Қостанай облысында бірқатар әлеуметтік азық-түлік бағасы қымбаттады. Дүкен сөрелеріндегі бағаны тұрақтандыру үшін «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кешенді шаралар қабылдады.
Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты мәлімдеме жасады. Қазір бағаны тұрақтандыру бойынша бірқатар кешенді шаралар жүргізіліп жатыр.
«Бірінші сұрыпты бидай нанының бағасын тұрақтандыру мақсатында 2020 жылдың 4 қарашасында «Вадиса М» ЖШС-мен шарт жасалды. Серіктестік 5000 тонна көлемінде бірінші сұрыпты бидай ұнын жеткізеді. Оған 600 млн теңге бағытталады. Бидай ұны нан пісіру үшін наубайханалық кәсіпорындарға беріледі, бұл ретте сату бағасы бір бөлке нан үшін 83 теңгеден және дүкен сөрелерінде 87 теңгеден аспауы тиіс», — дейді «Тобыл» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Байбосын Мурзин.
Қазір облыс орталығындағы дүкендерде жұмыртқаның 10 данасы 350-380 теңгеге сатылуда. Алайда дүкен иелері бағаның қымбаттауын жеткізушілерге төленетін қаржы және қосымша шығындардың көбеюімен байланыстырады.
«Осы жылы мемлекеттік сатып алу шарты бойынша «Жас-Қанат 2006» ЖШС-нен 8 млн дана жұмыртқа сатып алынды. Жұмыртқаның бір данасына 24,5 теңге төленді. Сол себепті дүкендер жұмыртқаның 10 данасын 270 теңгеге сатулары тиіс», — дейді Байбосын Мурзин.
Сұйық май бағасына қатысты мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Осы жылдың сәуір айында «Тобыл» ӘКК «Промбаза-7» ЖШС-нен 43,3 млн.теңге сомасына 114000 литр күнбағыс майын сатып алған.
«Қазан айында күнбағыс майының бағасы күрт өсті. Сол кезде 60 000 литр май қосымша сатып алынды. Бұған қоса 23,2 млн теңгеге 50 тонна көлемінде күнбағыс майын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Апта сайын «RAUZET Сауда» ЖШС сауда желісінде баға мониторингі жүргізіледі, басқа супермаркеттерге қарағанда онда баға 15-20% төмен», — деп атап өтті сарапшы.
Сонымен, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мәліметінше жұмыртқа бағасының 10 данасы 264 теңгеден, қарақұмық жармасының келісі 255 теңгеден аспайды. Сұйық майдың шекті бағасы литріне 388 теңге болса, нанның бір бөлкесі 82 теңгеден сатылуы керек.