Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Қасірет шеккен қазақ әндері

 БК (б) П Орталық Комитетi 1925 жылы 18 маусымда “Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы” арнаулы қаулы қабылдап, онда шаруа жазушылардың өсуiне көмек жасау, олардың коммунистiк идея жағына ойысуын жеделдету, революцияға қарсы элементтерден арылу мәселелерiн көтердi.

 Осы қаулыдан кейiн сол жылы РАПП (Бүкiл Россиялық пролетариат жазушылар одағы), 1926 жылы 12 маусымда Қазақстанда ҚазАПП (Қазақстан пролетариат жазушылар одағы) құрылды. Бұған дейiн бүкiл Қазақстан жазушыларын бiр мақсатта тiзе қосып, шығармашылық жұмыс iстеуге шақырған 1924-1925 жылдар аралығында құрылған (ресми емес) “Алқа” әдебиет ұйымы бар едi.

          1927 жылы ҚазАПП жиналысында бұл ұйым «Қазақтың пролетариат,қара шаруа жазушылар ұйымы» болсын деген қаулы алынды. Сол жиналыста жаңа атауға сәйкестендірілген жаңа платформаға 21 кісі қол қойды.

    “Алқаны” жақтаушылар ақын-жазушылардың ақындық мiндет пен азаматтық мiндеттi қатар ұстануы керектiгiн, “әсiресе ақындық мiндетiн бiле алмай, жалпы айғайдың екпiнiмен кетпеуiн” яғни әдебиетке тек үгiт-насихат құралы деп қарамауға үндедi. Әсiресе, Қазан төңкерiсiнiң “өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкерiс емес, Еуропа тудырған жат төңкерiс” екендiгiн нығарлай айтуы, “ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүру керек” деген сияқты пiкiрлерi КазАПП-шылдарға шаншудай қадалды. Өйткенi, олар қаламгерлердi “Октябрь революциясын, пролетариат диктатурасын, Совет өкiметiн, коммунистiк бағытты жақтап, жырлауға,” таптық идеяны насихаттауға шақырды.

Бұл бағыт әдебиеттi өсуге емес, өшуге қарай жетелеп, құрғақ айқай, өтiрiк мақтау, даттау, ұраншылдық етек алғаны, тiптi, 1932 жылдары ұлы Абайдың өзiн тапшыл әдебиеттанушылар түкке алғысыз етiп көрсеткенi белгiлi жайт.

        Б.Майлин 1934 жылдың 12 маусымында “Социалды Қазақстан” газетiнде жарық көрген “Екi оқушыға жауабым” деген мақаласында КазАПП басшыларының ұраншылдығын, рапортшылдығын, өзiнiң де солардың тапсырысы бойынша VIII Кеңес съезiнiң тұсында лепiрме, жалаң рапорт жазуға мәжбүр болғанын айтады.

“Алқа” бағдарламасы “Табалдырық” (кiрiспе), “Әдебиетiмiз”, “Бұл күнге шейiн төңкерiс әм әдебиетiмiз”, “Әдебиет не нәрсе?”, “Әдебиеттiң жалпы заңы”, “Марксшылдық әм әдебиет не жазуға?” деген бөлiмдерден тұрады. Онда жазушыларды бiрлiкке, татулыққа, түсiнiстiкке шақыру басым. “Алқа” бағдарламасының соңғы бөлiмiнде қазақ ақыны мен пролетариат ақынының арасындағы айырмашылық, екеуiнiң ақындығының мәнерi бiр болуы мүмкiн еместiгi, бiрақ екеуiнiң негiзi бiр болғандықтан бiрiгiп жұмыс iстеу керектiгi айтылады. Онда: “Бұл ортақ негiз, бұл ортақ бағыт: зор төңкерiстiң үндеуi, төңкерiс арқылы жер жүзiне бақытты тұрмыс ортақшылдық орнауы,- делiнген. – Домбырада бiрi қоңыр, бiрi ащы үн беретiн екi iшек бар. Екi iшек екi түрлi үн шығарып тұрса да, күй тартылмақ”.

         Егжей-тегжейлi түсiндiрiлiп әдемi айтылған. Жоғарыда келтiрiлген, сондай-ақ осы жолдардан-ақ “Алқаның “ХХ ғасыр басындағы ұлтжанды қазақ қаламгерлерiнiң басын бiрiктiру бағытын ұстанған, халықтың дәстүрлi салт-санасына сүйенген, қадым заманнан жеткен руханияттығы терең елдiк сарынды жоғалтпау ниетiмен құрылмақшы болған таза шығармашылық ұйым”екенi тайға таңба басқандай көрiнiп тұр.

Мұның бәрi рулы елдi тапқа бөлiп, әке мен баланың, аға мен iнiнiң арасына от жағып, iрiткi сала келген Қазан төңкерiсiнiң саясатынан туған талас-тартыс едi.

“Алқа” осындай оспадар, ұрдажық кезеңде ел қамын жеген, игi ниеттен туған бейбiт ұйым болатын. Оның бағдарламасында айтылған пiкiрлер қазiргi кезеңнiң тыныс-тiршiлiгiмен де үндеседi, кейбiр ойлары бүгiнгi күн проблемаларынан туындап, кеше ғана айтылғандай әсер қалдырады.

      Мәселен, ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен отырысында “Сайлау туралы” Конституциялық заңға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу” жобасы қаралғанда аталған заңға бiр топ депутаттар ұсынған “депутаттыққа үмiткер қазақ ұлтының өкiлдерi сайлау комиссиясына мемлекеттiк тiлдi бiлетiнi туралы анықтама ұсынуы тиiс” деген толықтыруды депутаттардың басым көпшiлiгiнiң қолдамауы “халықтың дәстүрлi салт-санасының”, елдiгiмiздiң, еркiндiгiмiздiң белгiсi, негiзгi болып табылатын тiлiмiздi ардақтамау, тiптi, құндамау, “елдiк сарыннан” алшақтау емес пе?!

         Тапшыл ҚазАП (Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы) дәуiрлеп, азатшыл, алашшыл “Алқа” мақсаты iс жүзiне аспай, кейiн 1929-1937 жылдары “контрреволюцияшыл ұйымның программасы” делiнiп, қуғын-сүргiнге ұшыраған қазақ зиялыларының көбiне айып болып таңылды. Солардың ең басында М.Жұмабаев тұрды.

     “Табалдырық” пен “Алқаны” жазған М.Жұмабаев еді.

      А.Байтұрсынов (ВКП(б) Орынбор комитетіне 1929 жылы 18 маусымда жолдаған мәлімдемесінде Қазақстандағы әртүрлі әдеби ағымдармен таныстығын, әйтсе де олардың ешқайсысына да араласпағанын, жалпы “әдеби өмірде жұмысшы табының мүддесі жоғары ма, әлде ұлттың мүддесі жоғары ма?” деген тұжырымға да еліге қоймағанын айта келіп: “Ең әуелі кәсіп емес, мұң, шер, адам жаны бірінші көрінуге тиіс қой”  деп өзі дәріс берген жоғары оқу орындарында да, әдебиет мәселелері туралы жазған мақалаларында да осы қағидасынан айнымағанын, “Табалдырық” әдеби ұйымы жайында да сөз қозғап, оның платформасын жіліктеп шағып берердей жете біле білмейтінін баян етеді. “Табалдырық” туралы “Газет бетінен, қолжазба күйінен оқыған шығармын, әйтсе де әдебиет мәселесін жоспарлауға, тиянақтауға келетін болсақ, керісінше, шығармашылық шаруасы ешқашан талқыланып, жоспарлауға көнбейтін, кісінің ерік құқына байланыссыз қасиетті іс деп тұжырамын”,- деген пікір білдіреді.

           Бұл ҚазАПП әдебиетшілер ұйымының ой-мақсатымен мүлде қабыспайтын, шынайы әдебиетшінің әділетті, дұрыс қорытқан тұжырымы еді. Алайда, адам жанының тебіренісі мен мұң-қайғысынан гөрі үкімет паравоздың гуілін, трактордың үнін, өндірісті, фабрика мен заводты жырлауды талап етті.

          Нәтижесінде  айтыс-тартыс, жалған ұран, орынсыз кінә тағып, қаралау, желікпе жел сөз көбейді. «Рапорт дәуірінің басы Қазақстанның онжылдық мерекелі сессиясынан басталды. 

Құрметті сессия үкімет

Еңбекші табы – қалың жұрт.

Қаз АПП ұйымы атынан

Тапсырамыз рапорт:

Жүз он алты мүше бар,

Сексен бес кітап сыйлаппыз,

Социалдық ұлы іске

Том-томдап жинаппыз,-

деу дәстүрге айналып, «Невстан», «Көмір коммунизм», «Пулемет» сияқты рапорт поэма, дастандар қаптап кетті».

          Өлеңнің басын жарып, көзін шығару осындай-ақ болар!

          1959 жылы «Қазақтың Советтік халық әндері» атты жинақ жарық көрді. Кітап «Революциялық әндер және Совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы әндер», «Ескішілдік қалдықтарымен күресу, әйел теңдігі, оқу, мәдениет туралы әндер», «Коммунистік партия және В.И. Ленин туралы әндер», «Социалистік құрылыс туралы әндер», «Жастар және балалар әндері», «Отанды қорғау және 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы туралы әндер», «Отан туралы, тың жерлерді игеру, бейбітшілік, халықтар достығы туралы  әндер» деген бөлімдерге бөлінген.

      Осы бөлімдердің атауларынан, сондай-ақ «енгізілген өлеңдердің мазмұны қазақ халқы  коммунистік партиясының басшылығымен және орыс пролетариаты мен Қызыл Армияның жәрдемімен жаңа ғана өз алдына тұрмыс құра бастаған кездер,  совет өкіметінің алғашқы жылдары жайында.  Бұл кезең қазақтың советтік жас республикасын құртып жіберуге, оны басқа социалистік республикалардан айырып алып, капиталистік мемлекеттердің шикі заттық отарына айналдыруға талаптанған ішкі және сыртқы дұшпандармен – ақгвардеецтермен, алашордашылармен, шет елдік интервенттермен қырғын ұрыстар болып жатқан жылдар еді. Қазақтың советтік мемлекеті аштық пен күйзеліс жағдайында, қиян- кескі тап тартысы жүріп жатқан жағдайда құрылып жатты»,- деген сияқты түсіндірмелерінен-ақ жинаққа саясаттандырылған ән мәтіндерінің топтастырылғаны аңғарылады.

        Ән мәтіндерін оқығанымызда Тұрсынбек Кәкішев ағайымыз айтқан «Ақан серінің атақты «Сырымбеті»:

                                 Ауылым қонған Сырымбет даласына,

                                 Болдым ғашық еңбекші баласына,

немесе әйгілі «Ардақтың»:

             Үш ұйықтасам ойымда бар ма менің

  Қызулы өндірісте жүрем деген,-

болып өзгертіліп, сахнада айтылғанына»  көзіміз жете түсті.

          Кітапқа енген ән аттары «Ұран», «Төңкеріс», «Ұмтыл алға, «Кіші інім», «Жалшылар қорғаны», «Кедейлер ұраны», «Жаса, жалшы», «Қызыл жалау», «Октябрь», «Жұмыскер», «Еңбекші ел», «Жолбасшың болса партия», «Ленин жолы», « Ленин атам», «Ленинді жоқтау», «Ленин тірі– өлген жоқ», «Ленин күніне», «Колхозшы», «Колхозда», «Колхозшылар», «Өндіріс», «Машина», «Завод», «Забойшы», «Паравоз», «Ворошилов…»

   «Құлшылық» әнінің мәтінін оқып көрейік:

Бұл жобада тұра тұрса мінез қылық

Күн туды бай мен биді аттандырып,

Қалатын кедей тобы етіп күлкі,

Жасасын Ұлы Октябрь төңкерісі!

Әрі қарай да осы қарадүрсін, ұйқассыз, өлеңге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жолдар жалғаса береді. (66-67 бб.)

   «Октябрь» әнінің мәтіні де дәл осындай сарында:

                                 Октябрь-кеме толқын төңкерістің

                                 Он жетінші жылы болды ұлы істің.

 Таптық елім социалдық қоғам құрар,

Табыстан-табысқа өрлер жолға түстің [70 б.].

     Кітапқа енген барлық ән мәтіні дерлік  жасанды, көкжасық, көтерем, бос айқай, ұранды, саясатшыл, сын көтермейтін дүниелер.

Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда,

Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда,–

делініп басталатын қазақтың жігерлі халық әні «Ақ ерке»:

                                 Еңбекші елміз ежелден еңбек сүйген,

                                 Қар жамылып, тоң төсеп, күнге күйген.

                     Қайырмасы:

                                 Іңкәр жан Ақерке

                                 Аман бол-ай.

                                 Есті жидық, ел болып ұйымдасып,

                                 Еркін еңбек тұтқасы қолға тиіп,–

деп өзгертіліп, өлеңі мен нотасының астына «Слова  припева сохранились от старого текста» деген түсініктеме беріліпті.(75 б.)–

     Халық  әні «Бір бидай арпа» «Бір бидай» делініп, оның:

                                 «Ұшады аққу көлден байпаңдаған,

 Қалқаға бір сөзім бар айта алмаған.

Су құйып сырлы аяққа толтырғандай

Көзіңнен айналайын жаутаңдаған.

Бір бидай- арпа,

Өзің біл, қалқа,–

деген мағыналы да көркем мәтіннің орнына:

 Бір бидай ексең жерге көпті аласың,

Бидайға керек-жарақ затты аласың.

Бір бидай, арпа,

Ерін бе қалқа,»–

деген сияқты қарадүрсін жазылған, ұйқассыз жолдарды беріпті[143 б.].

             Осы сияқты «Заулатшы-ай», «Ай-агу», «Хаулау», «Әк-кигәй», «Ой-кәдігәй» т.б. халық әндеріне де колхозды, еңбек адамын, колхозшыны мадақтайтын жаңа мәтіндер жазылған.

            Өндірісті, еңбек адамын, завод, фабриканы, коммунистік партияны жыр етіп  әнге қосу тәуелсіздігімізді алғанға дейін толастаған емес. Біз ән мәтіндері жайында айтып отырғандықтан, өлең, поэма, повесть, роман, әңгімелерге тоқталған жоқпыз. Әйтпесе солақай саясат дүмпуімен жазылған шығармалар жетерлік.

            Кеңес дәуірінде қаншама әніміз қуғын-сүргінге ұшырап, сотталды.

            Әнші, жазушы Жәнібек Кәрменов 1933 жылы  екі жүзден аса халық әні мен халық композиторларының әндерінің сөзі сотталғанын, ауыз әдебиетіне тағылған айып ән өнерімізді де айналып өтпегенін, ән мәтіндеріне «феодалдық дәуірді жырлайтын ескінің сарқыны» деген айып тағылғанын айтып:           

                 Үш мың жылдық тарихи деректі бозторғайдай шырылдап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген асыл әннің бір қанаты соқыр қатыгездікпен аяусыз қиылды,-дейді. –Қатал уақыттың диірмені жаныштап, аштық пен түрмеден ақсүйек болған ел мәдени мұрасынан, әнінен айырылған соң, арқасы жауыр, мұрны тесік тайлақтай бәрінен безіп, жетекке жүре берді. Рухани тапшылыққа, тоқырауға ұшырады.

            Жаңа жасанды сөз жанға жарық түсірмеді.. Көптеген әндер айтылмай ұмыт қалды. Кейінгі жылдарда ән сөздерінің бір-біріне ауысып, шатасып жүруі, немесе сүреңсіз, мағынасыз текстердің телінуі, сайып келгенде, жоғарыда айтқан зауалдың кесірінен екені аян.

             Әнді тонау – тарихты тонау. Ең бастысы– сол әндерді шығарушылардың тағдырына жасалған қиянат. Аты-жөні ұмытылып, өзі айтылып келген, өмірбаяны сызылып қалған ән–ата-анасын іздеп шырылдап жүрген бала секілді күй кешті. Көпшілігі халық әні делінсе, енді біразы иесін таппай әлі де алаңдаулы .

 Сондай әндердің бірі Мағжан Жұмабаевтың «Бәрінен де сен сұлу» әні еді. Мақсұтбек Майшекиннің әні делініп жүрген бұл ән авторы ақталғаннан кейін өзіне қайтарылды.

                        Ақан серінің «Балқадиша» әнінің:

                                   Қызы едің Ыбекеңнің, Балқадиша,

                                   Өзенді өрлей біткен тал-Қадиша.

                                   Секесен қыз серуенге шықса-дағы

                        Ішінде қара басың– хан, Қадиша,– деген тамаша жолдары:

                                   Дегенде Балқадиша, Балқадиша,

                                   Күйеуің секесен бесте-шал, Қадиша,-болып өзгертіледі. Кейбір әншілер әнді әлі күнге дейін осы мәтінмен айтып жүр.

            Халық әні «Сметтің» мәтінін сол отызыншы жылдары Иса Байызақовқа қайта жаздырыпты. Ол жайында «Қазақтың Советтік халық әндері» кітабында жазылған түсініктерде: «Жинақ», 324 бет. Павлодар облысындағы Бесқарағайлық Темірболат Арғынбаевтан (1940 жылы қайтыс болған) 1939 жылы жазылып алынған өлең. Арғынбаев Біржан сал мен Ақан серінің шығармаларын жақсы білетін және тамаша орындайтын әншінің бірі. «Смет» өлеңі Иса Байызақовтың сөзімен айтылып жүрген ескі халық әні» (224 б.) делінеді. Оны ән мәтінінен де аңғару қиын емес:

                                               Алтайдың кен шығардым саласынан,

                                               Биік құз, терең жартас арасынан.

                                               Көк балға, жарқылдаған болат сүймен,

                                               От шығады соққанда жартасынан.

            Екінші шумағындағы «Бір кезде қонсы қонған жарлы,жалшы» тармағы да қайта жазылған ән мәтіндерімен үндесіп, мен мұндалап тұр.

            «Смет» кейде «Сімет» болып кейінгі Иса жазған мәтінмен қазір де ән жинақтарына еніп жүр.

            Негізгі мәтіннен айрылған, авторын таппай, халық әндері болып айтылып жүрген әндер әлі де жетерлік.

            Қудалауға түсіп, шертуге тыйым салынған күйлер де бар.

            Оңтүстіктегі Қызылқұм, Мырзашөл, Жазық, Тамды топырағында күй өнері бір кездері ерекше дамыған. Олардың өз мақамы, өз сазы қалыптасқан.

            «Әйтсе де бұл аймақтағы мәнер қазіргі кезеңдегі ғылыми көзқарастарға сай «Шығыс Қазақстан күйшілік мектебі», «Батыс Қазақстан күйшілік мектебі» дегендей көшелі жолға түсе қоймаған.

            Жиделібайсындық «Қоңырат күйлерінің» қазақ арасында тыйылуы Қазан төңкерісінен кейін басталды. Кеңес өкіметінің саяси пәрмені оны «басмаштардың күйі» деп айыптады, ілуде бір қайырмасын шерткендерді аямады: атты, асты, итжеккенге айдап отырды. Сөйтіп, өткен ғасырдың 30- жылдар мұғдарында қосөзеннің домбырада сөйлеген ұлы сарыны қазақ жерінде өмір сүруін мүлде тоқтатты».

            Сотталған әндердің авторларын, өзгертілген мәтіндердің түп нұсқасын табу – рухани қазынамызды байыта түсері анық. Бұл– болашақтың ісі. Іздейік, ізденейік.

 Серікбай Оспанұлы, ақын, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры