Өңірлік жедел штабтың мәліметінше, Қостанай облысында 3-сәуір мен 6-желтоқсан аралығында COVID-19 індетін жұқтырған 5881 адам тіркелген. Бүгінге дейін 4 399 науқастың емделіп шыққаны белгілі болып отыр.
Облыста карантин режімі жарияланғалы, санитарлық тәртіп-талаптың сақталуын 91 мониторингтік топ бақылауда. Оның құрамында қала-аудан әкімдіктерінің, «Атамекен» ҰКП-ның мамандары, жергілікті полиция қызметкерлері, БАҚ өкілдері бар.
Мониторингтік топ мүшелері өткен демалыс күндері арнайы рейд ұйымдастырып, 436 бизнес-нысанға тексеру жүргізген. Нәтижесінде 9 нысанның карантин режімін бұзғаны анықталып отыр. Мәселен, Қостанай қаласындағы «Ладога» кафесі жұмыс режімінің шектелуіне қарамастан, демалыс күндері де мейман қабылдаған.
Өкінішке қарай, карантин тәртібі ауылдық мекендерде жиі бұзылуда. Мәселен, Жангелдин ауданының Шеген ауылында, көпшілік жиындарға тыйым салынғанына қарамастан, ас берілген. Дәл осы ауданға қарасты Көкалат ауылының тұрғыны 30 адамды қонақ етіп, 70 жасқа толған мерейтойын атап өткен.
Сондай-ақ, Қостанай ауданының Мичурин ауылындағы моншаның шектеу қойылған уақыт ішінде 8 адам қабылдағаны анықталып отыр. Рейд нәтижесі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жалпы, 6 қараша мен 7 желтоқтан аралығындағы рейд шаралары барысында 10 619 нысан тексеріліп, 1448 тәртіп бұзушыға жалпы сомасы 54 млн теңге болатын 897 айыппұл салынған.