Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Кіріс көзі артқан

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Асанов өткен 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды. Әкімнің айтуынша, оңтүстіктегі тірек ауданда айтарлықтай өсім бар.

Батыр атындағы ауданның жылдық кірісі 4,8 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Тиісінше орташа жалақы көлемі өсіп, 138 649 теңгеге жетті.

– Аудан экономикасының негізгі капиталына 1 млрд 716 млн теңге инвестиция құйылды. Қазіргі кезде аудан бойынша 901 шағын және орта бизнес субъектілерінде 1947 адам жұмыспен қамтылған. Шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында тұрақты  іс-шаралар атқарылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 266,4 млн. теңге болатын 11 жоба қаржыландырылды. Аудан экономикасының  негізгі саласы – ауыл шаруашылығында 19 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Үкімет тарапынан мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында ауыл шаруашылық құрылымдарына барлығы 741,3 млн теңге субсидия төленді, — дейді Амангелді ауданының әкімі Әмірхан Біркенұлы.    

Амангелді ауданындағы егістік алқаптың көлемі – 148 701 гектар. Биыл 133016 гектар жерден 90 мың тонна бидай жиналды. Астық гектарына 6,8 центнерден айналды. Өңірде 357 шаруа қожалығы мен 5 ЖШС мал шаруашылығымен айналысады. Ауданда құрылыс жұмыстарына басымдық берілді. Биыл осы мақсатта 1 млрд 863 млн теңге қаражат жұмсалды. Барлығы 3139 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, құрылысқа 222 млн. теңге қаражат бағытталды.

– Амангелді ауылында жалпы ауданы 478 шаршы метр болатын бос тұрған ғимаратқа 15,3 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға берілді. Қазірдің өзінде мұнда 10 отбасы қоныстанды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 25 млн теңгеге Амангелді ауылының Майлин көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ақсай ауылына кіре беріс 16 шақырым жол жөнделді. Айта кетерлігі, бұл жолға пайдалануға берілген 1980 жылдардың ортасынан бастап шиыршық тас төселмеген, — деп мәлім етті аудан әкімі.    

Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 6 нысан жөнделіп, нәтижесінде 73 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Ауданда орталықтандырылған ауыз су желісін жүргізудің кешенді шаралары белгіленген. Соның бір дәлелі – Қабырға ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы. 82,2 млн теңге қаражат облыстық бюджеттен бөлініп, Қабырға ауылының 300-ге жуық тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ауыл тұрғындары ширек ғасырдан астам уақыт ауыз суды өзеннен тасып келген еді.  Қазір Қарасу ауылының су беру жүйесін қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде.

Жалпы аудандағы 30 елді мекеннің 14-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.   Әлеуметтік саланың әлеуеті   Ауданда 18 мектеп, 1 психологиялық педагогикалық түзету кабинеті, саз мектебі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және «Шұғыла» балалар шығармашылық орталығы жұмыс істейді. 2019-2020 оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге 188 түлектің 170-і қатысты. Мектеп бітіруші түлектердің оны «Алтын белгі» иегері атанса, 16 оқушы «Үздік аттестатпен» аяқтады.

– Осы жылы 4 млн теңгеге мектептердің жылу қазандықтарының ғимараттарын сыртқа шығару жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджет қаражаттары есебінен Амантоғай және А. Нұрманов атындағы орта мектептері, Н.Крупская негізгі мектебіне ағымдағы жөндеуге, терезелерін ауыстыруға, жылу жүйесін жаңартуға, линолеум сатып алуға 42,1 млн теңге қаражат игерілді. Балаларды тасымалдау үшін автобус сатып алуға 17,1 млн теңге жұмсалды. Орта білім беру ұйымдарын және мектепке дейінгі мекемелерге 96 бейнебақылау камерасы орнатылды, — дейді Әмірхан Асанов.

Аудан тұрғындарына 1 орталық аурухана, 2 ФАП және 17 медициналық пункті қызмет  көрсетеді. Медициналық мекемелерде 21 дәрігер, 124 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Дәрігер мамандармен қамтамасыз етілу көрсеткіші 78,4 пайызды құрайды. Әмірхан Біркенұлының айтуынша, аймаққа рентгенолог, жалпы тәжірбие дәрігері, неврапотолог, дерматовенеролог, педиатр сынды дәрігер мамандары қажет.

– COVID-19 пандемиясы басталғалы ауданымызда 42 адам тіркелді. 39 адам жазылып шықса, 3 адам емделу үстінде. Аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде 14 орын дайын. Егер эпидиемиологиялық жағдай ушыққан жағдайда қосымша 50 орынды кешенді және хирургиялық бөлімшелерді ашуға мүмкіндігіміз бар. Дәрілердің 3 айлық қоры жасақталынды. Пандемияның алдын алу мақсатында құрылған мобильдік топтар саны – 12. Бұл жұмыстар жалғаса береді, — деді ол.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүріп жатыр. Бағдарламаның бірінші бағытымен 7 адам білім алды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Игілік» бағыты бойынша 44 адам өз ісін бастады. Ақылы қоғамдық жұмыстарға жыл басынан бері 265 адам жіберілді. Пандемияға байланысты карантин уақытында 897 адамға көмек көрсетілді. Ауданда «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жыл ішінде құны 205,3 млн теңге болатын 11 жоба жүзеге асырылды. Амангелді (Ораз Қожасов атындағы домбыра кабинеті, саз мектебі), Амантоғай (Уәлиев Бораш атындағы математика кабинеті), Жалдама (Сауле Байғожина атындағы орыс тілі кабинеті) ауылдарында арнайы тақырыптық кабинеттер ашылды. Бұл жобалардың демеушілері: Бораш Уәлиұлының ұрпақтары, Жалдама орта мектебінің түлектері, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қалибек Деріпсалдин.    

– Ақсай ауылында ауыл мектебінің спорт залының құрылысы кеңестік кезеңнен басталып, түрлі себептермен осы уақытқа дейін аяқталмай қалған болатын. Аяқталмаған құрылыс нысанын жөндеуге Ақсай ауылының кәсіпкерлері және сыртта жүрген, осы ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтар бірігіп, 12 млн теңге жинап, спорт залға күрделі жөндеу жасап берді. Қабырға ауылдық округінде де ауыл мектебінің спорт залы көп жылдардан бері пайдалануға жарамай, бос тұрған еді. Тартылған қаражат есебінен биылғы жылы осы спорт залға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Байғабыл ауылында Ақан Нұрманов атындағы жалпы білім беретін орта мектебі жанынан шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Жобаның демеушілері – мектеп түлектері, — деп мәлім етті Әмірхан Біркенұлы.

Амангелдіде тағы бір нысан – асхананың құрылысы аяқталды. Құны 35 млн теңгеден асатын ғимарат құрылысын жергілікті тұрғындар салып шыққан. Асхана аудан орталығындағы Сатыбалды ишан мешітінің балансына берілмек.