Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тұрғындар тәртіпке бағынбай тұр

19 ноября 2020 16:00 • 473 просмотров

Қостанай облысында карантин шараларына қарамастан дәмханалар мен қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істеп келген. Арнайы мониторинг топ тұрғындарды шектеу шараларына салғырт қарамауға шақырады.

16 қарашадан бастап облыс көлемінде карантиндік шектеулер күшейтілген болатын. Осы орайда мониторингтік топ мүшелері ортақ тәртіпті бұзуға жол бермеу мақсатында орта және шағын бизнес нысандарын тексеруді жалғастырып келеді.

Енгізілген ережеге сай, түнгі уақытта тағам сататын дүңгіршектер қызметі 21:00-де тоқтап, тапсырыс жеткізуге 22:00- ге дейін ғана рұқсат берілген. Соған қарамастан дәмханалар мен тамақтану орындары шектеу шараларын орындамай, жұмыс істеп келген. Облыста осы күнге дейін санитарлық-эпидемиологиялық талап бұзушылықтың 5300-ге жуық дерегі тіркеліп, 1400-ден астам хаттама толтырылды. Жалпы саны 900-ге жуық айыппұл салынды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қостанайда жеті мониторингтік топ құрылған. Олар күн сайын карантин режимінің сақталуын қадағалайды. «16 қарашада санитарлық бекеттерде 11773 автокөлік тексерілді. Облысқа себепсіз кіру фактісі бойынша ҚР Мемлекеттік шекарасында 1 автомашина кері қайтарылды. Шекараға келген автокөлікті тексеру кезінде КВИ белгілері бар адамдар анықталған жоқ. Мониторингтік топтардың мәліметінше, кеше карантин режимі 90 рет бұзылған. Жұмыс орындарында маскасыз жүргендерге, тыйым салынған уақыттан кейін жұмыс істеген дәмханалар мен тамақтану орындарына ескерту жасалды. Сағат 22.00-ден кейін ретсіз көшеде жүргендер анықталды», делінген полицияның хабарламасында.

Сондай-ақ, Қостанай облысында карантин шараларына қарамастан құдалық өткізіп, той жасағандар анықталды. Қостанай облысында қатаң шектеу шаралары белгіленді. Соған қарамастан той жасап, отбасылық отырыстар өткізетіндер қатары тыйылмай тұр. Тек 17 қараша күні мерекелік және еске алу іс-шараларын өткізудің 5 дерегі анықталды.

«17 қараша күні Жангелдин ауданы, Ақшығанақ ауылының тұрғыны өз үйіне 30 адамды шақырып, құдалық өткізді. Рудный қаласының мониторингтік тобы өткен «Октава-К» кафесінде 20 адамның қатысуымен еске алу түскі асын өткізгендерді анықтады. Денисов ауданында сағат 12.30 шамасында жол бойында орналасқан «Түйе мойнақ» дәмханасы келушілерге қызмет көрсеткен. Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында рейд шаралары барысында «Восток» азық-түлік дүкеніндегі карантин режимінің бұзылуы тіркелді», делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Қостанайлық полицейлер Ұзынкөл ауданы, Обаған ауылында жүк көлігін тоқтатып, тексерді. Көлікті Түркістан облысының тұрғыны басқарған. Ол тиісті құжаттарсыз 37 бас жылқыны тасымалдаған. Аумақтық ветеринария комитетінің қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша материал жинады.

Жалпы 17 қарашада санитарлық бекеттерде 10418 автокөлік тексерілді, оның ішінде 3 көліктің облыс шекарасына кіруіне тыйым салынды.