Амангелді ауданы – ұлт өнерін өрістетуде өзгелерге өнеге боларлық өңір. Мәдениет саласында атқарылған мәуелі істер көп. Игі бастамалардың жемісті жүзеге асуына жергілікті биліктің көрсетіп отырған қолдауы жетерлік. Осыдан екі жыл бұрын басшылыққа келіп, аудан тізгінін қолына ұстаған білікті басшы Әмірхан Асанов көптеген игі шараның іске асуына ұйытқы болды. Аудан басшысымен ұлт өнерін насихаттау бағытында сұқбат құрған едік.
— Батпаққара өңірінде Домбыра күні қарсаңында өткен ауқымды іс-шара әлі жұртшылықтың есінде. Бір мезетте 1000 домбырашының күй ойнауы Халықаралық рекордтар кітабына енгені аудан мен облыстың ғана емес, тұтас елдің айтулы оқиғасына айналғанына куәміз. Осы бір аты-шулы шара туралы егжей-тегжейлі баяндап айтып бересіз бе?
— Елімізде шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні боп белгіленуі қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқаны белгілі. Расында домбыра – тарих қойнауынан сыр шертіп, ғасырдан-ғасырға қазақтың қоңыр үнін жеткізген бірден-бір музыкалық аспабымыз. Осы атадан қалған төл өнерімізді насихаттау мақсатында Ұлттық домбыра күні Амангелді ауданында 1000 домбырашыға күй тарттыруды жоспарладық. 16 мың халық тұратын ауданымызда бұл жоспарымызды іске асыруға мүмкіндік барына сендік. Қанша дегенмен, амангелділіктердің мәдени саладағы жетістіктері аз емес. Облыстық көркемөнерпаздар байқауында жыл сайын үздік үштіктің қатарынан көрініп, алдыңғы орындарды алып жүрміз. Осының бәрі аталмыш шараны ұйымдастыруға серпін болды. Бұл іс-шараға 9 ай бойы дайындық жұмыстары тиянақты жүргізілді. Ұжымдарға арнайы домбыра үйретушілер тағайындалып, нақты міндет-талаптар қойылды. Халыққа үндеу тасталып, ерікті қатысушылар да белсенділік танытты. Нәтижесінде ауданымыздың 5-сынып оқушыларынан бастап, жасы 90-нан асқан қарияларымызға дейін қолдарына домбыра ұстады. Айтулы шараны көруге жан-жақтан құрметті қонақтар, жерлестеріміз көптеп келді. 1000 домбырашы бір мезетте «Балбырауын» және «Келіншек» күйлерін орындады. Абыройлы өткен осы бір ауқымды шараны Халықаралық рекордтар кітабына енгізуге ұсыныс беріп, рекордтың ресми түрде мойындалғаны жөнінде арнайы куәлігін алдық. Бұл аудан тарихына алтын әріппен жазылған мәдени саладағы үлкен жетістігіміз деп санаймыз. Сондай-ақ, бұл шараны дәстүрге айналдырып, биылғы жылы 5 күй орындауға дайындалған болатынбыз, дегенмен еліміздегі күрделі жағдайға байланысты іс-шараның өткізілуі алдағы жылдарға жылжытылды.
-Жалпы, ұлт аспабы – домбыраны ел ішінде насихаттауда басқа өңірлерге өнеге-үлгі боларлықтай көптеген жұмыс атқарылды. Солардың бірі – Амангелді ауданы көлемінде өткен «Әр үйде бір домбыра» акциясы. Осы бір тамаша бастама туралы оқырмандарымыз кеңірек ақпарат білгісі келеді деген ойдамыз. Бұл қанша уақытқа жалғасты? Жалпы, қанша шаңыраққа қазақтың қара домбыра табысталды? Осыған ұқсас тағы қандай да бір шаралар өткізілді ме?
— Ұлттық аспабымыз домбыраны одан әрі насихаттау үшін осы жылдың ақпан айында бастама көтеріп, «Әр үйде бір домбыра» акциясы қолға алынған болатын. Мұндағы мақсат – ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі, қазақтың брендіне айналған аспабымызды ұлықтау, сонымен қатар домбыра үйренгісі келетін жастарымызға қолдау көрсету. Бұл акцияға мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, ақсақалдар, жерлестеріміз, жеке кәсіпкерлер, барлығы 150-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде домбыра тартуға бейімі бар балалар үшін 150 отбасыға домбыра сыйға тартылды.
-Облыстың мәдени өмірінде тұңғыш рет «Қызғалдақтар фестивалін» өткізу мәртебесі де Амангелді ауданына бұйырғанын білеміз. Тұтас облыстан өнерпаздарды жинайтын фестивальдің басты көздегені не? Бұл жыл сайынға дәстүрлі шара ма? Алғашқы ұйымдастырылымы қандай деңгейде өтті?
— 2019 жылдың 4 мамырында Аманкелді ауданында «Айналдым сенен, Атамекенім» атты облыстық қызғалдақтар фестивалі өтті. Іс-шараны облыстық Мәдениет басқармасымен бірлесе ұйымдастырдық. Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, жастарды табиғатқа жанашырлықпен әрі жауапкершілікпен қарауға баулу, қызғалдақ гүліне деген қамқорлықты, насихатты күшейту. Біздің ауданымызда қызғалдақтың 5 түрі өседі. Қызыл кітапқа енген 3 түрі бар. Сонымен қатар, бұл шара Қостанай облысының туристік әлеуетін дамытуға және туристерді біздің өңірімізге саяхаттауға жасалған алғашқы қадамдар деп есептейміз. Фестиваль аясында Аманкелді ауданының 500 домбырашысы өнер көрсетті, айтыс ұйымдастырылды, әр ауданнан келген өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынды. Сонымен қатар, ұлттық спорт ойындарынан көрсетілімдер, ұлттық қолөнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылғанын да айта кету керек. Іс-шараға елдің әр өңірінен арнайы келген туристер қатынасты. Жалпы, өңіріміздің тұмса табиғаты туристердің үлкен қызығушылығын тудыруда. Аудан әкімдігі бұл жайдан тысқары емес, бүгінде бұл салаға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл салада бір үлкен жаңалығымыз бар. Жерлесіміз, меценат Сапар Ысқақов ағамыздың қаржыландыруымен туристік хаб құрылысы басталды. Жоба ауданымыздың туристік әлеуетін дамытуға оң серпін береді деп үміттенеміз.
— Амангелді ауданы ұлттық өнерді өрістетуге мықтап ден қойған сыңайлы. Мәселен, таяуда ғана домбыра кабинетінің ашылғанынан хабардар болдық. Бұл ақжолтай хабардан бөлек, тағы да қандай игі шаралар атқарылуда?
-Ауданымыздың орталығында Саз мектебі жұмыс істейді. Сол мектеп ішінен 8 қыркүйек күні қасиетті Батпаққара өңіріне есімі танымал, ауданымыздың мәдениетіне, өнерінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың бірі, өнерпаз Ораз Мұқанұлы Қожасов атындағы домбыра кабинеті ашылды. Домбыра кабинетінің ашылуына бастамашы болып, демеушілік жасаған – Ораз Мұқанұлының ізбасар бауыры, танымал композитор Қалибек Деріпсалдыұлы. Ұстаздың туыстары, Қ.Деріпсалдин кабинетке арнап стенд жасатты, домбыра сыйлады. Бұл арнайы кабинетте мектеп оқушылары қастерлі ұлт аспабын үйренетін болады.
— Мәдени салаға қатысты алдағы уақытқа құрылып отырған қандай да бір жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?
— Алға қойған негізгі мақсатымыз – ұлттық өнерді насихаттау, одан әрі дамыту. Домбыраны үгіт ету, үйрету жұмыстары жалғаса беретін болады. Ол үшін әр ауылдық округ клубтары жанынан домбыра үйірмелерін ашуымыз қажет. Сондай-ақ, ауданның барлық мәдениет мекемелерінің жұмысын бүгінгі заман талабына ыңғайлау, ауыл клубтарының жұмысын жаңа деңгейге шығаруымыз керек. Мәдениет саласына бөлінетін қаржыны жыл сайын ұлғайтып, ел ішіндегі таланттардың жұлдызын жағып, насихаттау жұмыстарын белсене жүргізе беретін боламыз.
— Істеріңіз берекелі болсын! Сұқбатыңыз үшін көп рахмет айтамыз!
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек