Облыс орталығымен іргелес жатқан Қостанай ауданында 15 ауылдық округке қарайтын 51 елді мекен бар. Жалпы саны 72 мыңға жуық тұрғыны бар ауданның әкімшілік орталығы – Тобыл қаласы. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан, аталмыш ауданда кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Тіпті, биыл көктемнен бері енгізіле бастаған қатаң шектеу шараларының өзі бұл ауданда жаңа бизнес нысандарының көптеп ашылуына айтарлықтай кері әсерін тигізе қойған жоқ.
Аудан әкімі Жансұлтан Тәукеновтың айтуынша, карантин жағдайына қарамастан, ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында тың инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылған.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын жүзеге асыру аясында осы жылдың 9 айында Қостанай ауданында 1 млрд теңге қаржыға 26 жобаға несие беріліп отыр. Мысалы, тобылдық кәсіпкер «авто бала күтуші – баланы автокөлікпен алып жүру» жобасын жасауға грант ұтып алған. Аудан әкімі мұндай несиелер көбіне жүк тасымалдауға, көкөніс өсіру, сауданы дамыту және жиһаз өндірісі бойынша қызметті кеңейтуге берілгенін айтады.
Сонымен қатар Қостанай ауданында кәсіпкерлікті қолдаудың облыстық картасына енген жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, Жуков ауылында бройлер етін өндіретін агроөнеркәсіптік кешен, Садовый ауылында сүт фермасы және сүт өңдеу және ірімшік өндіру цехы салынып жатыр. Ал Тобыл қаласында осы жылдың соңына қарай қоқысты сұрыптау кешені іске қосылады.
Болашақ инвестициялық жобаларға келсек, 2022 жылы Ульянов ауылдық округінде құс шаруашылығы қалдықтарынан органикалық тыңайтқыштар өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 450 млн теңге, ал 2030 жылға қарай Тобыл қаласында қуаты жылына 360 мың тонна ет өндіретін және малды қолдан ұрықтандыратын кәсіпорын іске қосылуы тиіс. Жобаның құны 1 млрд теңгеге жуықтайды. Жел электр стансасы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Мұнда 2018 жылдан бері жұмыс жүріп жатыр. Генераторлардың қажетті бөлшектері Ресей Федерациясы мен Қытайдан әкелініп қойылған. Қазір жұмысты «Жел электрик» ЖШС жалғастыруда. Жобаның жалпы құны 18,7 млрд теңгеге бағаланып отыр. Қазір жел стансасының іргетастары орнатылып жатыр.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, жаңа электр стансасының құрылысы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін аяқталады.
Ауданда биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тиімді жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында Қостанай ауданында жылқы өсіру, майлы дақылдар, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар тұқымдарын өсіру, ұн тарту, жарма өнеркәсібі өнімдерін өндіру бойынша тоғыз жоба қаржыландырылып, оларға жалпы көлемі 1,5 млрд теңге бөлінген. Өтінімдерді қабылдау әлі де жалғасуда. Сонымен қатар ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 28 жобаны іске асыруға 4,3 млрд теңге бөлініп отыр.
Мысалы, білім беру саласында 4 нысанға күрделі жөндеу жүргізуге, 2 нысанды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына 1,3 млрд теңге қарастырылды. Екі мәдениет ошағына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған жалпы сомасы 111,2 млн теңге жұмсалды. Бағдарламаның шарапаты спорт саласына да тиіп отыр. Мысалы, Заречный ауылында 71,5 млн теңгеге стадион салынды. ТКШ саласында жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеге 19 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар биыл Алтын Дала ауылына орталықтандырылған су құбыры тартылды.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру барысында биыл 1177 жаңа жұмыс орындары құрылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 605 адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарлама шарттары бойынша жұмысқа орналасу кезінде жұмыссыз жастарға басымдық берілетіні ескеріле отырып, жобаларға 29 жасқа дейінгі жастар санатынан шамамен 241 адам тартылды, – деді аудан әкімі Жасұлан Тәукенов.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қостанай ауданына қарасты Октябрь ауылындағы Совхоз орта мектебіне күрделі жөндеу, сондай-ақ Октябрь ауылындағы 2 көшеге және Шеминов ауылындағы 4 көшеге орташа жөндеу жүргізілді.
Облыстық трансферттер есебінен Тобыл қаласының, Мичурин және Майкөл ауылдарының көшелері, Озерная стансасының кіреберісі мен Шеминов ауылының бірнеше көшесі, Осинов, Абай, Новоселов ауылдарын жалғап жатқан аудандық маңызы бар күре жол орташа жөндеуден өтті.
«Еңбек» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуы Қостанай ауданындағы жұмыссыздық деңгейін азайтып қана қоймай, тұрғындардың жеке бизнесін кеңейтуіне немесе жаңа кәсіп ашуына мол мүмкіндік беріп отыр. Биыл аталмыш бағдарлама аясында ауданның 2657 тұрғыны уақытша, тұрақты жұмыс орындарымен қамтылып отыр.
Бағдарламаның екінші бағыты — «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 113 адам оқуға жіберіліп, 61 адам шағын несие алды. Сондай-ақ бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 81 грантқа 45,004 мың теңге қаржы бөлініп отыр. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 34 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылса, жастар практикасына 52 адам, қоғамдық жұмыстарға 202 адам жіберілген. Биылдың өзінде жұмыспен қамту орталығы арқылы ауданның 1377 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты.