Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Экспорт еселеп артты

21 ноября 2020 15:15 • 459 просмотров

Қостанай облысының астықты алқабы әлемнің отыз шақты мемлекеті үшін ырыздық көзі болып саналады. Биыл астықты аймақ, ауылшаруашылық өнімдерінің өзге түрлерін қоспағанда, жыл басынан бері 20 елге бидай, 7 мемлекетке жоғары сапалы таза ұн жөнелтіп отыр.

Сала мамандары биыл Қостанайдың бидайы бітік, астығы берекелі шығып, шетелге саудаланған ұн экспортының көлемі де едәуір ұлғайғанын айтады. Ауыл шаруашылығы және жер қатынасы басқармасы маркетинг және өңдеу бөлімінің бастығы Жанар Балғабаеваның сөзінше, облыстың агроөндірістік кешені жыл басынан бері құны 247 млн АҚШ долларынан асатын ауылшаруашылық өнімін экспорттаған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 12% төмен. Өткен жылы облыс қараша айына дейін шетелге 283,1 млн доллардың өнімін саудалапты.

 Алайда жыл басталғалы өңдеу секторы сыртқы саудаға 153 млн доллардың өнімін шығарған. Бұл — жалпы агроөндіріс өнімдері экспортының 62 пайызы. Былтыр осы кезең ішінде сыртқа жалпы құны 122,8 млн АҚШ долларына тең тауар жөнелтілгенін ескерсек, биыл өңдеуден алынған өнімнің экспорты 25 пайызға өсіп отыр.

-Биыл, негізінен, ұн экспорты 25%, ал сұйық май экспорты 4 есе өсті. Ал бидай экспорты, керісінше, былтырғы қуаңшылықтың әсерінен 33%-ға азайды. Биылғы бидай шет мемлекеттерге енді  ғана саудалана бастады. Мұны есепке алатын болсақ, жыл соңына дейін бидай экспортының көлемі бірнеше есе ұлғаятын болады, — деді Жанар Балғабаева.  

Қостанай облысы ұн шығарудан ел көлемінде бірінші орын алады.  Астықты аймақ облыстан тыс, Қазақстанның ішкі нарығын ұн және ұн өнімдерімен қамтып отыр.  Ақ ұнның басым бөлігі экспортқа шығарылады. Бүгінде облыс аумағында 70 шақты диірмен жұмыс істеп жатыр. Қазір мұнда жұмыстың нағыз қызып тұрған қаурыт шағы.  Экспортқа өнім жіберетін ірі диірмендер негізінен Қостанай, Рудный, Жітіқара қалалары мен Сарыкөл ауданында орналасқан. Бөлім басшысының айтуынша, олар жылына 2 млн тоннаға дейін бидай өңдей  алады екен. Бірақ қазіргі жағдайда облыс диірмендері өндірістік қуатының 80 пайызын ғана пайдалануда.

Жалпы Қостанай облысы жыл сайын 1 млн тонна ұн шығарып, негізінен Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан сияқты Орта Азия елдеріне  экспорттайды. Мысалы, Қостанайдағы «Вадиса – М» өндірістік-сауда кәсіпорны қазір бірнеше мемлекетке ұн жөнелтіп жатыр. 2002 жылы іске қосылған кәсіпорын Қостанай облысындағы ірі әрі тұрақты жұмыс істеп келе жатқан табысты компанияның бірі. 60 мың тонна бидай сиятын қоймасы бар серіктестік тәулігіне 600 тонна ұн шығарады. Бүгінде аймақта астық экспортын жеке делдалдар іске асырып отыр. Бидайдың бағасын жыл сайын азық-түлік келісім-шарт корпорациясы нақтылап, бекітіп береді. «Вадиса – М» шетелге жоғарғы сұрыпты ұнның тоннасын биыл 240 доллардан, бірінші сұрыпты 210, үшінші сұрыпты 175 доллардан саудалап отыр. Ал таза бидайдың әр тоннасының экспорттық бағасы сапа-сұрыбына қарай 120-дан 150 АҚШ долларына дейін жетеді.      

Ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты тұқым шаруашылығы және бидай инспекциясы бөлімінің бас маманы  Дмитрий Сұлтановтың айтуынша, Бүгінге дейін Қостанай облысынан сыртқа 1 149,5 мың тонна бидай жөнелтілген. Оның 1 мың тоннаға жуығы экспортқа, 300 тоннадан астамы еліміздің өзге өңірлеріне сатылған. Қостанай бидайының негізгі экспортерлары Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан, Қытай мемлекеттері болып табылады.