Қостанай облысындағы ең арзан нан Қарасу ауданына қарасты Железнодоржный ауылында сатылады. Бұл елді мекенде бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген салмағы 600 грамм бір бөлке нанның бағасы 50 теңге, ал екінші сұрыпты нан небәрі 40 теңге тұрады.
Қазір Қостанай қаласының тұрғындары бірінші сұрыпты нанды 105 теңгеден сатып алып отыр. Ал Железнодорожныйдың жұмсақ наны одан екі есе арзан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл елді мекенде соңғы бес-алты жылдың ішінде нан бағасы өзгермеген.
Жергілікті серіктестікке қарасты наубайхана сол маңайдағы ауылдарды сапалы әрі арзан әлеуметтік нанмен қамтумен қатар, неше түрлі тоқаш, піспе нан сияқты шай ішкенде тіске басар жылы-жұмсақ түрлерін пісіреді. Наубайханадан шыққан арзан өнім Октябрь ауылдық округіне қарасты ауылдарға, одан қалды көршілес Ақмола облысының бірқатар елді мекендеріне жөнелтіледі.
– Күніне шамамен 1200 бөлке нан пісіреміз. Бұл ауыл тұрғындарына да, сырттан келетін шағын кәсіпкерлерге де жетеді. Ең бастысы, ұн өзіміздікі. Сондықтан бағаны тұрақты ұстап отыруға мүмкіндік бар, – дейді серіктестік басшысы Максим Артемук.
Жақсының жақсылығын айтпасқа болмайды, таяуда Максим Артемук Октябрь ауылындағы ауруханаға құны 22 млн 783 мың теңге тұратын анестезиологиялық кешенді сыйға тартты. Ауыл медицинасын дамытуға аса қажет кешеннің төсек алдына қойылатын мониторы мен жасанды жолмен демалдыратын арнайы құрылғысы бар. Октябрь ауруханасы облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықта жатыр. Сондықтан ауыр науқастарды дер кезінде облыстық ауруханаға жеткізу қиынға соғатын. Кәсіпкер сыйға тартқан аса қымбат медициналық құрылғы енді мұндай науқастарды алысқа апармай-ақ, оларға ауылдық ауруханада ота жасай беруге мүмкіндік туғызып отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, жергілікті серіктестік ауылдың денсаулық саласына көптен бері қолдау көрсетіп келеді.
– Ауылдық аурухана ғимараты осыдан 3 жыл бұрын «Железнодорожный АМФ» серіктестігінің қаржысына күрделі жөндеуден өтті. Ал 2018 жылы аталған серіктестік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 12 пәтерлі тұрғын үй салды. Бұл үйлерде қазір ауылшаруашылық саласының қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер тұрып жатыр. Көп жылдан бері УДЗ аппаратына мұқтаж болып келіп едік, Максим Федорович былтыр ауруханаға 15 млн теңге тұратын жоғары сапалы УДЗ құрылғысын тарту етті. Қазір ауыл тұрғындары УДЗ-тексеруден өту үшін бұрынғыдай қалаға сабылмайды, осы жерде қаралады, – деді Октябрь ауылдық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Марина Хорошун.
Осыдан бір-екі жыл бұрын облыс басшысының бастамасымен қолға алынған «Көркейе бер, Қостанай» арнайы жобасы бойынша Қарасу ауылында 9 үй бой көтеріп, мұғалімдер мен дәрігерлерге табыс етілген. Тұрмысқа жайлы әрі жылы бұл үйлердің біреуі «Железнодорожный» серіктестігінің қаржысына тұрғызылғанын да айта кету керек. Мұның сыртында, жергілікті серіктестік былтыр 135 млн теңге қаржыға Октябр ауылындағы кәсіби-техникалық училищенің оқу ғимаратын да күрделі жөндеуден өткізіп берді. Ал ауыл мектебінің оқу озаттары жергілікті серіктестіктен ай сайын арнайы стипендия алып отырады.