Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні Қостанай облысы полиция департаменті аумақтық бөлімшелерінің басшылығына түрлі мәселелер бойынша 100-ден астам азамат жүгінді. «Zoom» платформасында онлайн форматта өткен кездесуде облыс тұрғындарының мәселесі қозғалды.
Олардың дені қылмыстық істерді тергеу және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты болды. Қабылдауды Қостанай облысы Полиция департаменінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов жүргізді.
«Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықпен кері байланысты қамтамасыз етудің маңызы зор. Құқықтық тәртіп ісі азаматтардың қоғамдағы мәселелерге қатысуына тікелей байланысты және полиция жұмысының форматын өзгертеді. Соның бірі мысалы осындай қоғамдық қабылдау күні саналады», — деп атап өтті Қостанай облысы Полиция департаменінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов.
Қостанай облысының бас полицейі 20 азаматты онлайн қабылдады. Олар жол-көлік оқиғаларын, алаяқтықты және басқа да қылмыстық істерді тергеуге қатысты сауалдарын жолдап, тұщымды жауап алды. Онлайн желі арқылы Қарабалық аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұржан Ахметовке жергілікті тұрғын Сергей Дядик жүгінді. Ол осы жылдың шілде айында оның үйінен ұялы телефон ұрланғанын айтты. Қараша айында полиция ұрланған затты тауып берген.
«Мен полицияға ұрлық туралы арыз жаздым. Полицейлер менің телефонымды Қостанай қаласының тұрғындарынан ұрланған заттардың базасына енгізілген код арқылы тапқандарын айтты», — деді Қарабалық ауданының тұрғыны Сергей Дядик.
Ғанижамал Отарбаева Денисов ауданының полициясына жүгінді. Полицейлер ағымдағы жылдың қазан айында табыннан жоғалып кеткен атты ауыл тұрғынына тауып берді. Учаскелік инспекторлар Бағдат Кенешов пен жедел уәкіл Медет Ыбыраев көршілес Красноармейка кентінде жүргізілген іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жылқыны тауып, иесіне қайтарды. Тұрғын тәртіп сақшыларына алғыс айтты.
Адвокат Сәмет Саламатов екі адам зардап шеккен жол-көлік оқиғасын тергеушілерге шағымданып келді. Ол тергеу әрекеттері толық көлемде жүргізілген жоқ деп санайды. Бұл мәселені Бекет Аймағамбетов бақылауда ұстауға уәде етті.
«Кездесуде көтерілген барлық мәселені ерекше назарға аламын. Қазіргі уақытта барлық қылмыстық істердің жартысынан астамы электрондық форматта тергелуде, бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондықтан «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілмейді», — деді полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов.
Сондай-ақ, генерал Бекет Аймағамбетов Қостанайда патрульдік полиция жасақтарының гарнизондық жиыны өткізді. Қостанай облысы полиция бастығы, генерал Бекет Аймағамбетов жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде ішкі істер органдарын реформалау және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жөніндегі міндеттерді атап өтті.
Тұңғыш Президент күнін мерекелеу қарсаңында өткен жиында Бекет Аймағамбетов полицияның бір жыл бойы атқарған жұмысына тоқталды.
«Алдымен барлық қызметкерлерді келе жатқан мерекемен құттықтап, денсаулық пен жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуді тілеймін. Патрульдік полиция жұмысының маңызды көрсеткіштерінің бірі азаматтарға көмек көрсету және қылмыстарды ізін суытпай ашу, сол үшін халықтың алғысына бөлену. Бүгінде көшелерде және қоғамдық орындарда жаяу патрульдеуге назар аударылды. Жасалған құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюдың арқасында қылмыстың айтарлықтай төмендегені байқалады. Осы жылдың өзінде екі патрульдік полиция батальоны 500-ден астам қылмысты ашып, 100-ден асам жүргізушіге көмек көрсетті», — деді генрал Бекет Аймағамбетов жеке құрам алдында сөйлеген сөзінде.
Бүгінде Қостанай облысының патрульдік полициясы қажетті құралармен жабдықталған. Атап айтқанда, әр экипажда электрондық рулеткалар, пульверизаторлар, планшеттер бар. Сонымен қатар тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғасын тіркеу уақытына өзгеріс әкелді. Патрульдеуші қызметкер жол-көлік апаты орнына келгенде алдымен оқиға желісін сызады. Құжаттар жергілікті полиция қызметінде ресімделеді. Осылайша, көліктер жолда тұрмайды, ал жол-көлік оқиғаларын тіркеу уақыты 30 минутқа дейін қысқарды.
«Бүгін сіздер қиын жағдайда жұмыс істейсіздер және өз денсаулықтарыңызды қорғау керек. Барлық қызметкерлер қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қазірдің өзінде Қостанай облысы ПД емханасы мен госпиталін нығайту бойынша шаралар қабылдануда. Жақын арада мұнда рентген және УДЗ аппараты пайда болады. Қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынды», — деп атап өтті Қостанай облысы Полиция департаменінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов.