Дәулеткерейдің «Жеңгемсүйер» күйінің әуезі көрініс береді. Бүгінде елімізге танымал жазушы Төлен Әбдіктің шығарған күйлерінде де төкпе күй мектебінің ықпалы бар екендігін сеземіз. Осыған қарағанда Торғай өңіріндегі күйшілік мектептің дамуына әсіресе Батыс Қазақстанда қалыптасқан төкпе күй мектебінің әсері күштірек болған секілді.

Әрине, Торғай өңірінде ерте заманда өткен күйшілердің сақталған бірлі-жарым туындыларына қарап олардың жеке шығармашылық тұлға ретіндегі күйшілік өнердегі орнын, стилі мен көркемдік тәсілдерін, өзіндік ерекшеліктерін анықтау өте қиын. Бұл күрделі сараптауды, іргелі зерттеуді қажет ететін шаруа. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы, Қапақ сал, Баспақұлы Уәлі секілді өнерпаздар туған ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарымен бүгінде ортамызда жүрген Айтбай Мұздаханов, Айтан Сейітахметов ағаларымыздың арасындағы 70-80 жыл көлемінде Торғай өңіріндегі дүниеге келген күйлердің барлығы дерлік батыс Қазақстанда қалыптасқан төкпе күй мектебінде шығарылған.

Кейінгі уақытта табылған «Әуез» (авторы – Міржақып) күйі ғана Арқа күйшілік мектебіне тән. Біз тыңдап білген басқа күйшілердің туындыларының басым көпшілігі тартылу мәнері мен әуендік құрылымына байланысты «төре қағыс», «төре тартыс» атанған лирикалық әуезділігімен ерекшеленіп тұратын Дәулеткерей қалыптастырған күйшілік мектептің үрдісінен табылып жатады. Тек Қапақ салдың «Кекілік» күйі Құрманғазы дәстүріндегі қара қағыста орындалады. Осы ретте бір қызықты деректі айта кетсек, ел ішінде Құрманғазы күйші Торғай өңіріне аты шыққан Дәуренбек, Қорғанбек билердің үйінде болып, атақты «Сарыарқа» күйін сол жолы шығарған екен деген әңгімелер кездеседі. Бұл әңгіменің шындығына жету әлі де болса зерттеуді қажет етеді.

Дегенмен мұндай әңгімелердің ел арасында тарауы бекер болмаса керек. Тағы бір қызық жай, Қостанай қаласында тұратын 95 жастағы қарт ақын Қасымхан Алдабергеновтің өзі батасын алған Нұрхан Ахметбековке арнаған «Нұрхан сазы» атты күйі бар. Бұл Нұрхан ақынның мақамдарының негізінде шыққан күй. Сыр бойы мен батыс күйшілік мектебінде кездесетін ерекше күй үлгісінің бірі жыр күйі екендігі мәлім. Бірде жыр мақам ретінде қолданылып, бірде күй ретінде орындалатын мұндай күй Қазанғапта, Жаңаберген мен Әкімгерейде т.б. кездеседі. Кейінгі уақыттарда осы күйлердің негізінде кейбір күйлерді мақам ретінде қолдану үрдісі бел алып келеді.

Мысалы Қазтуған жыры Қазанғаптың «Көкіл» күйінен алынған, өзіміз жоғарыда атап өткен Айтан ағамызда Файзолла Сатыбалдыұлының Міржақыпты жоқтау өлеңін осы күй негізінде жасалған мақаммен орындайды. Ақтамберді жырының әуенімен Сүгірдің «Ыңғайтөкпесінің» әуезі келеді. Бірақ бұлар саздан сөзге ыңғайластырып келтірілген, Қасымхан ақсақал болса әдетте музыкалық-эпикалық дәстүрге тән речитативті айтыс пен жыр айтуға лайықталған мақамдардан күй жасап шығарған. Бұл қызықты құбылыс Тобыл-Торғай өңіріндегі күйшілік дәстүрінің әлі де жалғасын тауып жатқандығының көрінісі.

Өңірімізден шыққан бүгінде елімізге танымал Айтбай Мұздаханов, Қайыржан Мақанов секілді алдыңғы буынмен бірге Кенжеболат Ахметов секілді кейінгі буын өкілдері де дәстүрлі күй өнерінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, Молдаш, Мұздахан домбырашылардың жолын жалғаған Айтбай ағамыздың қызы Анар Мұздаханованың да аталарынан қалған үрдісті үзбей, күйшілік дәстүрді сақтағаны бұл өнердің мұрагерлік сипат ала бастағанында көрсетеді.

Мақаланың басы газеттің 15 қазандағы санында.

Батырлан Сағынтаев, Данияр Рысбеков