Қостанай облысының агроөнеркәсіп саласы биылғы он айдың ішінде 515,1 млрд теңгенің тауарын өндіріп, жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан ауқымды қолдау шараларының маңызы зор. Таяуда аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовтың төрағалығымен өткен жиында ауыл шаруашылығы саласының жұмысы қорытындыланды.
Биыл жыл басында облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға субсидия және бюджеттік несие түрінде 38,4 млрд теңге бөлінген. Егін шаруашылығына 13,8 млрд теңге, мал шаруашылығына 6,9 млрд теңге бөлініп, өзге бағыттарды дамытуға 17,7 млрд теңге тиген. Мамандардың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығына мемлекет өткен жылмен салыстырғанда 5,4 млрд теңге көп қаржы бөліп отыр.
Мәселен, шаруашылық құрылымдары көктемгі егіс жұмыстарын өткізуге жалпы сомасы 29,4 млрд теңге несие қаражатын алған. Оның 22,6 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы берілді. Мұның сыртында, ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға «Азық-түлік корпорациясы» арқылы 6,8 млрд теңге бөлінді. Акционерлік қоғаммен келісім-шартқа отырған шаруашылықтар бүгінге дейін өздеріне жүктелген астық тапсыру міндеттемелерінің 46%-ын орындады. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасып жатыр.
Биыл облыста 4 млн 51 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілді. Оның ішінде 3 млн 438 мың гектарға бидай, 640,5 мың гектарға майлы дақылдар егілді. Жыл өткен сайын астықты өңірде майлы дақылдар алқабының көлемі ұлғайып келеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, жерді әртараптандыру саясатының тиімді жүргізілуі нәтижесінде бір жыл ішінде майлы дақылдар алқабының үлесі 130,4 мың гектарға артып отыр.
– Биыл облыс шаруашылықтары арамшөпке қарсы 3,5 млн гектар, басқа да зиянкес өсімдіктерге қарсы 976 мың гектар алқапты өңдеді. Сондай-ақ 3,2 млрд теңгеге 30,8 мың тонна жоғары элиталық репродукциялы тұқым сатып алынды. Көктемгі дән сіңіру жұмыстарына 23,6 мың тонна элиталы тұқым пайдаланылды. Яғни сорт жаңарту көрсеткіші 4,5%-ға дейін ұлғайды. Үстіміздегі жылы 6,1 мың тонна «Тобольск», «Уралосибирская», «Содыржанка» тәрізді ресейлік және «Ликамеро», «Тризо» сияқты батыс еуропалық селекцияның элиталық тұқымдары сатып алынды. Биыл ресейлік тұқымдардың өнімділігі әр гектарына 19-дан 38 центнерге дейін, еуропалық сорттардікі 20-дан 27 центнерге дейін артты. Отандық сорттардың ішінде «Айна» сорты жоғары өнім берді. Мұны Алтынсарин ауданында әр гектар алқаптан 39,5 центнер өнім алған «Айдала» ЖШС дәлелдеп отыр. Ал Қарасу ауданының «Талах» шаруа қожалығында «Любава 5» сортының өнімділігі гектарына 38 центнерге дейін жетті, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхаметов.
Жергілікті шаруашылықтар техникалық паркті жаңарту барысында да мемлекет қолдауына арқа сүйеп келеді. Әсіресе, лизинг бойынша берілетін техниканың пайыздық мөлшерлемесінің 10%-ға субсидиялануы диқандардың жаңа техникаға қол жеткізу мүмкіндігін арттырып отыр. Мәселен, материалдық-техникалық базаны қайта жарақтандыру мақсатында биыл алғашқы он ай ішінде 22,1 млрд теңгеге 1,1 мың техника сатып алынды. Дәлірек айтқанда, облыс шаруашылықтарының техникалық паркі 227 трактор, 238 астық жинайтын комбаин, 47 егіс кешенімен толықты. Қостанайда шығатын ауылшаруашылық техникаларының да үлкен сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн. Соңғы екі жылда жергілікті зауытта 687 «Есіл» комбайны, 201 «Кировец» тракторы, 431 «Ловол» тракторы, 841 «МТЗ» құрастырылды. Нәтижесінде, облыстың машина-трактор паркін жаңарту қарқыны 2,7 пайызға өсті.
– Біз 6600 га алаңда егін шаруашылығы өнімдерін өсіреміз. Ұжымда тұрақты негізде 15-17 жыл бойы 32 адам жұмыс істейді. Техниканы үнемі жаңартып отырамыз. Биыл «Партнер» егіс кешені, «Есіл» астық жинау комбайндары, басқа да техника түрлері сатып алынды. Енді тіркемесі бар КаМАЗ, К-742 тракторы, комбайндар, себу агрегаттары, тіркеме құралдарын сатып алуды көздеп отырмыз. Машина-трактор паркінің 70%-ын жаңарттық. Шаруашылықтың өзінің жөндеу шеберханасы, қырман шаруашылығы, асфальтталған алаңдары бар 5 мың тонна астыққа арналған қойма бар. Асхана, жатақхана, монша жұмыс істейді. Біз инвестициялық субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қолданамыз, онда бізге техника құнының 25%-ы өтеледі. Гербицидтерді, элиталық тұқымдарды сатып алу субсидиялануы қуантады. Бұл мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек. Соңғы екі жылда бидай бағасы өсіп келеді. Бұл техникалық паркті жаңартуға және механизаторлар жалақысының өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биыл шаруалардың орташа жалақысы 120-140 мың теңгені құрады. Қызметкерлерге ақы төлеу бойынша тарифтерді жыл сайын арттыру жағына жіті көңіл бөлеміз, – дейді Арқалықтағы «Асар-1» ЖШС директоры Николай Поспелов.
Дәнді дақылдардан жиналған өнімге, көп жағдайда, агротехнологиялардың жоғары деңгейінің, егіс алаңдары құрылымын әртараптандырудың, саланы цифрландырудың арқасында қол жетіп отыр. Өңірде 250 мың тонна майлы дақылдар, 64 мың тонна картоп, 8,4 мың тонна көкөніс жиналды. Соның нәтижесінде облыс халқы азық-түліктің негізгі түрлерімен жеткілікті мөлшерде қамтылды.
Соңғы жылдары өңірдегі мал шаруашылығы саласы оң өзгерістерге толы. Төрт түліктің саны өсті. Өндірістік сектор нығайды. Бүгінде облыс бойынша 1359 ауыл шаруашылығы кәсіпорыны мал өсіреді. Отыз үш шаруашылық сүт өндірумен айналысады. Соның оны – ірі сүт-тауар фермасы. Мәселен, биыл Федоров ауданында ашылған «Бүркіт» ЖШС-де күніне жүз сиыр сауылады. Жыл соңына дейін Жітіқара ауданының «Шаденов» шаруа қожалығында 80 басқа арналған тағы бір сүт-тауар фермасы ашылатын болды. Қостанай ауданының «Аққұдық» ЖШС-де сүт-тауар фермасын 140 басқа кеңейту жоспарланған. Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін облыста бір мезгілде 26 мың малға арналған бірінші деңгейдегі мамандандырылған бордақылау алаңдарының желісі құрылды.
Арқалық қаласында бес мың ірі қараға арналған бірінші деңгейдегі төртінші бордақылау алаңының және 2,5 мың басқа арналған асыл тұқымды репродуктордың құрылысы басталды. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Ет өңдеу көлемін арттыру, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында Қостанай қаласында «Биф Экспорт Групп» ЖШС жылына 20 мың тонна ет өңдеу зауытын салады. Жобаның құны 5,7 млрд теңге. Өндіріс орны ашылғанда 184 адам жұмыспен қамтылмақ. Жаңа кәсіпорын жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл ет өнімдерін қайта өңдеуді 30% — ға арттыруға мүмкіндік береді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі биыл ауылшаруашылық саласының жалпы көрсеткіштері өткен жылдың деңгейінен әлдеқайда жоғары екенін, алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын, алда қандай күрделі жағдайда да жүзеге асырылуы тиіс жаңа міндеттер күтіп тұрғанын айтты.
– Өсірілген өнімнің көлемі облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ сыртқы нарықтарға өткізу үшін жеткілікті. Облыстың мал шаруашылығы мен қайта өңдеу саласында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және іске қосу жалғасуда, қосылған құны бар тауарлар шығаруды одан әрі ұлғайту, оның ішінде астықты терең өңдеу бойынша өндірістер ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жақын арада өндірісті одан әрі жаңғырту, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, облыстың экспорттық әлеуетін арттыру міндеттері тұр, – деді Архимед Мұхамбетов.
Облыс елімізде ұн өндіру жөнінен бірінші, сүт бойынша екінші, сары май, йогурт, жарма, макарон өнімдерін өндіру бойынша үшінші орын алады. Соны көрсеткіш агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін артта түскенін көрсетсе керек. Биыл 247 млн АҚШ долларынан астам ауылшаруашылық өнімдері экспортқа шығарылды. Облыс тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бағаны тұрақтандырудың маңызы зор. Өңірде тұрақтандыру қоры жұмыс істейді, сауда желілерін жеңілдікпен кредиттеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Тұтастай алғанда, облыстың әлеуеті ішкі азық-түлік нарығының тұрақтылығын және оны қолжетімді азық-түлікпен кепілді молықтыруды толық қамтамасыз етуге қауқарлы екенін дәлелдеп отыр.